Travel
Үндістан – қарама-қайшылықтар мекені.
Бұл елде тамыр-таныс салып жұмысқа кіру, қызмет үшін таласу деген мүлдем жоқ. Ата-бабадан қалған ата-кәсіпті бүгінгімен жалғап, мәдениеті мен салт-санасын берік ұстанып отырған жаһандағы ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі – Үндістан. Астанасы – Нью-Дели. Халқы саны бойынша әлемде екінші орынды еншілейтін Үндістанға ат басын бұрған әрбір саяхатшы бұл елдің сырын ішіне бүккен тарихы мен өзгелерге ұқсамайтын ұстанымын бірден байқайды. Тарихы тым әріде жатқан әлемге әйгілі елдің экономикасы қуатты ел деп айта алмайсыз. Халықтың көптігі, жұмыс орындарының жоқтығы қара табанды кедейлердің өмірін көз алдыңызға әкеледі.
Салт-сананы сақтай білетін Үндістанның бүгінгі келбетіне қарап, көз алдыңызға әлі де орта ғасырлық өмір сүру қалпы сақталған деген көзқарас келеді. Бұл елде брахмандар, кшатриялар, вайшьялар, шудралар сынды құл иеленушіліктің 4 каста түрлері қалыптасқан. Бай мен кедей арасында алшақтық басым. Дені – кедейшілікте күн кешеді. Халықтың 30-40 пайызы тапшылықта өмір сүреді. Сондықтан нәпақа табу үшін үнділіктер түрлі қызметтерді кәсіп етеді. Мамандық деп астын сызып айтқанымызбен, Үндістан азаматтары таңның атысы, күннің батысы тер төгіп, аз-маз тиынға күнелтеді. Мұнда біздегідей емес, 12 сағаттық жұмыс кестесі бойынша жалақы төленеді.
Қоқыс - ақша. Үндістанда қолданыстан шығып қалған заттарды кәдеге жаратады, қалдықтарды қайта өңдейді. Әйелдер пластмасса теріп еңбек етсе, ер азаматтар қаңылтыр бөшкелерді түзеп, қайта жаңартады. Кір жуатын, киім үтіктейтін, құлақ шұқитын қызмет түрлері бар. Құлақ тазалау процесі – 5 рупий тұрады. 1 рупий – 4,95 тиын. Мұндай кәсіппен айналысатындар мемлекетке салық төлемейді әрі билік лицензия талап етпейді. Құлақ шұқитын құралдарды шеберлер өз қолымен жасап алады. Бір қызығы, жергілікті кәсіпті меңгергендер медицина қызметкерлерінің өзі мұндай қызмет түрін ұсына алмайды деген пікірді алға тартады.
Тағы бір мамандық – кір жуушылар. Мұндай қызметтің пайда болғанына 100 жылдан асып барады. Кір жуу атадан-балаға дейін жалғасып кете береді. Тазалануға әкелінген кір киімдерді тастан-тасқа ұрып, суға салып, өзен жағасында кептіреді. Мұндай қызметті көбіне ер азаматтар атқарады. Дайын болған киімдерді үтіктеу бөліміне жөнелтеді. Тапсырыстың көп бөлігі жергілікті тұрғындардан емес, мектеп, аурухана мен қонақ үйлерден түседі.
Тұрмыстың төмендігінен болар көптеген аудандарында электр жоқ. Сондықтан тісті емдеу, жұлу жұмыстары қолмен атқарыла беріледі. Ауыз шаятын жерлердің жоқтығы, гигиеналық талаптардың сақталмауына жергілікті халықтың еті үйреніп кеткен. Көшенің қақ ортасында шаш алып, құлақ шұқиды. Бері қарай беттесеңіз, нан тағамдарын саудалап тұра береді. Тазалықтың сақталмауы қалыпты жағдайға айналған. Ең сорақысы, Үндістанда кіші дәретті қайта өңдеп, тазарту процестерін жүргізіп, ауыз су ретінде пайдаланады. Бағасы төмен. Халыққа тиімді деп саналады. Алайда мұндай әрекеттер өркениетті қоғамға қайшы келетіні хақ.
Үндістанда туризм жақсы жолға қойылған. Бір жылда бұл елге 5 миллионнан астам турист табан тірейді деген деректер бар. Данқты Тәж-Махал, Амритсардағы алтын сарайлар мен қасиетті мешіт-мұнаралар сырттан келетіндерді өзіне тартады. Мұнан бөлек үнділер дәстүрі арқылы қаржы табудың жолын тапқан. Айталық, мәйітті жерлеу мен оны өртеу рәсіміне арналған орынды туристерге көрсетіп, ақшасын қағып алады. Туристер жиі аяқ басатын Ганг өзені әлемдегі ең лас өзеннің бірі саналады. Санитарлық талаптың сақталмауынан жылына 3,5 миллион адам көз жұмады. Қиыр асып келгендерді бірден байқайтын жергілікті жұрт балаларды ізіне салып, сұрағанын алдыртады. Себебі жұмыссыздық белең алған.
Үндістанда 1 329 356 004 халық тұрады. Балалары білім алуға аса асыға қоймайды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, халықтың 25%-ы – сауатсыз. Әйелдердің – 45%-ы, ерлердің 75%-ы хат тани алады.
Көшелері тар, иық тірескен халық көп. Орталық базар маңында көшені қақ жарып бара жатқан сиырларды кездестіресіз. Арба сүйреген, бір бұрышта қоқыс тазалап отырған халықты көру қиын емес. Жан басының жылма-жыл көбеюінен болар, Үндістанда бала тууға шектеу қойылған. Әр отбасы екі бала иеленуге құқылы, үшінші балаға бір мың доллар көлемінде айыппұл төлейді.
Қимыл-қозғалысты реттеу мүмкін емес. Бұл елде автобустардың екі түрі жүреді. Сырты қызыл бояумен боялған автобустар мемлекеттікі, ал сырты көк бояулы автобустар жеке меншікке қарайды. Бірақ бағасы бірдей. Сондай-ақ дәстүрлі таксилері "рикша" немесе "тук-тук" қызмет етеді. Жол ережесі сақталмайды. Бағдаршам болғанымен, жүргізушілер мұны елемейді. Дегенмен, жол көлік оқиғалары аз кездеседі. Үндістанға сапары түскен қазақстандық саяхатшы Қайыржан Макин көлік-қозғалысына қатысты мынадай ой келтіреді.
– Газбен жүретін болған соң ба, жолақысы арзан, егер міне қалсаңыз, есеп таблосына қарап төлейсіз. Тротуар көп жерлерде жоқ, сондықтан кей кездерде қоқыс төгілген жерлермен жүруге де тура келеді. Үндістанның заңы бойынша жол қозғалысы бізге керісінше, көліктер жолдың сол жағымен жүреді. Сондықтан көшелерден жаяу өткенде алдымен оң жағыңызға қарап алыңыз, содан кейін солды байқайсыз, – дейді жазбасында.
Үндістан – қарама-қайшылықтар мекені. Бай мен кедейлерге арналған аймақтардың арнайы бөлінуі, ауқаттылардың жергілікті базарға аяқ баспай, бөлек ортада тыныстауы бұл елдің бүгінін бейнелейді. Кедейшілікте күй кешіп, аузы аққа тимесе де, үнді халқы билікті кінәламайды. Өмір сүру философиясы бөлек. Мұнда халыққа билік көмек беруі керек деген түсінік жоқ. Себебі олардың ұғымында осы өмірінде төмен қызмет көрсетсе, о дүниеде жайлы өмір сүреміз деген қағида бар.
Үндістан халқының 80 пайызы – вегетариан. Өйткені біздегідей ет жей беруге қалта көтермейді. Тіпті саудагерлерге ет тағамдарын сатуға салық салынады. Еттен жасалған тағам бағасының жоғары болуы да үнділіктерді осындай саясатқа алып келген. Жергілікті жұрт көбіне күріштен жасалған, түрлі дәмдеуіштер қосылған нан тағамдарын тұтынады.
Үндістанда өркениет жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, Банголор, Мумбай қалаларында заманауи өмір сүретін халықтар көп. Жұмыс көзі жоқ болса да, үнділіктер Мумбайды болашағы бар қала деп санайды. Дәл осы Мумбайда әйгілі Болливуд бар. Жылына мыңға жуық кино-сериалдарды таспалайтын режиссерлердің қиялында шек жоқ. Әртүрлі тақырыпты арқау ететін кинолар қомақты қаржы көзін құрап отыр.
Қиындық құрсауынан әлі де шыға алмай келе жатқан Үндістанның жарқын болашағы бар деп айтуға болады. Әйткенмен, санада сақталған, дәстүрде мойындалған құндылықтар мен кедейшілікте күн кешіп отырған халық өмірі Үндістан туралы осындай көзқарас қалыптастырады.