Bugin
Фото: pixabay
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында ит төрт жасар балаға шабуыл жасап, оның шап аймағынан тістеп алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Балаға шабуыл жасаған ит оны ауыр жарақаттаған. Дәрігерлер баланың шап аймағының жыртылуы және жамбас сүйегінің жарақаты деген диагноз қойды. Жәбірленушіге ота жасалып, ауруханада жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, балаға күрделі ота жасалып, мамандардың бақылауында. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп отыр. Ал полицейлер ит иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2 бабы "Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Оған 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Белгілі болғандай, бала балабақшадан кейін ойын алаңында серуендеп жүрген, сол кезде көршісінің иті оған шабуыл жасаған. Итке екпе алған, бірақ чип салынбаған.