Bugin
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Қосымша құн салығының 12%-тен 16%-ке дейін ұлғаюының инфляцияға әсері шамалы. Бір жылда инфляция ең көп дегенде 0,8 процент тармаққа көтеріледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер Қуантыровтан қосымша құн салығының өсуі тауар бағасына қалай әсер ететінін сұрады.
"Біздің есептеулеріміз бойынша инфляция бір жылда максимум 0,8 процент тармаққа көтеріледі. Содан кейін оған экономика үйренеді. Келесі жылдан мұндай әсер болмайды", деп жауап берді ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, құн салығын көтерудегі мақсат – бюджет кірістерін толықтыру.
"Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат түседі. Осы ақша тікелей әлеуметтік және басқа да маңызды шығыстарға жұмсалады", - дейді министр.
Сондай-ақ Қуантыров Қазақстандағы қосымша құн салығы Ресеймен салыстырғанда төмен екенін айтты.
"Бізде бәсекелестік Ресейге қарағанда төмен. Ресейдің экономикасы біздің экономикамен салыстырғанда сегіз есе үлкен. Әрине, олардан бәсекелестік бойынша қысым бар. Олар 20% (қосымша құн салығы) төлейді, бірақ Қазақстанға экспорт жасағанда соны қайтарып алады. Өздеріңіз білесіздер, біздің азық-түлік дүкендерінде Ресейден әкелетін тауарлар көп. Біздің экспорттаушыларға, импорттаушыларға осындай қысым болып жатыр. Жалпы бағаға ондай үлкен әсер болмайды", - деді Қуантыров.