ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхаммеджан
Қазақстандағы KFC мейрамханалар желісі - сұранысқа ие тамақтанатын орындардың бірі. Алайда ел ішінде "бұл мекеме өнімдері "халал" ма, жоқ па?" деген даулы сұрақ бар. Осыған орай bugin.kz тілшісі аталған тамақтану орнының "халал" сертификатын алған-алмағаны туралы сұрастырған еді.
"Келісімшарт қайта жасалмады"
Алғашқы болып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал өнімдерін стандарттау бөлімімен хабарласқан едік. Мәлімет бойынша, екі мекеме арасындағы келісімшарт қайта жасалмаған.
"2018 жылдың 12 желтоқсанында KFC ресторандар желісіне берілген "ҚМДБ халал" сертификаты қайтарып алған. Бұған "ҚМДБ халал стандарты" талаптарының сақталмауы себеп болды. Қазіргі таңда "Халал Даму" мен The Caspian International Restaurants Company KFC мекемесі арасында сертификаттауға қатысты қайта келісімшарт жасалмады. Бірақ көпшілік суретке түсіріп, "халал" сертификаты бар деген секілді хабарламаларды жиі жолдайды. Бұл KFC өніміндегі қаптамадағы "ҚМДБ халал" таңбасы халал сертификатын қайта алғанын білдірмейді. Нақты мұны компания өкілдерінен сұрасаңыздар дұрыс", - делінген хабарламада.
"Өнім сапасына мән береміз"
Алайда KFC мейрамханаларының желісі бұл ақпаратпен келіспейтінін айтты. Олардың айтуынша, KFC мейрамханалары тек қана халал өнімдермен жұмыс істейді.
" KFC Қазақстандағы мейрамханалар желісі 2018 жылдың 11 желтоқсанынан бастап "Қазақстанның Халал Индустриясы Қауымдастығы" ЗТБ Халал сертификаттау жөніндегі Халықаралық органмен келісімшарт жасасты. Мерзімі 2023 жылдың желтоқсанына дейін берілді. Сертификатымызды да көрсете аламыз. Біз өнімдеріміздің сапасына қатты мән береміз. Сол үшін де тұтынушыларымызға қорықпай келуге шақырамыз", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ мекеме басшылығы KFC Қазақстан мейрамханалар желісі қандай компаниялармен жұмыс істейтінін айтып өтті.
"Біз өнімдерді "Белая птица" (Ресей), "Смолевич бройлер" (Беларусь) құс фабрикалары, сондай-ақ ірі отандық тауық өнімдерін өндірушілер — УКПФ және "Курочка Ряба" (Қазақстан) өнімдерінен сатып аламыз", - делінген ақпаратта.
Аталмыш мекемеге "халал" сертификатын берген ұйымның толық атауы - "Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығы". Бұл ұйым 2005 жылы ҚМДБ рұқсатымен құрылған. Астана қаласында орналасқан бұл ұйыммен байланысқа шыға алмадық. Әзірге мемлекет тарапынан рұқсат берілген не жекеменшік ұйым екені анықталмады.