Bugin
Фото: Bugin.kz
Бүгін ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан шоқтығы биік жазушылардың туған күні. 28 қыркүйек қазақ әдебиетінің алып тұлғалары Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей және Шерхан Мұртаза дүниеге келген.
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов туғанына 126 жыл, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына 91 жыл, ал қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі, Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толып отыр.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов - қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткерi, филология ғылымдарының тұңғыш докторы, еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi.
Ол Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Аяққараған деген жерде дуниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған соң, атасы Әуездiң тәрбиесiнде болады. Ол болашақ жазушының сауатын ашып, әдебиетке деген қызығушылығын оятады.
Алғашында ауыл мектебiнде оқып, кейiн 1908 жылы Семейдегi Камалиддин хазiрет медресесiнде оқиды. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс-қазақ училищесiне оқуға түседі.
Семейде "Алаш жастары" одағын құрады. 1924-1925 жылдары Семей қаласындағы мұғалiмдер техникумында оқытушы болып жұмыс iстеп жүрiп "Таң" журналын шығарады.
Мұхтар Әуезов алғашқы жазушылық қадамын драматургия жанрынан бастаған. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесi болып сайланады. "Қыр суреттерi", "Үйлену", "Оқыған азамат", "Жетiм", "Заман еркесi" әңгiмелерi, "Еңлiк-Кебек", "Хан Кене", "Түнгi сарын", "Қарагөз", "Бәйбiше-тоқал" т.б атты пьесалардың авторы.
Әуезовтың қаламынан туған "Абай жолы" роман-эпопеясы әлем әдебиетiнiң таңдаулы туындыларының бiрi.
М.Әуезов 1961 жылы жиырма жетiншi маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болады.
Шерхан Мұртаза - жазушы, қоғам қайраткері, журналист, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
"Лениншіл жас" газетінің, "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болып, еңбек жлолын бастаған.
"Жазушы" баспасының, "Жалын" альманахының, "Жұлдыз" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болады.
1989–1992 жж. "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы, 1992–1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары "Табылған теңіз" (1963), "Белгісіз солдаттың баласы" (1969), "Ахметжанның анты" (1973), "Мылтықсыз майдан" (1977) повестері, "41-жылғы келіншек" (1972), "Интернат наны" (1974) әңгімелері, "Қара маржан" (1977), бес кітаптан тұратын "Қызыл жебе", "Ай мен Айша" (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, "Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда" (К.Смаиловпен бірге) (1998), "Бір кем дүние" (2008) кітаптары жарық көрген.
Жазушы 2018 жылы 8 қазанда Алматы қаласында қайтыс болған.
Оралхан Бөкей - Жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды.
1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының "Коммунизм туы" ("Дидар") газетінде әдеби қызметкер болды.
Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық "Лениншіл жастың" шақыруы бойынша Алматыға келеді. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның қосқан үлесі өлшеусіз.
1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей "Жұлдыз" журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетнде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.
Оралхан Бөкей Үндістан астанасы Делиде, 1993 жылы 17 мамыр күні көз жұмды.