Экономика

Қаржы сауаттылығын арттыру: Балаңыз ақша жұмсай ала ма?

Кез келген адам ақша таба алады. Алайда, ақшаны басқаруға келгенде табыстылардың өзі орта жолда ойланады. Себебі қаржылық сауаттылық аяқтан шалады. Бұл - дәлелденген тұжырым. Экономистер мен сарапшылардың жыл сайынғы зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды. Демек, ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқ, нақтысы, қаржылық сауатсыздығымыз басым

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде қаржы сауаттылығын арттыру және оны дамыту үшін бойынша мемлекет тарапынан бірнеше шаралар мен бағдарламалар қарастырылған. Тек ел аумағында ғана емес, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып түрлі тәжірибелер жасау арқылы, әр аймақ, қалаларда семинар-тренингтер жүргізілді әлі жүргізіліп келеді. Себебі, Ұлттық банк пен мемлекет талап еткендей, халықтың қаржы сауаттылығын арттыру күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе екенін жақсы біледі.

2020 жылға арналған «Бизнес жол картасы» бағдарламасы аясында да бұл мәселе қарастырылып отыр. Шағын және орта кәсіпті дамыту ғана емес, соны жүзеге асыру үшін қандай шаралар жасалу керектігі басты назарда.

Кіріс көзін әркім әрқалай әкеледі. Ай сайын қалтаға түсетін жалақы, уақытылы келетін зейнетақы мен жәрдемақы, кәсіптен түскен қаржы қандай да болмасын, табыс түсірімін белгілейді. Ал, оны тиімді жұмсау әр адамның өзіне тіреледі. Десе де, қазақстандықтардың дені ақшаны жаратудың жолында жаңылысады, себебі есептілік жүргізбейді. Есеп жүрмеген жерде кіріс пен шығыстың арасы білінбейді. Сол себептен де соңғы кезде баланы ерте кезден бизнеске бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігі ашық айтылып келеді.

ОТБАСЫЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ ЖОҚТЫҒЫ

Ақша - еңбектің өлшемі. Мүмкін қателесерміз, бірақ қазіргі уақытта ақша барлық мәселені шешеді. Білім алу, несие жабу, қарыз қайтару, құнды зат алу үшін де қомақты қаржы қажет. Ай сайын алақанға тиетін ақшаның қайда кететінін есептеп отыру шығынды азайтып, кірісті көбейтуге жол ашады. Алайда, отбасылық бюджеттің жоқтығынан жалақының келесі айға дейін жетпей қалатыны рас. Мұндайда қарыз алып күнелтудің жолын іздейміз. Бұл әлі де болса отбасылық бюджетті бекітуге немқұрайлы қарай­тындығымыздың көрінісі. Себепті сырттан іздеудің қажеті шамалы. Әрине, қазір тауардың бағасы біркелкі емес, нарық құбылмалы деген қайтарма жауаптың болатынын білеміз. Алайда, қаржы әлемін зерттеп жүрген сарапшы-журналист Ербол Азанбек "отбасылық бюджеттің жоқтығы табысы қомақты отбасылардың өзін табысқа жетелей алмайды" дейді.

- Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Артық ақшамызды жинауға тырыспаймыз. Көбейту жолдарын білмейміз. Тағы бір әттегенайы, қазақтар жиі шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары қаржылық сауаттылығы төмен өңірлер қатарында. Ақша проблемасы бір күнде пайда болатын нәрсе емес, ұзақ жылдардың жемісі. Әрі бір мезетте шешіле салмайды. Бірінші, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімін көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу - мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады,-дейді Ербол Азанбек.

Отбасылық бюджеттің сақталмауы үйдегі балалардың да біліміне әсер етеді. Мектепке баратын оқушылардың ақшаны дұрыс жұмсай алмауы, қажетсіз затқа қаржы шығындау, қолдағы ақшаның есебін білмеу баланың болашақта ақшаны басқаруға қауқарсыз етеді. Әсіресе, бүгінгідей заманын түлкі болып тұрғанда тазы болудың қамын жасау кезек күттірмейді. Бұл үшін баланы ерте жастан кәсіпке, ақшаны жұмсай білудің жолдарына баулу керек. Мұны жас кәсіпкер Бекұлан Сағындық та құптап отыр.

"Біздің экономика сауда-саттықтан тұрады. Қазіргі уақытта алып-сатуды жақсы меңгерсең, кәсіпте біраз жерге баруыңа болады. Өйткені біздің мемлекет әлі де жас. Нарық бос жатыр. Бәсеке көп. Бірақ бізде өндіріс аз, қызмет көрсету саласы, тамақ өндірісі ширамай жатыр. Оны игеру үшін баланы ерте жастан саудаға үйрету керек. Себебі уақыттың талабы осы".

Қаржы нарығында отбасылық бюджет ұғымына түрлі мысалдар мен анықтамалар беріледі. Ең бастысы, келіп түскен табысты жаратудың жолдары мен артылған қаржыны тиімді жұмсау есепке алынады.

КӘСІПТІ МЕКТЕПТЕ ҮЙРЕНУ

Баланы бизнеске бейімдеуде бірнеше жылдан бері "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Кәсіпкерлік негіздері" пәнін енгізуді көтерді. Қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін пәнді ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамасқа амалы жоқ еді. Нәтижесінде жаңа оқу жылы­нан бастап еліміздің барлық мектептеріне факультатив ретінде оқытылуда. Әзірге пән ретінде енгізіле қоймады. Мақсат - оқушыларға кәсіпкерлік ұғымына түсінік беріліп, алғашқы капиталды жинау тәсілдері, кәсіпкерліктің алғышарттарын үйрету.

Бастапқыда пилоттық режимде қолға алынған сабақ бүгінде аймақ­тардың жоғары сынып оқушы­ла­рына оқытылып келеді. Мәселен, Қызылордада мектеп ұстаздарын пән аясында әдістемелік даярлау мақсатында №9 мектеп-гимназия­сының базасында оқыту семинар­лары, біліктілікті арттыруға арналған курстар, бизнес-идеялар жәр­меңкесі, ше­берлік сағаттары өткізілген. Нәти­жесінде аймақта "Кәсіпкерлік негіздері" пәні 35 мектепке енгізілген. Мұны жақында Кәсіпкерлер палатасы директо­рының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орын­басары Ерлан Молды­раимов мәлімдеді.

- №9 мектеп-гимназиясы жаңа бағдарлама аясындағы шараларды бастап кетті. Жаңа бағдарлама аясында оқушыларға Ұлттық кәсіп­керлер палатасымен пилот­тық негізде әзірленген "Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері" атты кітапты тара­тып бердік. Оқулықта эконо­мика, бизнес саласындағы термин­дер, компания құруға дайындық, биз­нес-жоспар құрудың негізгі кезең­дері сынды материалдар қамтыл­ған,- дейді Ерлан Молды­раимов.

Ерлан Молдыраимов айтқан оқулықты біз де көріп шықтық. 93 беттік оқу­лық­та кәсіпкерлік қадамдардың алғаш­қы әліппесі қамтылған. Әрине, тақы­рып­тар арасында аудармалар берілгені де байқалады. Бизнес бағытындағы материалдарды топтастыру енді қолға алын­ғандықтан аудармалардың ауық-ауық кө­рініс алатыны шындық. Ендігі мәселе, оқыту сапасы. Кімдер сабақ беріп жатыр? Балалар сабақты қалай қабылдап жатыр?

Сауалға жауап іздеуде №9 мектеп-гим­назиясының мұғалімі Сәуле Шайхсламовамен тілдестік. Ол бірнеше жылдан бері бизнес бағытында білімін жетілдіріп, оқу пәнін жүргізеді. Айтуынша, баланы бизнеске бағыттау үшін мектеп ішінен "Ата­мекен" мектеп компаниясы құрылған.

- Сабақ аптасына 1 рет оқытылады. Оқушылар өздері ойлап тапқан жобалары мен қолөнер бұйымдарының өзіндік құны мен оны нарықтағы бағасын, табыс пен шығынның арасын есептейді. Әрине, балаларға тұтас кәсіп ашуды үй­рету мақсат емес, алғашқы түсінікті, бизнес жоспардың элементтерін енгізуді мақсат етеміз,- дейді С.Құрманбекқызы.

Кезінде оқушыларға кәсіп үйретудің жолдарын үйрету үшін ауыл-ауылды аралап, ауыл жастарын кәсіпкерлермен жүз­дестіру жолында жоба жүргізген, сарапшы маман Жасұлан Серіков балаға кәсіп туралы үйрету үшін тек теоретиктер тартылмауы керек, бизнестің биігіне шыққан кәсіпкерлерді шақыру керек дейді.

Қазір мектеп жасындағы оқушының қолына ақша беріп, бақыласаңыз, бала ақшаны басқара алмай, өзіне не қажет екенін білмей қалады. Демек, ақшаны игерудің жолдарын үйренбеген. Сол себепті де оқушыларды күнделікті өмір тіршілігіне ерте араластырып, нақты қаржылық жоспар құруды, кіріс-шы­ғыс­тарды жазып жүру керек. Бір кездері жастарға қаржылық сауаттылық, отбасылық бюджет туралы дәрістер оқыдым. Ой түйе келе, ата-аналар үйінде балаларына ақшаны басқару жолдарын үйретпейді, мектепте де айтылмай келді. Міне, мұның арты қаржылық сауатсыздыққа алып келеді.

Бизнесмен болу басты талап емес. Оқушылардың қабілетіне қарай кәсіпке икемдеу, ақшаны басқаруға үйрету мектеп мұғалімдерінің мақсаты. Еті тірі, бизнеске бейімі барлап жолын тауып, жоғары оқу орындарында кәсіп ашса, өзін-өзі жұмыспен қамти алғаны.

ӘЛЕМДІК ПРАКТИКАДА ҚАЛАЙ?

Қаржылық сауаттылық әлем елдерінде бұрыннан бар. Жеке бизнесін ашуға мотивация беретін сабақты әр мемлекет әртүрлі үйретеді.

Ұлыбритания.Британ билігі 2008 жылы елдегі дағдарыстың салдарынан шығу үшін оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруді қолға алады. Бастапқыда факультативте оқытылса, кейіннен жалпы пән ретінде оқытыла бастаған. Баста­уыш сыныптарда жеке қаржы және оның жұмсалу жолдары айтылады. Ал, жоғары сынып оқушыларына несие, ақша жинау жолдары үйретіледі.

Чехия.Еуропалықтар, әсіресе чехиялықтар балаға келген табыс пен шығыстың арасын түсіндіреді. Тіпті қарапайым оқушылар коммуналдық төлемдер, азық-түлік, киім-кешекке жұмсалатын ақшаны басқара алады. Бұл үшін қаржы және бизнес саласында тәжірибесі бар сарапшылар шақырылады.

АҚШ.Елдің қаржы министрлігі "Money as you grow" атты арнайы жоба жасаған. 3-5, 6-10, 11-13, 14-18, 18-ден жоғары жас ерекшеліктеріне сай бөлінеді. Мұндай топтар үшін қаржылық сауаттылық курстары оқытылады. Елдегі әрбір штаттар мектептерде қаржылық сауаттылық туралы оқу курстарының материалдарын әртүрлі оқытады. Бірқатар мектептерде бұл жалпы математика пәнінде оқытылса, ендігі бір оқу ошақтарында арнайы оқу курсы ретінде беріледі. Пайыздарды есептеу, инфляция, салық төлемдерін есептеу жолдары айтылады.

Жапония.2007 жылдан бастап күншығыс елі қаржылық сауаттылық пәнін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытады. Бұл үшін Білім, мәдениет, спорт, ғылым министрліктері бірлесе қимылдайды. Мұнда арнайы білімі бар ұстаздар мен қаржы әлемінде табысқа жеткен мамандар сабақ береді. Бала 6-7 жастан бастап қаржы туралы түсінігі қалыптасып, әрбір тауардың құ­нын білуге үйретеді. Ал, 8-9 жасында ба­лалар жеке жоспарларын құрып, ақшаны тиімді жұмсаудың жолын үйренеді. 10-11 жасында жапон балалары депозит ашудың жолдарын үйренеді. 12-14 жасында оқушыларға үй бюджетін бекіту, кірістерге мән берілсе, 15-17 жастағы оқу­шылар ұзақ мерзімді жоспар әзір­лейді.

Жасұлан СЕРІКОВ, сарапшы:

 - Израиль Үкі­меті бизнесте та­быс­қа жеткен кә­сіп­кер­лерді мектепке шақырып, оқушыларды кәсіп­керлікке үйретеді. Бұл оқу курсын оқып келген  мұғалімнен әлде­қайда нәтижеге жақындайды. Өмірде белеске жеткен бизнесменнің өмір жолы, кәсіп ашудағы кедер­гілері мен қадамдарын оқушылар меңгереді. Ал, бізде білім саласында бюрократия басым. Табысты кәсіпкер мектепке, не жоғары оқу орнына сабақ беру үшін оның арнайы педагогикалық білімі болуы керек. Кейде тәжірибелі маманның дәрісі әлдеқайда тиімді. Меніңше, біздің елде кәсібін жол­ға қойған кә­сіпкерлерді шақырып, дәрісін алса, кез келген кәсіпкер оқушылармен кездесуден қашпайды. Мұны жергілікті білім басқармалары реттеу керек. Баланы бизнеске қызықтыру үшін ол өнер­кәсіп­тің ортасында, іскерлік алаңда сабақ ұйымдастырылу керек.

Қазір «Үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағидадан арылатын кезең келді. Жалдамалы жұмысшы боламын деген түсініктен арылып, өзімнің шағын кәсі­бімді ашып, жұмыс орнын ашамын деп мақсат ету керек. Бұл үшін баланың фундаменталды білімі болуы тиіс. Ол үшін қаржылық сауаттылық қажет.

Қасиет Аманкелді, 10-сынып оқушысы:

- Мен мектепте "Кәсіпкерлік негіздері" пәнін оқып келемін. Қазіргі уақытта керек пән. Себебі өзім қатарлы көп оқушылар келешекте қандай маман боларын білмей жүр. Қай салаға барсақ та, қаржылық сауаттылық қажет. Сабақ барысында ойша жеке компания құрып, оны басқарудың тәсілдерін үйренудеміз. Компания жұмысын табысты ету үшін әрбіріміз идея қосып, сабақты қызықты өтеміз. Бүгіннің өзінде бизнес туралы түсінігіміз қалыптасып келеді. Болашақта кәсіп ашуды армандаймын. Алған білімім жеке кәсіп ашуыма бағыт береді.

P.S. Баланы кәсіпке бейімдеу бүгін айтылған мәселе емес. Хакім Абай да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі де баланы ерте жастан кәсіп етіп, тірлік етуге шақырды. Ал, белгілі бизнесмен Роберт Кийосакий "Богатый папа, бед­ный папа" атты кітабында «Менен жұрт: "Бизнесті нөлден қалай бастауға болады?", "Жылдам байып кету үшін не іс­теу керек" деп көп сұрайды. Мен оларға "Қаржылық сауаттарыңды арттырыңдар» деп кеңес беремін. Зәулім ғимарат салу үшін де алдымен оның іргетасын мықтап құю керек, сол сияқты байлықтың орнықты болу үшін кісінің қаржылық сауаты болуы тиіс.

Сөз басында сөйлеткен статистиканы тағы да еске сала кетейік. Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды. Демек, мәселеге мән беретін уақыт жетті.