ТӘРБИЕ

"Саусақты сықырлатпа": Қазақ ырым-тыйымдарының шығу тегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Әрбір қазақ баласы жастайынан үйінің үлкендерінен, ата-әжесінен "нан қиқымын шашпа", "қолды жуған соң сілкіме", "таңғы асты тастама" сынды ырым-тыйымдарды естіп өседі. Дегенмен өзі бір тыйымның түпкі себебін білсе, енді бірінің мағынасына терең бойлай алмауы әбден мүмкін. Шығыстанушы Санжар Керімбайдың "Салт-дәстүр сөйлейді" атты кітабында дәл осы мәселенің шешімі бар. Автор баршамызға танымал ырым-тыйым, әдет-ғұрыптардың артында не жатқанын аңыз-әпсаналармен, діни оқиғалармен байланыстырып түсіндіреді. Bugin.kz порталы аталған кітаптан бірнеше тыйымның шығу тегін ұсынады.

Нан қиқымын шашпа

Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға:

– Уа, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. "Алмақтың да салмағы бар" деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! - дейді. Алла оған:

– Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның  қиқымы  шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, - дейді. 

"Нан қиқымын теріп же, бай боласың" деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі. 

Саусақты сықырлатпа

Ібілістің әке-шешесі Әбілет пен Тәбілет құлшылық кезінде таңдайын қағып, оғаш дыбыс шығарады екен. Ал тәспі тартқанда саусақтарын сықырлатады екен. Ұлық Алла оларды жаман әдетінен қанша тыйса да, олар жалғастыра беріпті.  Осының кесірінен Әбілет пен Тәбілет Тәңірдің теріс назарына ілініпті. Осыған орай, қазақтар балаларын "Таңдайыңды тартпа, саусағыңды сықырлатпа, ол – шайтанға тартқан тәпсің. "Бағың байланады, бақытың қайтады" деп тыйып отыратын болыпты. 

Қолды жуған соң сілкіме

Бірде Ғайса пайғамбар жолаушылап келе жатып Ібілісті көреді. Ібіліс ізіне жүздеген ұрпағын ертіп алып, сап болып кетіп бара жатыр екен. Ғайса: 

–  Әй, Ібіліс, мынаның барлығы балаларың ба? – деп сұрайды.

–  Иә, балаларым. 

– Не деген көп! Қалай өсіп, көбейгенсіңдер? – деп таңғалады. Сонда Ібіліс: 

Кей адамдар қолын жуғанда сілкілейді. Сілкілегенде шашыраған әр тамшыдан менің балаларым пайда болады. Адам қолын жуғанда "сүлгімен сүртпей сілкісе екен" деп тілеп тұрамын, - депті.

Ібілістің жауабын естігенде Ғайсаның жүрегі дір ете қалыпты. Содан бастап ол: "Жуған қолды сілкімеңдер", - деп үгіт-насихат етіпті.

Таңғы асты тастама

Бірде Жақып пайғамбар таңертең жолға шықпақ болады. Бәйбіше: 

– Мына таңғы асты ішіп кет, шайды дайындап қойдым, - дейді. Жақып:

– Жолдан қаламын, - дейді де, бұрылмай кете барады. 

Жолда келе жатса, алдынан жылап кездеседі. Жақып оңға қарай жүрсе, ол оң жаққа, солға қарай жүрсе, жылан да солға қарай жүреді екен. Бір кезде Жақып қамшысын алып: 

– Мен пайғамбармын ғой, неғып жолымды бөгейсің?  - деп жыланды осып жібереді. Жылан ініне қашып тығылады. Жақып ары қарай жүре бергенде, атының аяғы бір тесікке тығылып, өзі аттан құлап түседі. Қараса, атының алдыңғы аяғы сынып кеткен екен. Жақып атын жетектеп, кейін қарай үйге қайтады. Бәйбішесі алдынан шығып: 

– Не болды? – деп сұрайды. Жақып:

– Атымның аяғы қайырылды, - дейді.

– Мен біліп едім. Таңертең ықыласымды ескермедің. Сен үшін ерте тұрып ас дайындап едім. Дәмнің киесі ұрған ғой, - дейді.

Осыдан бастап қазақ арасында "Таңғы асты тастама, кешкі асты бақпа", "Таңғы ас Тәңірден", "Таңғы аста несібе көп" деген түсініктер тараған деседі.

Салт-дәстүр, ырым-тыйым – ғасырлар бойы қазақ мәдениетінің мызғымас діңгегі болы келді. Имандылық, әдептілік, тазалық сияқты асыл қасиеттер бірінші осындай тәлімі мол халқымыздың даналығынан дарыса, екінші дініміздің көркемдігінен сіңген болуы керек. Ғасырлар өтсе де, бұл асыл мұра ұмытылмақ емес. 

Бекзат Мекен