Bugin

Сарыағаштық депутатты бір топ адам үйінің алдында соққыға жыққан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Сарыағаш ауданында жергілікті депутат Руслан Насировты бір топ ер адам соққыға жығып кеткен, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Оқиға халық қалаулысының үйінің алдында, балаларының көзінше болған көрінеді.

Депутат өзін ұрып-соққандардың кім екенін танимын деп отыр. Айтуынша, бұл депутаттық мандатымен тікелей байланысты. Себебі Руслан Насиров Құркелес ауылдық округінде жайлы мектеп пен стадион салу үшін бос жатқан жердің мемлекет балансына өтуі үшін депутат ретінде атсалысқан екен. Бұдан өзге фельдшерлік-амбулаториялық пункт салу үшін жер телімінің мемлекет меншігіне өтуіне араша түсіпті. Алайда оның бұл белсенділігі әлдекімдерге жақпай қалған көрінеді.

"Мен оларды танимын. Олардың бірі бұрын біздің ауылда би болған кісінің інісі. Ауылда 3 гектар 70 соттық жерді стадион салу үшін мемлекет балансына алдырғанбыз. Ал олар жерді өздері ешбір құжатсыз қоршап алған. Сосын мектеп үшін жер керек болды. Бос жатқан жер еді. Бұдан өзге ауылда фельдшерлік-амбулаториялық пункт (ФАП) қажеттілігі туындады. Ақсақалдардың өтінішімен мен белсенділік етіп, жер телімін тауып, халық болып ФАП салдық. Бұл жер де әлгі адамдар иелік етуге ниеттеніп отырған жер телімі екен. Содан "Неге менің рұқсатымсыз мемлекет меншігіне бергізесің?" деп менің тарапыма "негатив" басталды. Шыны керек, ол жерлерді мен өзімнің меншігіме алған жоқпын, халық үшін жасалынған тірлік. Сол мектепте бүкіл ауылдың балалары оқиды", - деді депутат.

Халық қалаулысы қазанның 6-сынан 7-сіне қараған түні соққыға жығылған. Айтуынша, түнгі уақытта тойдан үйіне оралған. Үйге кірген соң бірнеше ер адам үйінің алдына келіп, депутатты сыртқа шақырған. Ол сыртқы қақпаның алдына шыққан бойда бірнеше адам жабыла кеткен. Бұл сәт үй алдындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.