Bugin

Ақтауда оқушылар мұғалімге Грузияға жолдама әперген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Ақтаудағы №7 мектеп-лицейде білім алатын оқушылардың ата-аналары ақша жинау проблемасына шағымданды, деп хабарлады  Bugin.kz порталы  Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтау тұрғыны Анжелика Мельниктің баласы екінші сыныпта оқиды. Оның айтуынша, ата-аналар комитеті сынып жетекшісіне ақша жинап, Грузияға жолдама әперген.

"Мен ешқашан сыныпқа қажетті нәрсеге ақша беруден бас тартқан емеспін, бірақ бәрінің ақылға қонымды шегі бар. Өз сөзімді растау үшін ата-аналардың бірі былтыр біз жинаған ақшаға ешкімге ескертпестен сынып жетекшісіне Грузияға жолдама әпергенін айтқан дауыстық аудионы көрсете аламын", - дейді Анжелика Мельник.

 

Ол ата-аналар комитетінің әрекетіне наразылық білдіремін деп, жағымсыз адамға айналып шыға келгенін атап өтті.

"Ал менің баламның бағасы күрт төмендеп кетті", - дейді Анжелика Мельник.

Мұғалімнің Грузияға жолдама алғанын Шолпан есімді ата-ана растап отыр.

"Өткен жылы мұғалімдер күніне сынып жетекшісіне Грузияға жолдама берілді. Біз бұл туралы қыста ата-аналар комитеті ақшаның таусылғанын айтқан кезде ғана білдік. Бастапқыда сыныптың қажеттіліктеріне: су мен дәретхана қағазына тапсырамыз деп айтылды. Бірақ ешкіммен кеңеспей, мұғалімге қымбат сыйлық жасаған", - дейді ол.

Шолпанның айтуынша, ол ақша беруден бас тартып, сынып жетекшісінен ата-аналар комитетін тыныштандыруды бірнеше рет сұраған.

№7 мектеп-лицейінің директоры Гүлден Иманғалиева ешқандай ақша жиналмағанын және сыйлық ретінде мұғалім шетелге жолдама алмағанын айтады. Сынып жетекшісі де бұл ақпаратты жоққа шығарған.