Саясат

Адамзат тарихындағы ең қатігез «концлагерь»

Өлім фабрикасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ХХ ғасыр адам баласына қатігезділікпен, Екінші дүниежүзілік соғыспен және нацисттік тоталитаризмнің қанды қылмыстарымен есте қалды. Нацизмдік қара пиғылдың ең бір «жарқын» көрінісі – Польша территориясындағы Освенцим қаласының маңында орналасқан өлім фабрикасы «Аушвиц-Биркенау» туралы адам шошырлық фактілерді тізіп көрдік:

– Освенцим, адамзат тарихындағы бейбіт адамдарды жаппай қырып жоюдың орны болды.

Немістік лагерлерді құрудағы басты мақсат, ол бейқам тұтқындардың құлдық еңбектерін максималды пайдаланып, тәнінде өлім күткен көзінен басқа түгі қалмаған бейшараларды физикалық жою, сөздің тіке мағынасында – өртеу. Еңбекке жарамсыздарды қатал түрде өлтірген. Жұмысқа жарамды аналарды, балалардан күштеп айырып, қара жұмысқа салған;

– «Аушвиц-Биркенау» өлім фабрикасында қаза тапқан тұтқындардың нақты саны әлі де белгісіз.

Түрлі деректер бойынша 1 миллион мен 4 миллион деп кездеседі. Тұтқындар крематорияларда жағылып, адам төзгісіз жұмыс жағдайында, суық пен аштықтан, медициналық тәжірибелерден және эпидемиялардан көз жұмған. Нюрнберг трибуналында қаралған Освенцим коменданттарының бірі Рудольф Хесс, лагерьде қаза тапқандар санын шамамен 2,5 миллионға жуық деп айтқан еді;

– Освенцимде адамдарды жаппай қырудың жаңа технологиялары тәжірибеден өткізілді.

Нацистік тәртіп үшін адамды қинап өлтіру күн тәртібінде жұмыс еді, оны жүзеге асыру ғылымның жаңа жетістіктерімен толықтай түсті. Бұл жетістіктің бір «жемісі», тандемі – «газ камерасы+крематорий». Уақыт өте оны пайдалану тәжірибесі автоматты деңгейге жетті: «жұмыстан» келгендерді келесі күнге жарамды жарамсыз деп жікке бөледі. Мүгедектер, балалар, қарт кісілерді теміржол платформасынан тікелей «шешіну» бөлмесіне жөнелткен. Расында ол жер газ камерасы еді. Тұтқындарға үстілеріндегі бүкіл киімді шешіндіріп, кезекші «дәрігердің» бұйрығы бойынша желдету арқылы бейшараларға Циклон-Б улы газы жіберілетін. Алдағы бір-екі минут өзінікін алатын. Уланған өліктерді тікелей крематорияға апарып, өртке салған. Нацисттерге пайдасы жоқ «артық ауыздарды» ұстаудың қажеті жоқ болатын;

– Өлім лагерінің тұтқындарын түрлі категориялар бойынша сараптаудан өткізген.

Тұтқындардың негізгі массасын – еврейлер құрады. Саяси тұтқындар, мемлекетке қарсы ой білдірушілер, кеңестік әскери тұтқындар, қоғамдық тыныштықты бұзушылар, полиция тарапынан тұтқындалғандар, қылмыскерлер, Иегово ілімін жалғастырушылар, гомосексуалдар сынды категориялар бойынша тұтқындар жіктеліп, сәйкес жұмыстарға желінген;

– «Аушвиц-Биркенау» медициналық тәжірибелерді адамдарға жаппай сынақтаған.

Ондағы басты мақсат ұлт ретінде жоюдың алғышарттарын қалыптастыру. Псевдомедициналық тәжірибелердің кесірі адам шошырлық еді. Мыңдаған ерлер мен әйелдер рентгендік сәулеленудің үлкен дозасын қабылдап, артынша жыныстық мүшелері жойылып кетіп жатты. Ешқандай жеңілдеткіш дәрі-дәрмексіз кастрациялар жасалып, «пациенттер» қанның көп жоғалуынан қайтыс болып жатты. Тірі қалғандардың өзі жұмысқа жарамсыз саналып, крематорийге жіберілетін;

– Лагерьдің қатал күзетшілерінің жартысы әйелдерден құралған.

Тарихшылардың пікірінше, «өлім фабрикасында» 1944 жылдың соңына қарай 3500-4000 әйел адам бақылаушы, күзетші қызметінде жұмыс істеген. Фашисттік үкімет әсіресе елдегі жас неміз қыздарын жоғарғы айлықпен, қызметтік өсіммен қамтамасыз еткен. Тарихта аты қалған, қанпезер бақылаушылардың бірі Ирма Грезе. 1943-1945 жылдағы лагерьдің әйелдер бөлімінің аға бақылаушысы қызметінде болған. Өзінің жиырма екі жасында асқан қатігезділігінің арқасында, тұтқындар оған «Сарышашты әзәзіл», «Сұлу құбыжық», «Өлім періштесі» деп лақат ат та қойған;

– Жаңа туған нәрестелер бірден ажал құшқан.

Лагерьдегі екіқабат әйелдердің тағдыры тым ауыр еді. «Босанғаннан кейін балаларды артымыздағы бөлмеген алып кетеді, айқайлаған дауысы судың сыбдырымен араласып, кейін тынышталып қалатын. Босанған әйел сыртқа шыға, есік алдында егеуқұйрықтардың сәбидің өлі денесіне таласып жатқанын көріп, кейбірі сол жерде-ақ тіл тартпай кетті жатты» – деп жазады польшалық акушер, лагерь тұтқыны болған Станислава Лещинская.

2019 жылдың 17 қантарында, Украиналық 1-ші Фронттың Освенцим лагерінің тұтқындарын босатқанына 75 жыл толды. Сол жылдардағы сұмдық күндер мен адам төзгісіз жайттардың куәсі болғандардың қатары жылдан-жылға сиреп келеді. Әлі күнге дейін кейбірінің түсіне сол қайғылы жайттардың сәттері еніп, түн ортасында шошынып оянатынын айтады.