Bugin

Жаңа Қазақстан теріс ағыммен қалай күресуі керек және өзге елдердегі тәжірибе қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

«Адаммен тату болғыңыз келсе тарих, саясат, дін тақырыбында әңгіме қозғамау керек» деген жақсы сөз бар. Бұл ұстаным қазіргі қазақ қоғамына керек-ақ. Саясатты қоя тұрайық, онымен бәрі айналыспаса да екінің бірі өз позиясын ашық айтудан тайсалмайды. Ал дін тақырыбына келгенде мәселе басқаша. Айтпағымыз - Ислам діні.

Ислам діні қазақ даласына шамамен 9 ғасыр бұрын келген. Сан жылдар дәстүрмен сабақтасқан төл діннің қазіргі таңдағы сиқы мәз емес. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап исламның көптеген түрін ұстанушылар көбеюде. Жер асты байлығы мол, аумағы кең және бар-жоғы 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл үлкен мәселе. Себебі ұлттық идеология дамымаған санада әсіредіншілдік секілді «қасиет» бірінші орынға шығып кетуі мүмкін.

Кейінгі кезде ел арасында, Мәжіліс отырысында «трендке» айналған тақырып – мектеп оқушыларының хиджаб кию мәселесі. Халық арасында резонанс тудыруға шақ қалғаннан шығар, депутаттар бірінен соң бірі мектепте орамал тағу дегенге үзілді  қарсы болды. Жаңа Қазақстанда ойын ашып айтатын «саясат саңлақтары» көбейді. Әсіресе, дін тақырыбы турасындағы Ринат Зайытовтың пікірі әлі де ел аузында. «Қылмыс жасайтындардың 80%-ы намазхандар» деген шенеунік сөзі қоғамды екіге бөлді. Мұндай сөзден соң, демократиялы елде өз еркімен оранған және сақал өсірген азаматтарға деген жұрттың көзқарасы өзгеруі әбден мүмкін. Тіпті, оларды қоғамнан шеттетіп, жаңағы 80 пайыздың ішінде деп ойлайтындар саны артқанын әлеуметтік желіден байқауға болады.

Кейде теріс ағыммен күрес жүргіземіз деп дәстүрлі ислам дініне де «Бекежанның жебесі» бағытталып кетеді. Оған қоғамда өз орны бар, аудиториясы көп кейбір тұлғалардың сауатсыз сөйлеуі әсер ететінін айтпаса да түсінікті. Күні кеше өткен Республикалық педагогтар съезінде президент бұл мәселеге бойынша пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев  Республикалық педагогтар съезінде соңғы кезде қоғамда жиі талқыланып жүрген оқушылардың мектепке орамал тағып бару мәселесіне тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, балалар мектепке білім алу үшін барады.

«Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын», - деп қысқа қайырды Тоқаев.

Әр елдің салты басқа, менталитеті бөлек. Осыған байланысты шетел жұртының орамал таққан қызға немесе сақалды жігітке деген көзқарасын анықтап көрдік. Үш ай АҚШ-та жұмыс істеген Назерке Қайратова ойын бөлісті. Айтуынша, жүз күнге жуық уақытта тек расизмді ғана байқаған.

«Ешқандай жеке сұрақтар қойылмайды. Онда адамның сырт келбеті, түр-түсі, киім киісі, жүріс-тұрысына теріс қарау, ауыр сөйлеу деген нәрсе бүгінде жоқ секілді. Жұмыс іздеген кезде ғана түсініспеушіліктер болды. Оның өзінде орамалдан емес, моңғолоидтық нәсілді болғандықтан шығар деп ойладық. Расизмді байқадым, ал  дінге, сенімге қарай қысым көрмедім», - деді ол.

Патшалық Ұлыбритания мектептерінде оқушыларға таңдау еркіндігі берілген. Оның үстіне санасы уланған, діни фанатизмге шалдыққандармен күресу методикасы өзгеше. Жан-жақты дамыған ел ғой, ауруды асқындырмай алдын алуға тырысады. Мәселен, мектепке хиджаб киіп барған оқушының орамалымен емес, жеке басындағы түйткілді іздейді. Егер әлдебіреу оны орамал тағуға мәжбүрлеген болса іс қозғалады. Ал өзі таңдаса, хош. Мәселені жанжақты қарайтыны сонша, балалар арасында гендерлік теңсіздік туындамауын да назардан тыс қалдырмайды. Ақылы толыспаған балалар, «дінді ұстану үшін қыздар орамал тағады, ұлдар тақпайды» деген секілді түсніспеушілік болмау үшін әрекет жасайды. Бұл шаруаны «Мәртебелі білім бөлімінің бас инспекторы» Аманда Спилман есімді кісі арнайы қадағалайтын көрінеді.

Bugin.kz журналисі Түркияда білім алып жатқан Балым Асанқызымен  де байланысқа шықты.

«Түркия мұсылман мемлекеті болғандықтан, ел президенті діни шеңберде басқарғандықтан біздің елдегідей орамалды қыздар мен сақалды жігіттерге көп шүйлікпейді. Әйелдердің жартысы (шамамен) орамалды. Мектепте, белгілі бір ресми орындарда қысым жоқ», - деді Балым.

Еуропа елдерінің көбі ежелден христиан дінін ұстанады. Өзге дінді мазақ ету, пайғамбарын келемеждеу ол жақта үйреншікті іс. Алайда арты ауыр қайғыға апарған жағдай болмады емес, болды. Атап айтқанда, Францияда мұндай оқиға қайталанып тұрады.

2012 жылы «Чарли Эбдо» басылымының қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Бірнеше адам қаза тапты. Бұл – терракт деп қаралды.

2020 жылы Сэмюэл Пэти есімді колледж мұғалімінің өлімі. Конфланс-Сент-Онорин қаласында болған оқиға әлемдік БАҚ-ты дүр сілкінтті. Сэмюэл шәкіртінің қолынан қаза тапқан еді.

Осы екі оқиғаны ғана жазуымыздың себебі жоқ емес. Екеуінде де Ислам дінін мазақ қылу мақсатында карикатура қолданған. «Чарли Эбдо» апталық басылымы мұсылмандардың шамына тиетін жасанды суреттерді үздіксіз басып шығарса, Сэмюэл Пэти студенттеріне пайғамбардың карикатурасын көрсетіп, дәріс оқыған.

Дін – үлкен тақырып. Оның тереңіне үңілу білім мен тәжірибені талап етеді. Ешбір дін өзге адамға, басқа дін өкіліне қастандық жасауды насихаттамайды. Тек сала-салаға бөлінген кейбір теріс ағымнан мұндай бассыздықты байқауға болады. Қоғамын сыйлайтын әрбір адам кез келген мәселеде салқынқандылық танытқаны абзал.