Bugin

Медиасауатты болу маңызы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ашық дереккөз

Кіріспе

Әлемді жайлаған пандемиямен бірге инфодемия да өрши түсті. Әр аймақта карантинге жабылған бұқара алыс-жақын туыстарымен ақпарат құралдары арқылы ғана байланыса алды. Осы тұста ақпараттар легі толассыз шығып жатты. Ақпардың тексерістен өтпей, жылдам әрі еш қиындықсыз таралатын ортасы әлеуметтік желілер болды.

Ақпаратқа аш адамдар жаңалықтардың ақиқат-жалғандығын ажыратар күйде болмады. Ақпарат ағыны адамдардың не болса соған сеніп, негізсіз әрекеттер жасауына жеткізді. Олардың рухани және материалды жағдайына кері әсер ете бастады.

Аталған мәселелерден соң медиасауаттылық ұғымының маңызы бұрынғыдан артты. Жалған ақпаратқа сенудің салдары қиын жағдайларға әкеп соғатындықтан, бүгінде әрбір адамның медиасауатты болуы аса маңызды.

Негізгі бөлім

«Медиа» сөзі ағылшын тілінен енген. Ол «бұқаралық ақпарат құралдары» деген мағынаны береді. Телевизия, радио, газет және интернет секілді ұғымдардың жиынтығын білдіреді. “Media” сөзі — латынның “medium” сөзінің көпше түрі (Маршалл Маклюэн). Бұқаралық ақпарат көздерінен бөлек «субстанция» деген мағынасы бар. Интернет көптеген адамдар үшін негізгі бұқаралық ақпарат және коммуникация құралы болғандықтан, интернет те медиаға жатады.

Жаңа медиа терминін ХХ ғасырдың соңында интерактивті-электронды басылымдарға қарата қолданыла бастады. Дәстүрлі медиадан айырмашылығы — контент өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы коммуникацияның жаңа формасы. Аталмыш термин цифрлік, желілік технологиялық, коммуникациялық даму үдерісін білдіреді. Ең алдымен, цифрлік технологиялар. Бұл тенденция қоғамның компьютерленуімен байланысты. Компьютер мен интернеттің дамуымен бірге соңғы 25 жылда медиа да қарыштап дамыды.

Жаңа медиа – бұқаралық ақпарат құралдарының ары қарай өмір сүруінің жаңа форматы. Цифрлік құрылғыларда әрдайым қолжетімді болуын, сонымен қатар қолданушылардың ақпаратты дайындап және ары қарай таратуға белсенді қатысуын білдіреді (Рассел Нойман).

Соңғы жылдары Қазақстанда дәстүрлі БАҚтан қарағанда интернет пен әлеуметтік желілер тұтыну жағынан ғана емес, әлеуметтік және өзге де проблемаларды шешуде үлкен рөл атқарып отыр. Десек те біршама проблемалардың бастауы боп отырған да осы интернет желісіндегі фейк, манипуляция мен “айқайлаған” кликбейттер.

Медианы манипуляция құралы ретінде пайдалану мемлекеттік құрылым мен азаматтар үшін қауіпті. Манипуляция – адамдарды белгілі бір мүдде үшін әрекет етуге немесе әрекетсіздікке мәжбүрлеу мақсатында адамдардың санасы мен іс-әрекетін жасырын басқару. Манипуляция ұғымының теріс тұсы басым. Манипуляция кез келген уақытта, кез келген қоғамда болған.

Қазіргі кезде кей жағдайларда қоғамдық сананы арбау қандай да бір БАҚ-тың негізгі функциясы болып жүр. БАҚ саяси манипуляцияның негізгі құралы бола алады. Себебі, оның бұқаралық санаға ықпал етуге әлеуеті шексіз.

БАҚ жасап берген көркем шынайылық манипуляция негізі болуы мүмкін. Мысал үшін, КСРО уақытында БАҚ партияның үгіт-насихат құралы болды. Газет беттері, ТВ экрандары, радио эфирі шынайы өмірден басқа «шынайылықты» қолдан құрастырды. Қазіргі заманда медиада «балама шынайылықты» жасау арқылы расымен болып жатқан жағдайды өзгертуге болады. Мысалы, саяси бәсекелестікте тапсырыспен жазылған материалдың салдары біршама мәселе туғызуы мүмкін.

Ақпараттың күн өте қолжетімдірек болып келе жатқанына қарамастан, БАҚ өз аудиториясына жеткізетін ақпаратты жақсылап сүзгіден өткізеді. БАҚ-та талқыланған мәселеге, оқиғаға басымдық беріледі. Мысалы, биліктің тапсырмасын орындап отырған БАҚ билікке қарсы бойкөтерулерге, қарсылықтарға мән бермейді, көпшілікке көрсетпейді. Немесе аудитория оппозиция туралы жағымсыз ой қалыптастыратындай етіп береді.

Батыстық медиа «2017 жылы сәуірдің басында Асад Хан-Шейхунде хи миялық қару қолданды» деп жазса, ресейлік БАҚ «Асадтың авиациялық күштерінің соққысынан оппозицияның химиялық қарулар сақталған қоймалары бұзылды» деген мазмұнда хабар таратты. Мұнда БАҚ сөз тіркестерін құбылту арқылы әртүрлі хабар таратқан.

Фактіні, болған оқиғаны көре білу керек. Факт пен пікірдің ара-жігін түсіндірмесін беру арқылы ажыратып алу керек.

Факт (лат. factum — болған нәрсе) — растығы қатаң бекітілген пайым формасындағы дерек.

Пікір — фактілерге деген эмоционалды реакцияға құрылған, толықтай объективтілікке жету мүмкін емес тақырып туралы көзқарас, мәлімдеме.

Факт болса, растығын дәлелдеуді қажет етпейтін, көпшілікке белгілі, сенуге тұрарлық тұжырым. Адам санасы фактіге кезіккенде еш ойланбай, фактіні еш күмәнсіз қабылдай алады.

БАҚ-тың манипуляциялық мүмкіндіктеріне фактілерді түсіндіру, комментарий жасау қажеттілігі де кіреді. Мұнда журналистің әлеуметтік жауапкершілігінің деңгейіне көп нәрсе байланысты. Фактіні қандай контекстте жазды, қалай пайдаланды, неге ерекше тоқталды, нені бұғып қалды, қандай баға берді.

Факт пен пікірді ажырата алмаған жағдайда берілген ақпарат фейкке айналады. Фейк ақпараттар індет пайда болғанға дейін болды. Тек карантин кезінде фейк ақпараттар өрши түсті. Фейк – көп жағдайда қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты трафик жинау немесе қоғамдық қозғалыс, белгілі тұлға, саяси науқан және т.б. беделін түсіру мақсатымен жаппай онлайн тарату үшін ойдан құрастырылатын жалған жаңалық (Factcheck.kz). 

Журналистер тарататын қауесетке де фейктің бүкіл белгілері тән, тек оны нақты журналист жасайды және бастапқыда БАҚ арқылы тарайды.

Журналистік материалдарды, көпшілік алдындағы мәлімдемелер мен қоғамдық нарративтердегі ақиқатты фейктен, манипуляциядан ажырату үшін журналистика форматын төртке бөлуге болады.

Фактчек (ағыл. fact check). Медиасауатты болудың ажырамас бөлігі – фактчекинг жасау. Фактчекинг – тұлғалар мəлімдемесі мен медиаматериалдарда айтылған нақты тұжырымдардың рас-өтірігін тексеретін журналистика форматы. Фактчек бүгінге дейін медиасарапшылар, журналистер секілді мамандарға білу міндеттелген болса, бүгінде қарапайым адамдарға да фактчекті білу артық етпейді. Әсіресе инфодемия жағдайында ақпарат тұтынушы бұқара беріліп жатқан хабар-ошарға міндетті түрде фактчекинг жасау керек.

Фактчек форматы тек нақты тұжырымдарға қатысты ғана жүреді, ал қоғамдық нарративтер оған жатпауы мүмкін, өйткені онда нақты мәліметтер болмайды. Ол үшін басқа бір формат – дебанкинг бар…(Factcheck.kz)

Дебанкинг (ағыл. debunking —сейілту ) – қоғамда қалыптасқан нарративтерді тексеретін және олардың рас-өтірігін дәлелдейтін журналистика форматы. Бұл формат нақты деректер мен мәліметтерден гөрі миф концепциясымен көбірек жұмыс істейді. Фактчек пен дебанкингтің жұмыс тәсілдері ортақ болуы мүмкін, олардың ең басты айырмашылығы – зерттеу нысанында.

Әлеуметтік мифтерді тамырымен жою үшін манипуляция жасау технологиясы адамдардың санасына ықпал етудің көптеген тәсілдерін қолданады. Негізгі тәсілі – ақпаратты басқару.

Уәделерді қадағалау (ағыл. promise tracking) ел алдындағы тұлғалардың берген уәдесі мен олардың орындалуын қадағалаумен айналысады.

Төртінші формат та дебанкинг пен фактчекке ұқсайды, өйткені ол да қалыптасқан нарративтермен және пікірлермен жұмыс істейді, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар.

Үгіт-насихат деконструкциясы (ағыл. propaganda deconstruction) – медиадағы үгіт-насихат бағытындағы нарративтер мен белгілі тұлғалардың мәлімдемелерінің мән-маңызын ашып, олардың қоғамдық санаға ықпалын түсіндіреді. Бұл форматтың ерекшелігі – түсіндіруінде. Осылайша, факті, пікір және мағына деген трихотомияға қол жеткіземіз, ал шынайы журналистиканы төрт форматқа бөлеміз. Бірақ журналистика аталған төрт форматпен шектелмейді, себебі болашақта жаңа форматтар пайда болуы әбден мүмкін.

Қорытынды

Медиа және ақпараттық сауаттылықты арттыру үшін БАҚ-пен жұмыс жасау ерекшеліктерін, ақпарат кімнің қолында, оның манипуляция құралына айналу алгоритмін болжай білу керек.

Қазақстанның Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңына сәйкес, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек интернет ресурстарда да БАҚ-қа теңестірілген және олар Заң алдында БАҚ ретінде жауапқа тартылуы мүмкін. ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» заңы бойынша бұқаралық ақпарат құралына – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны жатады».

Медиасауатты болу дегеніміз – қабылдап жатқан ақпараттардың ақиқаттығына көз жеткізе отырып өзгелермен бөлісе алу. Кері жағдайда жалған хабарға сенген адам оны жақындарына таратып, бір топтың, ұжымның, тіпті одан да ауқымдырақ қоғам бөлігінің алдануына жеткізуі мүмкін.

Медиасауаттылық негіздерін меңгеру — қажеттілік. Жекелеген адам ғана емес, қоғам түгелдей меңгеруі тиіс дағды. Медиасауатты адамдар ақпараттың ақиқатына жетіп қана қоймай, медиа алаңында өз құқықтарын қорғай алады.

Әдебиеттер

  1. Иманқұлов М. “Медиа ақпараттық сауаттылық” ресурстық кітабы, 2018
  2. А.А.Калмыков, Л.А.Коханова Интернет-журналистика, 2005
  3. С.В.Цукасов Эффективностт прессы: журналист, редакция, читатель, 1986.
  4. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Бұқаралық ақпарат құралдары туралы N 451 Заңы.
  5. Комаровский В. С. Государственная Служба и СМИ., 2003
  6. Маршалл Маклюэн “Понимание медиа”, 1964
  7. Жақып Б. Публицистика негіздері, 2018
  8. Никифоров А. Л. Факт // Новая философская энциклопедия, 2010

Электронды ресурстар
1. https://factcheck.kz/kaz/basty-bet1/zhurnalistikanyn-formaty-retindegi-faktchektin-teoriyalyk-negizdemesi/


БАККУМБЕК ЖАРКЫНАЙ