ТӘРБИЕ

"Аяқ-қолын керіп байлаған": Қазақтың ауыр жаза түрлері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/Томирис Мұхамеджан

Қазақ халқы ертеден ұрлық жасап, елін сатқан опасыздар мен сатқындарға арнайы ауыр жаза қолданған. Біріміз білсек, біріміз білмейтін ескірген жаза түрлерін Bugin.kz порталы ұсынады. 

1. Керегеге керу. Бұл - тәртіптік, құқықтық жазаның бұрынғы заманда көп қолданылған түрі. Қазір бұл жаза қолданылмайды. Керегеге керу немесе керегеге таңылу - өліммен тең ауыр жаза. Би-ақсақалдар шешімі бойынша, іздеушілері мен туыс-туғандары келгенше киіз үйдің керегесіне ұрлық, зина жасағандар мен елдің шырқын бұзған сотқарлардың аяқ-қолын керіп байлайды. Оларға бірнеше күнге дейін су, тамақ берілмейді. Қылмысқа барғандар өзіне ғана емес, бүкіл ел-жұртына, руына, туған-туысқандарына да кір келтіреді. Сондықтан олар да ұрлық, зина жасаған адамдардың бетіне түкіреді, елден де қуады. Кейде мұндай тәртіпсіздерді жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолынан керіп байлап тастайды. Мұндай жазаны "қазыққа керу" дейді.

2. Көгенге түсу. Барымташыларды немесе қолға түскен ұрыларды қорлаудың, ауыр жаза тартып масқаралаудың бір түрі. Жазаланушының екі қолын артына қайырып байлап, оларды кәдімгі қой көгендегендей етіп көгендеп ұстау. Ерте кездерде бұл ел арасында жиі қолданылған. Жоғарыда айтылғандай, көгенге түскендер қара таңба басылғандай күлкіге ұшырап, ар-ұятынан айрылған қадірсіз адам деп саналған. Оларға ешқашан құрмет көрсетілмейді. Өле-өлгенше көгенге түскен деген аты ұмытылмай, кісі бетіне қарай алмай, төменшіктеп жүрген.

3. Мығау жазасы.  Мұндай жаза опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адамның аяқ-қолын байлап, ағашқа (керегеге) таңған, ал соғыс кезінде найза астына керген. Сонан соң барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағынет айтып, қарғыс жаудырған. Қарттар теріс батасын беріп, ел-жұрт оны адам қатарына қоспай, қаңғыртып жіберген. Мұндайларда отбасы болмаған. Көбінесе олар жасырынып, шын аты-жөнін, тегін айта алмаған. Әдетте жазаға ұшыраған қарабет көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерлерге кетіп, оны туған-туысқандары да іздемеген. "Қыз Жібек" жырында Төлегенді өлтіріп келген Бекежанға үш найзаның сабымен мығау жазасын қолданған.

Материал Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті” кітабынан алынды.