БІЛІМ
Фото: bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Екінші Дүниежүзілік соғыста батыр атанған қазақ азаматтары жетерлік. Ал Рейхстагқа ту тіккен адам – жалғыз. Ол - Рақымжан Қошқарбаев.
Бүгін, 19 қазан – аты тарихта қалған қаһарманымыздың туған күні. Осы ретте Bugin.kz журналисі Қошқарбаев туралы қызық деректер ұсынады.
Рахымжан Қошқарбаев Ақмола облысына қарасты Тайтөбе ауылында дүние есігін ашқан.
Төрт жасында анасы қайтыс болып, әкесі бетінен қақпай тәрбиелеген.
Әкесі 1937 жылдары репрессияға ұшырап қаза тапқан.
Жетімдер үйінде өскен ол естелігінде мекеме басшысы туралы былай жазады: "Балалар үйінің директоры Сағат Сәдуов ағай – ақ сары жүзді, мейірімді, сабырлы да салмақты, балалармен ашық-жарқын сөйлескенде екі бетінің ұшы қызара қалатын сымбатты адам".
Соғыс алғаш басталғанда майданға өз еркімен барғысы келсе де, 16 жастағы жігітті жібермеген. 20 жасында кіші лейтенант шенін алып, Шығыс майданға аттанады.
Қошқарбаев "Үшінші Беларусь" майданында шайқасты және Берлинге бірінші шабуыл жасаған сарбаздардың қатарында болды.
Батыр естелігінде өзін үш әкесі бардай сезінетінін жазған: "Мен бұрын үш әкем бардай сезінетінмін. Оның біріншісі – туған әкем Қошқарбай, екіншісі – Тайтөбе балалар үйінің директоры Сағат Сәдуов, үшіншісі батальон командирі Алексей Семенович Твердохлеб деуші едім. Ұрысу-зекіруден үйретері көп, қашан да өзін батальонның бар жауынгерінің қамқоршысы санайтын майор Твердохлебтің орны мен үшін бөлек болатын".
"Патша алаңына" жеткен соң, "Рейхстагқа Қызыл Туды тігу" туралы бұйрық алады.
1945 жылдың сәуірінде қатардағы жауынгер Булатовпен бірлесіп, Рейхстагқа ту тігеді. Бұл туралы: "- Гриша, шық менің иығыма, ана бір терезенің жоғарғы жағындағы кетікті көріп тұрсың ба? Жалауды сол жерге бекіт! – дедім де, ағаш сапқа оралған қызыл матаны Булатовқа ұсындым.
Булатов ала бойлы, талдырмаш қана жігіт. Шамасы салмағы да онша ауыр болмаса керек. Қабырғаға жабыса тұрған менің иығыма ырғып шықты.
- Жалауды ілдім, жолдас лейтенант! – деп жерге қарғып түсті.
Ол небары 19-ақ жастағы балаң жігіт", - деп жазады ол кітабында.
Бір қызығы, неміс снайпері сол туды атып түсірген деген дерек бар. Ал ту тігіп жатқаны туралы әйгілі сурет 2 мамырда түсірілген.
МӘУЛЕН ЖЕКСЕНБІ
Естеліктер Р.Қошқарбаевтың "Жеңіс жалауы" кітабынан алынды