МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Ертеде неке қиған соң әр салт кезек-кезек орындалған. Қазір біз ұмыта бастаған ғұрыптар да баршылық. Мәселен "Мойын тастар", "Төсек салар" сынды тіркесті екінің бірі біле бермейді. Bugin.kz порталы осындай ғұрыптар жайында толық ақпарат ұсынады.
Мойын тастар
Ертеде қалыңдық ақ отауға өз еркімен бармаған. Оны жеңгелері кілемге отырғызып, көтеріп апарған. Ішке алдымен қалыңдық, содан кейін күйеу жігіт босағаны табалдырықтан оң аяқпен аттап кірген соң, осы аяғымен сол жақ қапталды тепкен.
Бұл күйеуі үйге келгенде бірінші тепкен әйелінің соңынан жүрсін деген себеппен жасалынған. Үйге кіргеннен кейін күйеу жігіт пен қалыңдық бір-бірінің аяғын басуға әрекеттенген. Ырым бойынша, кімнің аяғын кім басса, үйде сол қожа болады деп сенген.
Сол күні отаужабарға аталған қой сойылып, пісірілген еті жиналған қыз-келіншек, күйеу жігіттің серіктері мен қалыңдықтың жеңгелерінің алдына тартылған. Күйеу жігітке қойдың мойын омыртқасы берілген. Ол оны шала мүжіп, сүйегін ақ матаға орап, төмен қарап отырған күйі шаңырақтан сыртқа лақтыратын болған. Мұны мойын тастар деп атаған.
Бұл үйдің түтіні түзу шықсын дегенді білдірген. Егер мойынды бір атқаннан тастай алмаса, үстінен тағы да орап, мүлт кеткен сайын жаңа мата орауға мәжбүр болған. Тасталған сүйекке сыртта тұрған ауылдың бозбаласы мен бойдақ жігіттері таласып, қайсысы іліп кетсе, келесі жолы соның тойы болады деп ырымдаған.
Төсек салар
Некелері қиылған соң күйеу жігіт пен қалыңдыққа неке төсегін дайындауға кіріскен. Бұл өзіндік мәні бар іске кез келген әйелді емес, тек құрсақ көтерген, ұл-қыздары бар, жақын туыс болып келетін келіншектерді ғана араластырған. Оларға көпті көрген, бала-шағасы ер жетіп отау құрған, егде жастағы әйел жетекшілік етіп, көрпе-төсегін өзі салып беретін болған.
Неке төсегі дайын болғанда, қалыңдықтың жеңгелері күйеу жігіттен кәделерін алуға кіріскен. Төсектің көрімдігінен бөлек шымылдық байлар, төсек салар, төсекке отырар кәделерін алған. Сосын олар қалыңдықты төсекке көтеріп апаруын талап ететін болған. Күйеу жігіт ер кісіге әйел затын көтерген жараспайды деп көнбей қойған соң, қолында күші бар әйелдердің бірі қайын сіңлісін өзі көтеріп төсекке жатқызған. Бұл үшін ол қыз көтерер кәдесін иемденген.
Осы кезде әйелдердің бірі көрпенің бір бұрышын көтеріп, көрпе қимылдатар кәдесін сұраған. Ең соңында қыздың артына жеңгелерінің бірі жайғасып, арқа жатар кәдесін бермегенінше кетпей жатып алатын болған.
Ералы Оспанұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан алынды.