Bugin
Фото: atamuraweb.kz
Төл кәсібі мал шаруашылығы болған қазақ халқы егін егудің де қыр-сырын меңгерген. Оған ел аузында қалған, осы кәсіпке байланысты айтылған нақылдар дәлел. Bugin.kz порталы қазіргі таңда қолданыстан шыққан егіншілікке қатысты сөздердің мағынасын ұсынады.
Борық
Астықты сабанынан арылтып болған соң, топанымен қосып, қырманның ортасына үйеді. Мұны "борық" дейді. Диқандар желдің қалыпты шыққан бір сәтті күні қырман сыпырып, борық ұшырады. Жел борықтың топаңы мен шаң-тозаңын әкетіп, дәнін қалдырады. Мұны "қызыл" деп атайды.
Қазақ диқандарының ежелгі нанымы бойынша, желдің иесі болады. "Жел иесі – Мырқайлар, қара тұман бұлтты айдар" деседі олар. Қазақ диқандары қырман сыпырып, дәнді желмен тазартқанда, жел иесі "майдаға" сыйынады:
Желдеп, майда!
Желдеп, майда!..
Топанын сен айда,
Дәні маған пайда! – деп жел шақырған.
Атақты этногроф Ә.Диваев Сырдария алқабындағы қазақ егіншілері жел иесін "Жалаңаш ата" деп атап, қырман сапырғанда сол "Жалаңаш атаға" сыйынады екен. Біздің бала кезімізде диқандар жел шақырғанда "Қабай, Қабай" деп айғайлап тұратыны есімде. Осыған қарағанда, әр жердің диқаны жел иесін өзінше шақыратын болса керек.
Қызылдау
Астықты борықтан арылтып, ауырынан жеңілдеткен соң, қайта бір рет ұшырып, майқан салады. Майқан дегеніміз – жеңіл сыпыртқы. Ол қызылдың бетіндегі шарды, әртүрлі шөп-шаламды іріктеп, нақ қызыл дәнді сұрыптап, тазартуға қолданылады.
Қырман сапыру жұмысы көбінде ағаш күрекпен орындалады. Қызылданған астық қапталып, іріктеліп болған соң қалған "шар" деп аталатын үгітілмей немесе жартылай үгітілген бидай бастарын, қайтадан қырманға жайып, үстінен шаңтас жүргізеді.
Аз болса бір атты мініп, бар атты жетектеп, ат тұяғымен үгітеді. Осындай қарбалас жұмыс қырман аяғы үзілгенше істеледі. Сондықтан диқандар: "Егінді салуын әркім салады, алуын ердің ері алады", - деп қарайды.
Астықты қызылдау кезінде бір мал сойып, оның қанын қырмандағы қызылға шашады. Мұны "қызылды қандау" деп атайды.
Ералы Оспанұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан алынды.