МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Бала – халық генофондындағы ең құнды қазына. Кез келген мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы бірінші орында тұрады. Дүниеге келген барлық сәби ата-анасының құшағында алаңсыз, бақытты өмір сүруге құқылы. Әрбір бала бейбіт заманда білім алып, денсаулығын күтуге, тұлға болып қалыптасу мүмкіндігіне ие. Мемлекеттердегі саяси жағдайға байланысты түрлі соғыстар мен қақтығыстардың кесірінен мүгедек болған, тіпті көз жұмған балалар көп. Bugin.kz порталы осы тақырыпта аналитикалық-сараптамалық мақала дайындады.
Екінші дүниежүзілік соғыс. Деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес Одағының 27 миллионға жуық азаматының өмірін қиған. Оның 10 миллионға жуығы – әскерилер, ал қалғаны – қарттар, әйелдер мен балалар. Бірақ бұл соғыста қанша баланың қаза болғаны туралы нақты статистикалық дерек жоқ. Кейбір зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, соғыс кезінде 600 мың мен 1 миллионның арасында балалар көз жұмған. Соғыс мыңдаған баланың тағдырын аяқ асты етіп, жарқын да қуанышты балалық шағынан айырды. Қаншама сәби дүниеге келе салып көз жұмса, талай тағдыр жарық дүниенің есігін ашпай о дүниеге аттанды. Балалық шағы сұрапыл кезеңмен тұспа-тұс келген соғыс перзенттері қолдарынан келгенше жеңіс күнін жақындатты. Тылда еңбек етіп, соғыста жүрген азаматтарға азық-түлік жіберді. Осылайша олар бақытты балалық шағын тылдағы жұмыспен алмастырып, ерте есейді. Көптеген жеткіншек өз жасына жас қосып, соғысқа аттанған. Жастайынан қолына қару алып, жаумен бетпе-бет келген.
Ауғанстандағы соғыс. Ауғанстан - балалар үшін әлемдегі ең қауіпті жердің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымы дерегіне сәйкес, Ауғанстанда кейінгі 20 жылда қайтыс болған және мүгедек болған балалардың саны 32 945 - ке жеткен. Орта есеппен әрбір бес сағат сайын бір бала қайтыс болады.
Save the Children ұйымының дерегіне сәйкес, қақтығыстар балаға ең көп әсер ететін 10 елді анықтаған. Олар: Ауғанстан, Йемен, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Сирия, Ирак, Мали, Нигерия және Сомали.
Ресей-Украина соғысы. БҰҰ растаған мәліметтерге сәйкес, Украинадағы соғыс 501 баланың өмірін қиды. 2022 жылдың 24 ақпаны мен 2023 жылдың 15 ақпаны аралығында Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың зерттеуі украиндық балалар арасында 1 441 құрбанды тіркеді: 487 бала қаза болды және 954-і жараланды. Қаза болғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Соңғы деректерге сүйенсек, соңғы 20 айда соғыстан көз жұмған балалардың саны - 554.
ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэтрин Рассел: "Украинадағы балалар бір жыл қорқынышты бастан кешірді. Миллиондаған бала суық төсекте үрейлі күйде жатады және сұрапыл соғыстың аяқталуын тілеп оянады”, - деген. Қаншама жас жеткіншек көз жұмып, жарақат алды. Талайы ата-ана, бауырларынан айырылып, жетім қалды. Баспаналары мен білім алатын мектептері қирап, балалардың даму процесіне айтарлықтай зиян келді. Қираған инфрақұрылым салдарынан көптеген отбасы баспанаға мұқтаж. Мәліметтерге сүйенсек, елдегі 3,3 миллионға жуық бала шұғыл гуманитарлық көмекке зәру. ЮНИСЕФ-тің бағалауы бойынша, 16 миллион адам таза суға қол жеткізе алмай отыр.
Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс. Ағымдағы жылдың 7 қазанында Хамас Израильге зымыранмен соққы жасап, елге жүздеген әскери кірді. 8 қазандаға деректерге сүйенсек, 800 адам қаза тауып, 2400 адам жараланған. Израиль Хамастың әрекетіне жауап ретінде Газа секторына шабуылды бастады. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің 30 қазандағы хабарламасына сүйенсек, 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар саны 8000 адамға жеткен, оның 3360-ы балалар. Бұл - кейінгі 20 айда Украинадағы соғыста көз жұмған балалардың санынан 5 есе көп.
Газа секторында шала туылған 130 палестиналық бала инкубаторда өлім мен өмір арасында күресіп жатыр. Палестинаның денсаулық сақтау министрлігіне 1600 жоғалған адам туралы хат келіп түскен. Оның ішінде 1000-ы бала. Олар қираған ғимараттардың астында қалып, хабарсыз кеткен. Жоғалғандар мен қайтыс болғандардың саны күн сайын өсіп жатыр.
Save the Children ұйымының мәліметінше, қарулы қақтығыстардан 2022 жылы әлемнің 24 елінде 2985 бала қайтыс болса, 2021 жылы - 2515 бала, 2020 жылы - әлемнің 22 елінде 2674 бала мерт болған.