Bugin
Фото: © Sputnik / Павел Лисицын
Адам етін жеу – тыйым салынған әрекеттердің бірі. Апатқа ұшыраған кеме яки ұшақта тірі қалған кей адамдар мерт болғандардың мәйітін жегенін айтады. Тіршілік үшін күресте шарасыздықтан жасалған бұл әрекет үшін адам өмір бойы өзін кешірмей қиналады. Одан әрі қиналғандықтан тіпті өзіне қол жұмсап, өмір сүре алмаған жандар да жетерлік. Bugin.kz ежелгі замандағы адамдар арасындағы каннибализм туралы сөз қозғайды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағанбетов "Казахстанская правда" басылымына берген сұхбатында ежелгі үңгірлердің құпиясы туралы сөз қозғайды. Тың деректері мен қызықты фактілерді ортаға салған профессор ерте замандағы каннибализм туралы да айта кетті.
«...Қараүңгір үңгірінде екі адамға тиесілі адам тістері, қызыл зат қалдықтары және қабықтан жасалған зергерлік бұйымдар назар аудартады. Осы құбылыстарды бірге қарастыратын болсақ, Қараүңгір үңгірінде адам тістерінің пайда болуына байланысты қандай да бір ғұрып (мүмкін жерлеу) бар деп болжауға болады", - деп, Түркістан облысы, Түлкібас ауданында орналасқан үңгірдегі жұмбақтың басын ашады.
Әлбетте бұл қалдықтар өз қойнауына терең сырды жасырғаны даусыз. Жәкен Қожахметұлы жағдаяттың жұмбағын шешуге тырысып, бірнеше нұсқа ұсынды.
"Бірнеше гипотеза бар. Біріншіден, Қараүңгір үңгірінде біртұтас қаңқа емес, жекелеген бөліктері жерленген қарабайыр адам. Бұл жағдайда бас сүйектер қандайда бір жағдайға байланысты бөлек жерленген. Мысалы, мұндай ғұрып Месопотамияда кездеседі. Онда Ярым-Тепе және Тел Арпачия елді мекендерінде бас сүйектер бөлек жерленгені жазылған. Қазақстанда энеолит дәуіріндегі Ботай қонысында бірнеше омыртқалы жеке бас сүйегі жерленген (зерттеуші Виктор Зайберт). Сондай-ақ каннибализмнің болғаны туралы деректер бар, кейінірек ол жануарларды құрбандыққа шалумен ауыстырылған",- деген ғалымның қорқынышты ақпараты жан түршіктіреді.
Профессор бұл деректер туралы әрі қарай сөзін былайша өрбітеді:
"Каннибализм фактілері ертерек белгілі болған. Мысалы, Қытайдағы Чжоу-Коу-тянь үңгірінде көп мөлшерде адам сүйектері мен бас сүйектерінің сынықтары табылды. Қараүңгір үңгірінен бірнеше ғана тіс табылды, бұл құбылысты көрсететін басқа материалдар бізде жоқ",- деп, деректердің жеткіліксіз екенін айтты.
Табылған дерекке біржақты қарауға болмайды. Ғалым тағы да басқа деректерді ұсынды.
"Екінші гипотеза ретінде тістердің инициация рәсімімен байланысын қарастыруға болады. Рәсім жас жігіттің бойындағы ересек адамның қасиеттерін дамытуға және нығайтуға арналған рәсімдер мен манипуляциялар циклінен тұрды. Олардың арасында Австралия мен Океания тайпалары арасында қолданылған физикалық сынақтар, тістерді, әдетте жоғарғы азу тістерді жұлу және басқа да манипуляциялар бар. Сынған тіс мұқият сақталған",- деп екінші нұсқасын мәлімдеді.
"Біздің талдауларымыз көрсеткендей, олар 20-30 жас аралығындағы әйелдерге тиесілі. Сондықтан табылған тіс ересектер тобына өту ғұрпына қатысы жоқ",- деп, профессор келесі нұсқасын ұсынуға көшті.
"Үшінші гипотеза бойынша, тісті сиқырлы рәсімдерде қолдануы немесе тұмар ретінде тағуы ықтимал. Осыған байланысты меланезиялықтардың жерлеу культі қызығушылық тудырады, бұл кезде марқұмның сүйектерінің бөліктері оларды зергерлік бұйымдар ретінде киетін туыстарына таратылды. Айтпақшы, Қараүңгірдегі тістердің біріне ілуге арналған тесік жасалған", - деп ғалым сөзін түйіндеді.