МӘДЕНИЕТ
Фото: proprikol.ru
Қой да баққан, қоймен бірге ой да баққан халқымыздың бірнеше ғасырлық өмір тәжірибесінен алған тұжырымдары, әдет, салт, ұғым- таным, наным-сенім жөніндегі үлгі, қағидалары өзінен кейінгі ұрпақтарға өшпейтін өмірлік сабақ болып қалғаны анық. Солардың бірі – түс көру және оны жору жолдары. Ата-бабаларымыз түсті көріпкел, сәуегейлерге, жорушыларға жорыту арқылы өмірдің, заманның болашағын болжап біліп отырған. Ең қызығы – жорылған түстің көпшілігі шындыққа айналған. Bugin.kz тілшісі қазақ халқының түс жоруға байланысты танымы мен түсінігіне шолу жасады.
Біздің ертегі, аңыз әңгімелерімізде, тарихи жырларымыздағы есімі белгілі адамдарымыздың алдағы оқиғаны түс арқылы аңғарып, шешім жасағаны көп айтылады. Мысалы, Шақшақ Жәнібектің түсін Абылай хан жорыған, Абылай ханның түсін Бұхар жырау жорыған, Қыз Жібектің түсі кейін айнымай келген. Жорушылар мен білікті кісілер "Түс - Алланың аяны" деген аталы сөз қалдырған.
Түс көру жақсы, бірақ оны кез келген адамға айта бермейді. Түсті жамандыққа жоруға да болмайды. "Түсті көрушіден емес, жорушыдан" деген мәтел осыны білдіреді. Түсінен қорыққандар құдайы немесе садақа береді. Жақсы түс өңіме айналсын дегендер бір күн ораза ұстайды. Дәстүр бойынша "Мынадай түс көрдім", - деп өтірік айту және оны өтірік жору қазаққа жат. Ол дінімізде үлкен күнә болса, өмірде адалдық емес.
Түс жору қасиетті Құранда да бар. Мұнда Жүсіп пайғамбардың жору ғажабы жазылған. Түс жоритын қасиетті кітаптардың ішінде кереметі де осы Жүсіп пайғамбардың қағидалары деп танылған. Төмендегі жолдарда Жүсіп пайғамбар, бұрынғы тәжірибелі молдалар мен қарттар, белгілі кісілер айтқан, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен және әдеби шығармалардан алынған жору жолдары беріліп отыр.
Түсінде қорыққан өңінде қуанады.
Түсінде күнді көргеннің мерейі үстем болады, дәулеті артады, табысқа жетеді.
Түсінде өзен көрген олжаға жолығады.
Түсінде өзеннен су ішкен құрметке бөленеді.
Түсінде өзеннен өткен қиындықтан құтылады.
Түсінде лай су көрсе, қиындыққа жолығады.
Түсінде жұлдызды көрсе, балалары бақытқа жетеді, өнегелі болады.
Түсінде қару немесе мылтық көрсе, дәулеті артып, мол табысқа кенеледі.
Түсінде асыл тас көрсе, байлыққа ие болады.
Түсінде жылан шақса, өмірде ренішті болады.
Түсінде біреуді сабаса, дұшпаны бас иеді.
Түсінде азық-түлік көрсе, тоқшылық болады.
Түсінде біреуден таяқ жесе, қайғыға жолығады.
Түсінде тағы аңдарды өлтірсе, дұшпаны жеңіледі.
Түсінде тағы аңдарға мінсе – дұшпаны күш алады.
Түсінде түйе қуса, жамандыққа жолығады.
Түсінде балық көрсе, перзентті болады.
Түсінде өлген адамды көрсе, оған дұға оқыған жөн, сақтану керек.
Түсінде ақ қоян көрсе, келер қыс қатты болады. Қара қоян көрсе, қыс жайлы болады.
Түсінде жолаушы қасқыр көрсе, жолы боладь түлкі көрсе, жолы болмайды.
Түсінде ит қапса, пәле-жалаға ұшырайды.
Түсінде ағаш тасып жүрсе, байиды.
Түсінде құс ұстап жүрсе, тұрмысқа шығады немесе үйленеді.
Түсінде шашын алдырса, кедейленеді, шашы өссе, байиды.
Түсінде күрек тісі сынса, әйелінің өмірі қате ұшырайды.
Азу тісі сынса, балаларының өміріне қауіп туып тұрғаны.
Түсінде қызыл немесе сары түсті көру, жақсылық емес, уайым, қайғы белгісі.
Түсінде қол жуса, жайсыз жағдайдан құтылады.
Түсінде арық сиыр көрсе, келеңсіз жайға кездеседі.
Түсінде тамақ ішкен дәулетке қолы жетеді.
Түсінде қой көрсе, тілектері қабыл болады.
Түсінде құрма жесе, өмір жасы ұзақ болады.
Түсінде қасқыр көрсе, дұшпаны көбейеді.
Түсінде ешкі көрсе, ренішке жолығады.
Түсінде жүзім жесе, бағы жанады, ісі оңғарылады.
Түсінде қауын жесе, досы байиды.
Түсінде доңыз көрсе, дұшпандарымен алысады, тартысады.
Түсінде ит қапса, шығынға батады.
Түсінде алма жесе, тілегіне жетеді.
Түсінде аю көрсе, кездейсоқ олжа табады.
Түсінде жақсы көрген адамды сүйсе, бақытты болады.
Түсінде ара көрсе, пайда табады.
Түсінде тісін сындырса, досы қайтыс болады.
Түсінде жылан қуса, әйелдердің арбауына ұшырайды, басы пәлеге қалады.
Түсінде түлкі көрсе, біреудің алдауына түседі.
Түсінде көк түсті киім кисе, барлық мұратына жетеді, абыройы көтеріледі.
Түсінде ақ киім киіп жүрсе, екі дүниеде де жолы ашық болады.
Түсінде қара киім киіп жүрсе, қайғыға тап болады.
Түсінде самұрық құсты көрсе, байлық, бақыт, дәулетке кенеледі, армансыз болады.
Түсінде өзі өліп қалса, өмір жасы ұзақ болады.
Түсінде қыран құсты көрсе, дәрежесі жоғарылайды.
Түсінде қаз көрсе, тамағы тоқ болады.
Түсінде арыстанға, жолбарысқа мініп жүрсе, жауын жеңеді.
Түсінде үйрек көрсе, мұқтаждықтан құтылады.
Түсінде тауық көрсе, досы мұратына жетеді.
Түсінде ақша санаса, мол дәулетке қолы жетеді.
Түсінде алтын көрсе, жақсы адамдардың, ұлықтардың шарапатына кезігеді.
Түсінде басына құс қонса, жақсы қызметке тұрады.
Түсінде қыстыгүні жасыл жайлауды көрсе, оған Алланың мейір шапағаты түседі. Жазда қар көрсе, Алланың қаһарына ұшырайды.
Түсінде арық атқа мініп жүрсе, жағдайы нашарлайды, шаруасы кейін кетеді.
Түсінде көгершін көрсе, жағдайы жақсарады.
Түсінде қараторғайды көрсе, қуанышқа кенеледі.
Түсінде тары көрсе, тілегіне жетеді.
Түсінде биік еменді көрсе, сүйікті адамына жолығады немесе хабар алады.
Түсінде гүл, бау-бақша көрсе, бақытты болады.
Түсінде қайың көрсе, жолы болады.
Түсінде от көрсе, дәулетті болады.
Түсінде өзінің ұйықтап жатқанын көрсе, жақсылыққа кезігеді.
Түсінде түс көрсе, бақытты өмір сүреді.
Түсінде аспанға көтерілсе, қызмет дәрежесі өседі.
Түсінде жаңбыр жауса, шаруашылығы оңға басады.
Түсінде қой отарын көрсе, ел алдында беделі артады.
Деректер Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының
тұрмысы мен мәдениеті” кітабынан алынды