ТӘРБИЕ

Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетінде қасиетті саналған заттар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: stylishbag.ru

Салт-дәстүрден аттамаған қазақ халқы қашанда ата-бабадан қалған тура жолды ұстанып, әдеп-ғұрпын сақтап келеді. Bugin.kz порталы  назарларыңызға халқымыз қасиетті санаған ұғымдарды ұсынады. Олар төмендегідей:

Атамекен, туған жер - әркімнің ата-бабасы, өзі туып-өскен жер. Туған жер, өскен елді кұрметтеу, оған барып тұру - азаматтық міндет. Алтын бесік деп әспеттеп айтатын жеріне келген баладан бастап ересек адамдарды туған жеріне аунатып алатын қазақтың ырымы бар. Бұл бала отаншыл болсын, үлкендердің ауру-сырқауы, шер-шемені кетсін деген ұғымнан туған.

Қара шаңырақ - ата-бабадан қалған үй. Атадан балаға қалып келе жатқан киіз үй (қыстау) қасиетті орын есебінде сақталған. Мұндай үйді күтіп, таза сақтайды.


Киелі орындар - әулиелердін, батырлар мен би, шешендердің, атақты адамдардың мекенжайлары, қабірі, мешіті. Мұндай орындарға халық әдейі барып, зиярат етеді, түнейді, тілек тілейді.


Ананың ақ сүті - адам баласы үшін қадір-қасиеті ерекше ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау - өте үлкен парыз. Аналардың "Ақ сүтім ақталды" деп марқаюы - балаларына ризалықтың белгісі. Ананы риза ету - алланы риза ету деген сөз.

Құран Кәрім - Мұхаммед пайғамбарымызға түскен қасиетті кітап. Сол сияқты хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі кітаптар саналады. Діни кітаптар таза қолмен ұсталып, таза жерге сақталады

.
Дастарқан - тағам, дәм байлығы мен берекесінің бейнесі, символы. Жомарттар мен мырзалардың, колы берекелі әйелдердің аттары осы кең дастарқанымен шыққан. Дастарқанды аттамайды, дастарқан үстінде әдепсіз сөз айтылмайды.


Қара қазан - тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.


Ошақ - қазан-ошақ деп қосарлана айтылатын киелі де иелі заттың бірі. "Ошақтың үш бұтынан бер" деген қазағымызда ізгі ақ тілек бар.


От орны - киіз үйдің ортасында ошақ құрылып, қазан асылып, от жағылатын орын. От орнын аттамайды.


Төр - әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі қасиетті орны. Үйге келген адамға "Төрге шығыңыз” деген ілтипат пен ақ ниет осыдан шыққан.

Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар деп бағаланады. Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды ерлердің қылыш, найзасы, сауыты мен дулығасы, ер-тұрманы, садағы, шоқпарлары ғасырдан ғасырға сақталатын мәңгілік мұра;


Аңшы, шебер құралдары – мергеннің мылтығы, аңшының қақпаны, үйшінің үкісі, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де қасиетті мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды және оны жоғалтпай ұстайды;

Ұлылардың қаламы – сирек кездесетін бағалы мұра ретінде мұражайға, әрі үйде сақталады;


Ұстаның көрік үйі – «халық ұғымында сақтайтын иесі, соған киесі бар деседі». Сондықтан оған жай адамдар, әйелдер кіре бермейді;


Жылқышының қара қосы – береке үйі деп халық оны жоғары бағалайды. Қыста «қара қоста» әрқашан жылқының семіз ет-майы, сорпасы мен құрт көжесі үзілмейді. Мұнда келгендер тойып жолға аттанады. Сондықтан жылқышының қара қосында қонақтар көп болады;


Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдық киелі орындар. Ондай жерге жай адамдар көп бара бермейді. Мұндай орындар барлық мемлекетте қамқорлыққа алынған;

Материал Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының

тұрмысы мен мәдениеті” кітабынан алынды

ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Қазақ ауа райын қалай болжаған?

Қазақ қыздан тараған жеті ұрпақты қалай атаған?