Bugin

Бір отбасының 8 перзенті бір күнде көз жұмған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Дмитрий Багаев

 

Ашаршылық жылдары қазақтың тарихына үлкен із қалдырды. "Қар жауды, із басылды" дегенмен санадан өшпейтін естеліктері бар. Bugin.kz оқырмандар назарына сондай естеліктің бірін ұсынады.

Райхан Шомаева 1915 жылы Әулие-Ата өңіріндегі қазіргі Байзақ ауданы Ақыртөбе ауылында дүниеге келген. Жүз жасаған кейуана естелігінен ашаршылық кезеңіндегі отбасындағы жағдай жайлы айтады.

Бұл Совет өкіметінің байлармен күрес науқанын қатал жүргізе бастаған уақыт болатын. Райхан Шомаеваның атасы - Өсер мен әкесі - Әлібайдың үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы, жүздеген сиыры болған. Екеуіне де бай-кулактар деген кінә тағылып, бір тұяқ қалдырмай малын, дүние-мүлкін тәркіледі де, өздерін абақтыға жапқан екен. Олардың артында жылап-еңіреп бала-шағасы қалды. Күн көріп отырған малдан, асырап отырған әкеден айырылған соң, олардың жағдайы күннен күнге нашарлай береді. Ішіп-жейтін азық-түлік қоры таусылып, ашаршылықтың күні көріне бастайды. Райханның әкесі Әлібай Ақыртөбе ауылындағы түрмеге қамауға алынғаннан кейін, анасы Тоғайым оған жарытып тамақ апармаса да, жағдайын біліп тұру үшін күнде барады екен.

Бірде күйеуі Тоғайымға жақында қаза болатынын айтып, балаларына қамқор бол деп тапсырады. Жұбайының көріпкелдік қасиеті бар екен. "Ұлдарының бәрі өледі, жалғыз қара қызың" қалады деп болжаған екен. Осылайша Әлібай өз-өзіне берік болуға шақырған. Ертеңінде Тоғайым қайтадан абақтыға барса, өзі айтқандай күйеуі қаза болыпты. Ақыртөбенің шетіндегі үйіне жылап-аңырап келгенде, жалғыз қызы Райхан ғана қарайып отыр, сегіз бала үйден шыға алмай аштықтан келген аурудан түгел қырылып қалға екен. 

Бейшара ана жалғыз өзі шырылдап жүріп, бойжетіп қалған қыздарынан, ер жетіп қалған ұлдарынан бір күнде айырылған соң, Райханды арқалаған күйінде үйден безілдеп шығып кетеді. Сол шыққаннан Сәмбет деген жердегі Әлібайдың қарындасының балалары тұратын елге жол тартады. "Соларға барын паналайық, тым болмаса осы қызымды аман алып қалайын" деген оймен сонда келеді.

Райханның айтуынша, анасы адуын мінезді, дене бітімі ірі, қайратты әйел болған екен. Сөйтсе, барған жерінде де халық малдан жұрдай болып, биліктің озбырлық қыспағына түсіп, ішіп-жейтін тамақ болмай аштықтың құрсауына ілініпті. Алайда өлместің күнін көріп, жарты ай солармен бірге күнелтіп жүреді де, бір күні Тоғайым қызын ағайындарына қалдырып, өзі бір тамағын асырау үшін жұмыс істеуге кетеді. 

Көп ұзамай Райханның анасы өзінің қайнысына тұрмысқа шығады. Ауылдың қариялары "бұл - бұрынғының салты, екеуің екі үйде отырасыңдар ма, одан да бір-біріңмен жалғасып күн көріңдер" деп үйлендіріп, бастарын бір шаңырақтың астына қосады. Осыдан кейін Тоғайым қызын алып кетпек болғанда, Райханды тәрбиелеп жүрген әкесінің қарындасы бермепті.

Райхан жастайынан пысық, шаруаға бейім, еті тірі қыз болған екен. Сол үйдегі апасы қыздан айрылғысы келмей, өзінің тәрбиесіне алады. Бойжеткен соң, әкесінің қарындасы Тоғайымға "сүйек жаңғыртайық" деп, өз босағасына келін етіп түсіреді. Нәметқұл есімді ер азаматқа Райхан 16 жасында тұрмысқа шығады. Содан ауылдағы кейбір ағайындар "жас қыз алды" деп, оны өкіметке жеткізіпті. Сөйтіп, жары Нәметқұлды екі жылға соттатып жібереді. Түрмеден келісімен бірден соғысқа аттанады. Екеуі бас қосып үш жыл ғана бірге өмір сүріпті. Бір жыл майданнан хат келіп тұрған. Одан кейін хат келмеген. 

"Нәметқүл өлі ме, тірі ме, белгісіз. Бүгінге дейін хабар болмаған", - дейді Райхан Шомаева естелігінде. 

"Әулиеата өңіріндегі ашаршылық – Қазақстандағы қасіреттің бір аймағы" жинағы