Bugin
Көрнекі сурет: phonoteka.org
Ашаршылық жылдары қазақтың тарихына үлкен із қалдырды. Қар жауды, із басылды. Дегенмен санадан өшпейтін естеліктер бар. Bugin.kz порталы оқырман назарына сондай естеліктің бірін ұсынады.
Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғыны Әбдібай ақсақал өз естелігінде балалық шағының ауыр болғанын айтады. Ашаршылық жайлы әкесінің аузынан естіген әңгімелерінің өзі денені тіркендіретінін жеткізеді.
"Қазір жасым тоқсанға жақындап қалды. Балаларым өсті, немерелерім жетіліп келеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары 7-8 жасар бала едім. Бүгінде өткен өмірімді жиі еске түсіремін, бәрі ойға оралады. Қызығы да, қиындығы да көп болды. Ал шындығын айтсам, біздің балалық шағымыз үнемі үрей үстінде өтті. Анда-санда әке-шешем айтып қалатын ашаршылық жайлы әңгімені естігенде жаным түршігетін. Орыстардың "Беда не одна приходит" дегені сияқты сол жылдары елде қуаңшылық болып, егін шықпай қалыпты", - дейді Әбдібай ата.
Әулие-Ата жақтан Кеңес өкіметінің өкілдері көріне қалса, ауыл адамдары жанұшыра азын-аулық бидайын, ұнын, тағы басқа да азық-түлігін жасыруға жанталасады екен. Өйткені көршілес ауылдарда өкімет уәкілдері қолдағы бар азық-түлікті тартып алып жатқанын естіген.
"Ес біле бастаған шағымда әкемнің айтқан әңгімесінің шет жағасын естігеннің өзінде зәрем ұшатын. Ауыл айналасындағы төмпешіктерді басып өтпеуімді ескертіп қояды. Бұл аштықтан өлгендерді жинап алып, көмген жерлер екен. Әбден әлсіреген елдің ашаршылықтың құрбаны болған жандарды ауылдың сыртындағы зиратқа апарып көмуге де шамасы келмеген. Қолында аз ғана мүмкіндігі бар, адамгершілігі мол, иманды жандар өкіметтің шолақ белсенділерінен жасырып, ашығып жатқан жұртқа көмек беруге әрекет жасаған екен.
Мысалы колхоздың бидай жинайтын қойма күзетшісі Секер деген кісі саптама етігінің қонышына бидайды сиғанынша тығып алып, ауылдастарына таратып отырған. Егер мұны біліп қойса, сол кездегі қатал заң бойынша, Секерді халыққа көмектескені үшін "халық жауы" деп, өлім жазасына кесер еді. Кеңестік жүйенің осындай сұрқия саясаты болған. Өміріне қауіп төнетінін білсе де, қарапайым адамның елге жаны ашып жасаған ерлігі емес пе? Секердің жанашырлығы болмағанда, бүкіл ауыл қырылып қалатындай жағдайда болыпты. Қандай зұлымдық болған десеңші... Қоймада астық бола тұра аштықтан өлейін деп жатқан адамдарға бір түйір дән де берілмепті. Соның өзінде шолақ белсенділер қора-қораны тінтіп, елдің қолда ұстап отырған бір-екі ешкісін, тіпті тауықтарына дейін тартып алып отырған", - деп еске түсіреді ол.
Өз ауылы Әулие-Ата теміржол стансасына жақын орналасқандықтан, ауылдың кейбір адамдары жан сауғалап, теміржол бойын жағалаған. Бойларында күш-қуаты барлар сол жерден жұмыс тауып, өлместің күнін көрген. Ауыр еңбекке шыдай алмай жан тәсілімін бергендер де көп болыпты. Теміржол бойында өліп қалған жандарды өкіметтің арнаулы жасағы күнде жинап, қаланың сыртына апарып, бір шұңқырға көміп тастайды екен.
Дереккөз: "Әулиеата өңіріндегі ашаршылық – Қазақстандағы қасіреттің бір аймағы" жинағы