Weekend

Жер – адамның бесігі, ешкім бесігінде мәңгі қалмай ма?

Жақсының аты өлмейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жер бетінде 7,5 млрд адам бар, барлығымыздың үйіміз бір. Үйімізде біз қалауымызды жасап, таңдауларымызға бағынып, тіршіліктің қамымен жүреміз. Өмір есігін қаққан кезден бастап, әрқайсымыз түрлі өмір этаптарынан өтеміз. Бірінші, еңбектейміз, құлай-құлай жүруді үйренеміз, жеті жасқа дейін Жерден таяқ жейміз, аяқтан нық тұрып жүреміз, орта жастан кейін таяққа сүйенеміз, қартайғанда баладай еңбектеп Жер анамызға қайтарыламыз. Жер анамыз бізге өмірге қажеттінің барлығын береді.

Тағдырымыз әу баста жазылып, пешенеміздегіні көріп, күндер өтеді. Осы бір жазылғанды өзгерткен ешкім де жоқ секілді. Төрткүл дүниенің әр бұрышында сан мыңдаған тағдыр бар. Бір-біріне ұқсайтыны бар, ұқсамайтыны бар. Ұқсамайтын себебі адам санасы жағдайды әртүрлі қабылдайды, әрқилы әрекет етеді. Оқиғалар біріне бірі физикадағы диффузия құбылысындай жалғаса береді.

Адам өмірін материалдық жағынан қарасақ, адам судан пайда болып, өз деңгейінде басқалардан саналы ойлай алу қабілетімен ажыратылады. Қоректік тізбек бойынша өсімдік – жануар – адам – экскремент –қара шірінді ретінде жерге сіңіп кетеді. Осындай қара шіріндіге айналмас бұрын адам баласы өзіне лайықты тарихы, ізгі амалдарымен ұрпағының есінде сақталады.

Адамның қалағанының барлығы оның өміріне қажет болмауы да мүмкін. Байлық, атақ-даңқ, бақыт деп танылғандар – ауыспалы, уақытша, ал ғылымға қосқан үлес мәңгілік қалады. Ғылымда көрінбейтін жіппен байланған тізбек бар секілді. Мысалы, да Винчи қазіргі ұшақтардың сызбасын құстың ұшуына қарап жасады, Можайский, Сантос-Дюмон ағайынды Райт ұшақты ойлап тапты. Коперниктің гелиоцентрлік жүйесін қолдаған Галилео Галилейлерден ғылымда шет пен шек жоқ екенін көреміз.

«Жерде мәңгі ешкім тұрақтап қалмайды,» – дейді, меніңше, бұл пікір қате. Адамдар тек өмір сүруін тоқтатады, ал артынан қалған із, амал, мұрасы қалады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мәнін түсінуге ұмтылып, салиқалы өмір сүруге талпынғаннан ұлағатты сөздер, том-том кітаптар, ұлы ерліктер, өмірде күнделікті қолданып жүрген техникаларымыз, ғылымдағы ашылулар қалған. Абайдан «Қара сөздер», Мұхтардан «Абай жолы» қалды. Бүгінде олардың қалдырған мұрасын көзмайын тауысып, зерттеп жүрген абайтанушы, мұхтартанушылар бар. Бұлардың барлығын ізденіс байланыстырады. Ізденіс, ілім, ғылым Жер бесігіміздегі өмірді қолайлырақ, мәндірек етеді. Адам тек қарын қамы мен ұйқыны ғана ойласа, онда оның жануардан айырмашлығы да қалмайды. Адам – ізденісімен, тануып-білуге деген ұмтылысымен де адам. Тарихта кейбір жануарлардың түрлері жалпылай ғана аталып қалды. Сол секілді адамның түрлері тек қана маймыл тектес адамдар деп қана қалар ма еді?!

Адам тек қана сананың биігімен бір-бірінен ерекшеленіп, өмір сүруін тоқтатса да, жүріп өткен ізін өшірмей, Жер бесігінде қалады. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткен нағыз талант Денис Теннің де есімі өзінің Жер бесігінде мәңгілікке сақталып қалады.

Тіршілікте ізі қалғаны – Жер бетінде мәңгі тұрақтап қалғаны.