Bugin
Автор: Рахим Койлыбаев, Фото CaspianLife редакциясынан алынды
Қазақстан азаматы Светлана Абу-Зурейх Orda.kz ақпараттық агенттігінің редакторына көмек сұраған видео-үндеу жолдады. Ол күйеуі Мұхаммед пен кәмелетке толмаған бес баласымен сусыз, тамақсыз, дәрі-дәрмексіз анклавта отыр. Бұл туралы bugin.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Отандасымыз палестиналық Мұхаммед Абу Зурейхке тұрмысқа шыққан. Жұп Мұхаммед Алматы медицина институтында оқып жүргенде танысқан екен. Олар 24 жыл бұрын Газаға бірге көшіп келген. Мұхаммед пен Светлананың жеті баласы бар, бесеуі олармен бірге анклавта. Перзенттерінің төртеуі кәмелетке толмаған, ең кіші баласы сегіз жаста.
Отбасы Мұхаммедтің ата-анасының үйінде тұрған. Жарылыстан кейін олардың үйінен тек қирандылар ғана қалды. Алғашқы күннен бастап отбасы БҰҰ мектебін паналайды. Олар әрқайсысы 20-дан 70 адамға дейін сыятын кеңселерге орналастырылған. Мектепте су, жарық, газ жоқ. Нан мен су үшін сегіз сағат кезекке тұру керек.
Светлана видео-үндеуінде:
"Су, тамақ, жарық, электр тогы, газ жоқ. Су алу үшін ер азаматтар мектеп сыртынан алуы керек. Олар өздеріне үлкен қауіп төндіреді, өйткені мұнда үздіксіз бомбалау болып жатыр. Олар таңғы алтыда нан алуға шығып, жеті-тоғыз сағат кезекте тұрады. Бүгін нанға үлкен төбелес болып, күйеуімнің қабырғасы сынды. Отанымызға оралуымызға көмектесіңізші. Біз өз өміріміз үшін қатты қорқамыз. Мұнда ересектер де, балалар да үлкен қауіп астында. Жарылыстар барлық жерде болып жатыр", - дейді.
Светлана мен оның үлкен қызында ғана Қазақстан азаматтығы бар, қалған балаларында Палестина төлқұжаттары бар.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлағандай, Газа секторында Қазақстан Республикасының 67 азаматы бар. Олардың отбасы мүшелерімен бірге есептегенде 100-ден астам адам болады. Кейбір қандастарымыз бен олардың отбасы мүшелері – шетел азаматтарының қолында, олардың жеке басын анықтайтын ешқандай құжаты жоқ.
Orda.kz тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінен хабарлағандай, әзірге эвакуациялау мүмкін емес.
"Мысыр тарапымен біздің азаматтарды, Палестина азаматтығын алған жақын туыстарын эвакуациялау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз Мысыр тарапынан рұқсат күтеміз", – деді.
Газа секторы жабылған кезде, билік қазақтар туралы ақпарат жинап, Мысырдың Рафах өткелін ашуын күтіп жүр.