Bugin
Фото: vitas1917.livejournal.com
Баварияның Вюрцбург қаласы. 19-ғасырдың 30-шы жылдары. Доктор Генрих Шпатц Наполеон соғыстары басталар алдында Прагадағы университетті бітіріп, Австрия армиясына әскери дәрігер ретінде кірді. Ол 1818 жылы жас әйелімен Вюрцбургте қоныстанды. Мүмкін ол қарапайым адамдардың формуласымен өмір сүре берер ме еді, егер болмысындағы бір өзгешелік болмаса... Дәрігердің жұмбаққа толы өмірі туралы Bugin.kz тілшісі материал ұсынады.
Дәрігер әл-ауқаты жақсы адам болды. Қаладағы ең белсенді дәрігер ретінде халыққа қызмет көрсетті. Кедейлерге арналған ауруханада жұмыс істеп, қайырымдылықпен айналысады. Әскери дала хирургиясы және кейбір жұқпалы ауруларды емдеу туралы әйгілі бірнеше еңбек жазады. Алайда 1831 жылы Генрих Шпатц күтпеген жерден мүлкін сатып, Прага университетінің шақыруымен Чехияға кетіп қалады. Ол кеткеннен кейін бір айдан кейін Вюрцбург полициясына екі жас дәрігер, доктор Шпатцтың бұрынғы көмекшілері хабарласты. Олар жантүршігерлік мәлімдеме жасады. Ерлі-зайыпты Шпатцтарды вампир деп мәлімдеді.
Мұны орынсыз әзіл деп қабылдауға болатын еді. Қылмыс туралы хабар берушілер отставкадағы солдат, мүгедек Йоахим Фабердің жоғалып кеткенін алға тартты. Фабер доктор Шпатц жұмыс істеген кедейлерге арналған ауруханада қақпашы болып қызмет еткен екен. Ол бір жыл бұрын ізім-ғайым жоғалып кеткен. Полиция дәрігердің бұрынғы үйін тінтіп, жертөледен 18 адамның сүйегін табады. Арасынан қолы жоқ, хирургиялық ампутацияның ізі бар қаңқа табылады. Бұл сүйектерді сот сарапшылары жоғалған Йоахим Фаберге тиеслі деп қорытынды жасайды. Қалған қаңқаларды анықтау мүмкін болмаған. Мәйіттердің жалаңаш жерленгені де белгілі болады.
Әріптестерінің есіне оның қаңғыбастарға жасаған "қамқорлығы" лезде түседі. Олардың айтуынша, дәрігер сұраушысы жоқ адамдармен тығыз араласқан. Шпатцтардың үйі үлкен болғанымен, ешқашан қызметшілеріне үйіне түнеуге рұқсат бермеген. Яғни барлық жұмысшылары тек күндізгі уақытта жұмыс істеген.
Билік Шпатцқа қатысты Прагаға сұрау жіберіп, жауап алады. Нәтижесінде оның Прага университетіне бармағаны әрі университет оған ешқандай шақыру жібермегені анықталады. Оның өмірін терең зерттегенде Австрия армиясында Генрих Шпатц деген хирург болмағаны да белгілі болады. Тергеу жұмыстары шиеленісе түседі. Ал жарты жылдан кейін бұл жаңалықты алғаш хабарлағандардың бірі өзіне қол жұмсайды. Өлерінен аз уақыт бұрын ол әйелі мен ұлын тастап, үйінен кетеді. Нюрнбергтің шет, кедей аймағындағы шағын пәтерді жалдап, туыстарымен және достарымен барлық байланысын үзеді. Күн сәулесінен қорқып, күні бойы жабық терезе жапқыштары бар бөлмеде болады. Жігіт бозарып, қатты арықтап, қасапшыдан сатып алған шошқаның шикі қанын ішіп, бойына күш-қуат жинайды. Осындай диетаның нәтижесінде оның іші қатты ауырады. Кейіпкер емделуден де, қалыпты тамақ ішуден де бас тартып, көп ұзамай жалға алған пәтерінде асылып қайтыс болады.
Екінші хабаршы бұл оқиғадан алты ай өткен соң көз жұмады. Ол өзінің кішкентай жиенін өлтіріп, қанын ішпек болады. Оны сәбидің күтушісі көріп, каминдік покермен бірнеше рет ұрып құлатады.
Шпатцтың кейінгі өмірі әлі күнге дейін белгісіз. Ғалымдар Генрих Шпатцтың кім екені туралы көптен бері дауласып келеді. Біреулер оны вампир деп санаса, басқалары адамды құрбандыққа шалатын сатанистік сектаның мүшесі дейді. Ал енді бірі заңсыз патологоанатом деп санайды, өйткені ол кезде мәйіттерді бөлшектеу ауыр қылмыс болып саналатын.