Түркі әлемі
Сайлау 31 наурызда өтсе де, кейбір жерлерде қайтадан дауыс санай бастады
Өткен жексенбіде Түркияда болған жергілікті сайлаудың у-шу әлі басылмай жатыр. Биліктегі Әділет және даму партиясы мен оған одақтас болған Ұлтшыл-халықтық партия Анкараның, Ыстамбулдың, Измирдің басқару тізгінін оппозицияға беріп қойған-ды. Бірақ, Ыстамбулдағы дауыс санау ісі әлі де аяқталмапты.
Жалпы, Түркия билігіндегі партия Ыстамбулға өзінің ең танымал үміткерін ұсынған еді. Түркия Премьер-министрі, Ұлы ұлттық мәжіліс спикері қызметтерін атқарған Биналы Йылдырымның Ыстамбулда жеңеріне Ердоған мен командасы кәдімгідей сенгенге ұқсайды. Алайда, бірқатар әлеуметтік зерттеу орталықтары билік партиясының ықпалы күн санап азайып келе жатқанын айтып еді. Ыстамбулда да жағдай күрт өзгеруі мүмкін екендігін алға тартқан. Нәтижесінде, 31 наурызда өткен сайлауда Ыстамбул тұрғындарының 48,80 пайызы оппозиция өкілі Экрем Имамоғлуна дауыс берген еді. Кейін дауыс қайта саналып жатыр. Әу баста өзінің жеңгенін мәлімдеген Биналы Йылдырым қазір сәл сабырлы кейіп танытыпты. Өйткені, 1 сәуірде Түркияның орталық сайлау комиссиясы Экрем Имамоғлуның жеңгенін жариялаған болатын. Дегенмен, дауыс санауда қарсыластардың арасындағы айырмашылық қысқарып келеді. Әу баста 29 мың дауыспен оппозиция өкілі жеңсе, осы аптаның соңында екеуінің арасында айырмашылық 18 мың дауыс деседі.
Жалпы, осы жолғы сайлау Түркияның билігінде отырған партия үшін әжептәуір сынақ болды. Режеп Тайып Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясы жергілікті сайлауда толық жеңіске жете алмасын аңғарса керек, былтырдан бастап ұлтшылдармен бірігуге тырысқан. Әрі бұл қадамы сәтті болды. Алайда, қала мэрлері, жергілікті кеңес пен ақсақалдар кеңесі мүшелері сайланған осы жолғы сайлауда билік партиясы үш ірі қаладан айырылып қалды. Әсіресе, Ыстамбул қаласының тізгіні қолдарынан шығып кеткені билеуші партияға оңайға соқпаған сияқты. Әлі күнге медиада өзара айтыс-тартыс қызу жүріп жатыр.Ал, кейбір сарапшылар осы жолғы сайлауда ұтқандардың ұлтшылдар екенін айтады.
Түркияда білім алып жүрген қазақстандық саясаттанушы, Амангелді Қалыбек Девлет Бахчелі басқаратын Ұлтшыл-халықтық партия биліктегі Әділет және даму партиясымен альянс құру арқылы Ердоғанның жақтастарын өзіне кіріптар қылып қойды деген пікір айтады. Яғни, билік партиясы енді ұлтшылдардың қас-қабағына қарауға мәжбүр болмақ. Өйткені, коалция құруға тек ұлтшылдар келіскен. Өзге оппозициялық партиялар өз ұстанымдарынан айнымады. Шамасы, биліктегі партия осы сайлауда толық басымдыққа жетуді көздеген болуы мүмкін. Сөйтіп, 2023 жылға дейін тыныш қалмақ болған сияқты. Өйткені, 2023 жылға дейін Түркияда сайлау өтпеуі керек-еді. Алайда, жалпы дауыс берушілердің 53 пайызының қолдауына ие болған билік партиясы ірі қалалардағы биліктен айырылған соң, кейбір аналитикалық орталықтар 2021 жылға қарай сайлау өтуі мүмкін десіп жатыр. Яғни, билік мерізімінен бұрын сайлау ұйымдастыруы ықтимал. Өйткені, 2002 жылдан бері тауы шағылмаған партия осы жолы ірі қалаларды қарсыластарына беріп қойғанын намыс көруі мүмкін. Кемі Ердоған бұған іштей қынжылары анық. Алайда, оппозиция да қарап қалмайды. Демек, Ердоған билігі алдымен нәтижелі экономикалық-әлеуметтік реформа жүргізуі қажет. Онсыз электоратты өздеріне тарту қиын болмақ. Ал, мерізімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастама өзін-өзі ақтай қоятын тәсілге ұқсамайды. Дегенмен, оны уақыт көрсетер.
Ең бастысы осы жолғы сайлауда Түркияның зайырлы, оқыған-тоқығаны мол, бизнес элитасы шоғырланған басты аймақтары тұтастай дерлік оппозицияны жақтады. Бұл өз кезегінде билікте 2002 жылдан бері отырған Әділет және даму партиясына ескерту тәрізді көрінді. Келесі сайлау осы жолғыдан да күрделі өтуі ықтимал.
Айтпақшы, Түркиядағы сайлаудан соң әлеуметтік желілер мен масс-медия түрлі тақырыптарды қызу талқылап жатыр. Мұнда кез келген мәлімдеме сіздің пайдаңызға шешілмей, керісінше жаманатты қылуы мүмкін. Мәселен, мына суреттегі адам Республикашыл халықтық партиядан сайланған депутат. Махмут Танал деген азамат.
Ол әу баста бұл суреттіtwitter-де жариялаған кезде «бізге берілген дауыстардың ұрланбауы үшін, күні-түні күзетіп жатырмыз» деген еді. Ал, билікшіл топ оны айыптап: «Берілген дауыстар сақталатын орынға қалай рұқсатсыз кірген? Ол жер мемлекеттік құпиямен бірдей болуы тиіс еді ғой»,-десті.
Ал мына адам кебабшы, яғни біздегілермен салыстырсақ шашлық жасайтын аспаз екен
Бірақ, билікке жақын A Haber каналы оны сарапшы ретінде таныстырып, қайта қайта эфирге шығарыпты. Ыстамбул мен Анкарада дауыстарды қайта санау мәселесі көтерілгенде осы аспаз экспертке айналса керек.
Мына суретте қоқысқа тасталған түрік тулары жатыр. Түркияда бұрын-соңды мұндай оқиғалар өте-мөте сирек кездесетін. Болса да масс-медиа назарына көп ілінбеген еді.
Осы жолы Түркия туының партия туларымен бірге қоқысқа тасталғаны түріктерді кәдімгідей өкпелеткен сыңайлы. Әзірге бұл оқиға тексеріліп жатыр. Оқиға қай партияның митингісінде жасалса, сол партия масс-медиадан «таяқ жейді» деген сөз.
Айтпақшы, соңғы жылдары түріктер байрақты бұрыңғыдай қастерлемей жүр. Кезінде елінің туын ешкімге басқызбаған Режеп Тайып Ердоғанның өзі қатысқан 2016 жылғы митингте де байрақтар шашылып қалыпты. Сол кезде де түрік медиасы шулап еді.