ДАМУ

Таяу Шығыстағы соғыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал АРЫСТАНБЕК

Карантин режимі. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс. Азия елдерінің шекаралық аймақтар үшін таласы. Соңғы жылдары жалпы ішкі өнімге әсер етер ситуациялар көбейді. Халықаралық саяси аренадағы экономиканың "ауа райы" тұрақсыз. Ал Қазақстанды алда не күтіп тұр? 

Назарбаев 1997 жылы 1 қазанда "Қазақстан – 2030" стратегиясын құрды. Оған сәйкес, еліміз әлемнің дамыған 20 елінің қатарына енуі керек еді. Дүниежүзілік банктің ресми деректері бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2022 жылы 220,62 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал еліміздің ЖІӨ-і әлемдік экономиканың 0,09 пайызын құрайды. Осы көрсеткішке сүйеніп дерек ұсынсақ, Қазақстан 196 мемлекет енген тізімде экономикалық көрсеткіштері бойынша 53-орынды иеленіп тұр. 

Дүниежүзілік банк деректерімен tradingeconomics.com сайтының дайындаған диаграммасы. 1998-2022 жылдар

Дүниежүзілік банк деректерімен tradingeconomics.com сайтының дайындаған диаграммасы. 1998-2022 жылдар

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2013 жылы 236,63 млрд АҚШ долларын құраған. Ал 2016 жылы ЖІӨ көрсеткіші 137,23 млрд АҚШ долларын құраған. Жоғарыдағы кестеден жыл сайын экономикалық өсім болғанын байқаймыз. ЖІӨ көрсеткіші 2020 жылы карантин режимінің тұсында құлдыраған. Ал 2023 жылғы экономикалық көрсеткішке Таяу Шығыстағы қақтығыстар қаншалықты әсер етуі ықтмал? Нақты қандай ықпалы боларын Bugin.kz тілшісі экономист Айбар Олжайдан сұрап білді.

Сарапшы кез келген қақтығыстың экономикаға әсер ететінін айтып сөз бастады.

"Соғысқа не керек? Стратегиялық қақтығыстар шикізат бағасының өсіміне, соғыс мұнай бағасының өсіміне алып келеді. Бұл ретте экономикада дисбаланстар пайда болады. Қара алтынды өндіруші елдерде капитал көбірек ағылады. Мұнайға тәуелді елдер оның қорын көбірек жасауға тырысады. Қаржылық ағын өзгереді", - деді.

Фото: instagram.com/aibarpr

Фото: instagram.com/aibarpr

Таяу Шығыстағы қақтығыс туралы ол былайша ой білдірді:

"Таяу Шығыс – әлемдегі мұнай өндіретін негізгі үш нүктенің бірі. Егер Иран мен Парсы шығанағы қақтығысқа қатысар болса, мұнай бағасының өзгеруіне алып келеді. Мұнай бағасы өзгерсе, экономикалық циклдар тезірек жүреді. Осылайша кезекті рет мұнай бағасының өсу циклына келеміз. "Голландық экономиканың қызып кетуі" деген "ауру" туғызуы мүмкін", - дейді маман.

Сарапшы Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанға қалайша оң және теріс әсер ететінін былайша саралады: 

"Біз үшін Ұлттық қордағы қаражатты молайтуға жол ашылуы ғажап емес. Екінші жағынан, мұнай долларларының көп ағылуы қазіргі біз алған модернизация курсына кері әсерін беруі мүмкін. Себебі біз ол кезде кішкене босаңсып кетеміз", - дейді ол.

Айбар Олжай қай елдердің қақтығысы Қазақстан экономикасына ең қауіпті екенін атап айтты.

"Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленіс қақтығысқа не соғысқа ұласса, ең үлкен қауіп содан келеді. Экономиканың тоқтап қалуы, блоктық жабылу әсерін аламыз.  Ол әлемдік экономикаға пандемиядан да артық зиянын тигізеді. Тайваньдағы чиптер өндірісі тоқтап қалса, бүкіл электроника, техника сынды дүниенің бәрі тоқтайды. Қазақстан үлкен зардап шегеді. Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнай бағасын өсіріп, біздің бюджетке келетін қаржыны толықтырады. Дегенмен оның да өзіне сай тәуекелі жоғары. Қытай мен Тайвань арасында қақтығыс болса, экономикамыз тоқтап қалады. Қазақстанға қақтығыстың болғанынан гөрі, болмағаны жақсырақ", - деді экономист.

P.S. ЖІӨ көрсеткіші бойынша Қытай көш басында тұр. АҚШ ізінше, Үндістан үшінші тұр. Сырттай сан болып көрінген цифрлар ел тұрғындарының тағдырымен тікелей байланысты. Мысалы, Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, 2014 жылғы қақтығыстан соң, 2015 жылы Украина ЖІӨ көрсеткіші 91,03 млрд АҚШ долларын көрсетіп, 2021 жылға дейін құлдырап келді. Картина 2022 жылы бояуын қанық етті. Қақтығыстың жаңадан басталуы, әлемнен бөлінген гуманитарлық көмек ЖІӨ көрсеткішін тым төмендете қоймады. Дегенмен елеулі әсер етті. Қазақстан ЖІӨ 2015 жылы 2014 жылдан аз болды. Иә, осы секілді детальді түрде байқалмайтын әсер болады. Әр қақтығыстың жоғалтатыны бар. Ал экономиканың тағдырын саясат шешеді.