ТӘРБИЕ

"Зорлықтың кесірінен балалық шағымды жоғалттым": Заңгер Рақышева баланы педофилден қорғаудың жолын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қоғамда зорлық-зомбылық тақырыбы сөз етілсе, кейбірі жәбірленушіні кінәлап жатады. Әлеуметтік желіге осы мәселе төңірегінде жазба жарияланса, "ашық киінген өзі кінәлі", "сауап болыпты", "өзі қылмыңдаған" деп, жапа шеккен адамның жеке басына тиісетіндер де табылады. Алайда мұндайда "адам өзіне өмірлік жүк болатын нәрсеге қалайша айыпталады? Неге зорлаған адамды кінәламаймыз?" деген сұрақ туады. Кей адамдардың қолдамағанынан өзге қорлық көргендер де басынан өткенін ешкімге ашып айта алмауы мүмкін. Әсіресе, зорланған балалардың жайы тым ауыр... Bugin.kz тілшісі жыныстық не тұрмыстық сипатта зорлық-зомбылық көрген көптеген жанның үмітін оятып, қоғамға қайтарып жүрген заңгер Ләззат Рақышевамен балаларға көрсетілетін зорлық тақырыбында сөйлесті.

– Ләззат  ханым, елімізде неліктен кей зорланған балалар басынан кешкен қорлығын ересектерге айта алмайды? Кейбір желіде тараған видеоларда анасы қызына ұрысып, жағдаятты айтқызып жатқанын көрдім. Негізі зорлық көрген баламен диалог қалай болғаны дұрыс?

– Бұл сұрағыңыз бір проблеманың жүгін арқалап тұр. Баламен кішкентай кезінен ашық сөйлеспеу – күрделі мәселе. Ал проблема мұндай жағдай жайлы хабардар етпеуден, жеке шекараны қалай қорғау керек екенін айтпаудан туындайды. Балаға тілі шығып, былдырлап сөйлегеннен бастап бұл жөнінде түсіндіру керек. Өзінің денесі туралы айтып, ішкиім ережесін үйрету қажет. Яғни "сенің ішкиіміңді шешуге, денеңді ұстауға ешкімнің құқығы жоқ. Тек сені жуындыратын кезде мен шешсем болады" деп айту маңызды.

Бізде баламен ашық диалог жоқ. Қыздарына етеккірі мен денесіндегі өзгерістер туралы мұқұият айтпайтын аналар да бар екен. Кішкентай кезінен қыз балаға етеккірі келетінін ескерту керек. Бұл жағдай балаға шок болып, психикасына кері әсер етпегені жөн. Аналар көп нәрсені баласына айтып, түсіндіруге ұялады. Жыныстық сауатын ашуды ұятсыз нәрсе деп қысылады. Алайда ол ұятсыз нәрсе емес. Балаға алдын-ала түсіндіріп, сырласса, көп проблема болмас еді.

Мен зорланған баласына ұрысып, "болған оқиғаны айт" деп зекитін аналар ұрпақ сабақтастығын жалғастырып жатыр деп ойлаймын. Олар өздерін қалай тәрбиелесе, балаларын да солай тәрбиелейміз деп ойлайды. Қазіргі балаларды бұрынғы тәрбиемен емес, заманына сай ашық тәрбиелеу керек.

Фото: Ләззат Рақышеваның жеке мұрағатынан алынды

Фото: Ләззат Рақышеваның жеке мұрағатынан алынды

– Бір рет зорланған адамның екінші рет зорлануы немесе басқа адамның тарапынан тағы қорлық көруі жиі кездеседі. Оған не себеп болуы мүмкін?

– Педофилдер – өте қу, өте ақылды. Олар жайдан-жай әке-шешесі қадағалап отыратын, мінезі ашық балаларға тиісе қоймайды. Көбіне балаларды жақын туысы, танысы зорлайды. 2021 жылғы сұхбатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (2019-2022) балалар зорлығының 80 пайызы туыстары тарапынан жасалатынын айтқан еді. Маған келетін хаттарда адамдарға нағашысы, атасы, ағасы, көршісі, туысы, жиені әкесі зорлық-зомбылық көрсетеді. Педофил жақынының үйіне барғанда балаға ешкім қарамайтынын, әке-шешесі жұмыстан көп босамайтынын байқап нысана таңдайды. Тіпті кей ата-аналар педофилге баласын қаратып, сеніп тапсырады. Балаға ата-анасы көп ұрсып, "ананы үйт", "мынаны бүйт" деп зеки берсе, бала қорқақ, жасықтау болады. Зорлық көрген жағдайда да не әкесіне, не шешесіне айта алмайды. Қорқақ баланы педофил "айтсаң, өзіңді, не әкеңді, не шешеңді өлтірем деп, одан сайын қорқытып тастайды. Ол баланы әрі қарай зорлауын жалғастырады. Оны тағы бір жақыны байқаса, ол да баланы зорлауы мүмкін.

"Ләззат – тағдырымның бергенін қабылдаймын" деген кітабым бар. Мені де бес жарым жасымда көршім зорлаған. Сондықтан мен зорланған баланың көзінен психологиясын білем. Зорлық көрген баланың көзіндегі нұры кетіп қалады. Қазір маған анасымен еріп келетін зорланған балалардың көзіне қараймын, жанарында жалыны сөніп тұрады. Балалар қорқады. Туысы ол баланың айтуға қорқатынын біледі. Бөтен адам далада не болмаса басқа жерде ұстап, тек бір рет зорлап, жоқ болып кетеді. Себебі ол баланың қайда тұратынын білмейді. Дәл туыс не жақыны баланың қайда тұратынын, әке-шешесі балаға қалай қарайтынын, ол отбасының жағдайы қалай екенін біледі. Балалар туыс не жақындарының тарапынан көп әрі ұзақ уақыт бойы зорланып жүреді. 

– Әйел адам екінші рет отбасын құрарда нені ескеруі керек? Өгей әкенің бойындағы қандай әрекеттерге жыныстық тәрбиеде баса мән берген дұрыс?

– Екінші рет тұрмыс құрарда ер адамның баланы қалай жақсы көретінін бақылау керек. Мен өзім екінші рет отбасын құрған адаммын. Шаңырақ көтерерде жолдасымның қызыма ұнайтынына баса назар салдым. Сондай-ақ тұрмысқа шығатын адамым қызыма әкесі ретінде қарауы керек деген талап қойдым. Менің жолдасымда бір жағдай болып, балалы бола алмай, сәби аңсаған. Менімен кездескенде де балалы болуды қатты қалайтынын байқатты. Ол өте балажан, балаларды қатты жақсы көреді. Бар баланы бірдей еркелетеді. Бүгінде арамызда 3 баламыз бар. Менің қызымды бөліп-жармай, еркелетіп өсірді. Сол себепті де мен ол кісіге 100 пайыз сендім. 

Егер екінші рет күйеуге шыққанда, балаңыздың мінезі күрт өзгерсе, ол – сізге қағылған дабыл. Бізде қазір қаралып жатқан қылмыстық істердің 5-6-ауы – өгей әкелердің тарапынан зорлық көрген балаларға қатысты.

Бір өгей әке 17 жылға сотталды. Ол үйлене сала 1 айдың ішінде-ақ балаға тиісе бастаған. Жәбірленуші қыз небәрі 8 жаста. Тағы бір жағдай сотта 1 жылдан аса қаралып жатыр. Ол істе де үйленгеннен кейін 1-2 айда баланы зорлай бастаған өгей әкенің ісі зерттелуде. Осы секілді жағдаяттардан байқағаным, зорлық көрген баланың мінезі өзгереді. Баладан міндетті түрде "әкең ұнай ма?", "сені ренжіткен жоқ па?" деп сұрау қажет. Анасы "кез келген жағдай болса, маған айтсаң болады" деп, баласының бойына сенім ұялатуы керек. Еркектердің бәрі бірдей педофил емес. Өгей әкелердің де мықтылары бар. Туған әкелерінен де жақсы қарайтындары бар. Екінші рет тұрмыс құратын әйел баласына осы жайттарды ескертіп, "қызым, ұлым, сені ренжітер болса, өзіме айт" деп, ашық сөйлесуі керек. Екінші жолдасы балаға тым жақын болып, өзімен ертіп жүргені, қайта-қайта баланың жанынан шықпағаны да ойландыруы қажет. Біздің әйелдер соған мән бермейді.

Көп жағдайда зорлық көрген бала тұйықталып қалады. Түнде айқайлап, қорқып, шошып оянады. Шешесі бір жаққа барарда баласы да бірге барғысы кеп тұрса, аналар мұқият мән беруі керек. Біз қарап жатқан істерде қыздар аналарына қоңырау соғып, "мені алып кетші, мама, келші" деген. "Мама, сенің қасыңа жатайыншы" деп те айтқандары болған. Анасы "қойшы, ерікпей" деп мән бермеген. "Апаның үйіне қонайыншы" деп, өз үйінен қашқақтаған. Бізде аналар соған мән бермейді. "Үйге қарап, жинап отыр" деп айтады. Негізі осының бәрі – баланың анасына жеткізген дабылы.

– Сізбен байланысқа шыққан қыз-келіншектердің арасында өмірі өзгергендер бар ма? Сіз оларға қалай көмектесесіз?

– Өзім Human Rights Lawyers қорының басшысымын. Заңгермін, құқық қорғаушымын. Соттарға қатысамын. Президенттің жанындағы әйелдер жөніндегі комиссияның One stop service "Бір қадам" атты пилоттық жобасының құрамында бармын. Бізге ұл-қыздар мен әйелдер жиі хабарласады. Өзімнің желідегі парақшамда "Ләззатқа келген хаттар" деген айдарым бар. Таңға дейін хаттар қабылдаймын. Бізде мықты психолог жұмыс істейді. Сол кісі апта сайын 5-6 адамға көмектесіп жатыр. Орталыққа жан-жақтан адамдар келіп, аптасына 3 рет психолог көмегіне жүгінеді. Өзі өзгерген, ойы өзгерген адамдар бар. Перзенттері зорлық көрген аналар, кезінде зорлық көріп, ешкімге тіс жармаған келіншектер бар.

Зорланған әйелдердің көбінесе өзін бағалауы бәсеңсіп, ішкі сенімі түсіп кетеді. Өздерінен жиіркеніп, өлгісі келеді. Өмірге деген көзқарасы өзгереді. Жиі күйзелісте болып, ол депрессияға ұласады. Зорланған адамдар қанша жақсы отбасын құрса да, балалық шақтағы жан жарасын емдемесе, өзін бақытты сезіне алмайды. Ол нәрсе өмірде алдыға қадам басуға кедергі келтіреді. Күйеуі мен жақындары жақсы қабылдаса да, қыз-келіншектер қорқып өмір сүреді. Күйеуімен жыныстық-қатынасқа түссе де, еркекті жек көріп тұрады. Кей ер адамдар алған жары пәк болмаса, ұрып-соғып, қорлайды. Бұ өте қиын жағдай...

Біз орталығымыздың көмегіне жүгінген қыз-келіншектер мен балалардың жеке деректерін құпия сақтаймыз. Көп адам жасырын түрде тек менімен тілдескісі келеді. Уақытым болса, сөйлесе беремін. Таңға дейін хабарласатын адам көп болғандықтан, телефонымды сөндірмеймін. Тіпті шұғыл жағдайда хабарласатын адамдар да бар. "Суицид жасаймын" дейтін жандар қоңырау шалады. Көбінің өмірін аман сақтадым. Зорлық көрген адамға жан жарасы қатты әсер етеді... 

– Бала Ләззатқа не айтар едіңіз?

– Кезінде өлгім келді. Көп суицид жасадым. Сан түрлі қорқынышты бастан өткердім. Мен жаман болғандықтан зорлады деп, өзімді кінәлайтынмын.

Бала Ләззатқа: "Сен кінәлі емессің, педофил кінәлі. Ешкімнен қорықпа. Сен жақсы баласың. Мен сені жақсы көремін" , - деп айтушы едім. Анам қайтыс болған соң, мейірімді аңсап өстім. Кішкентай Ләззатқа мейірімді көп беруші едім.

– Бүгінгі Ләззаттың тұлғасын қалай қалыптастырдыңыз?

– Бұрындары мені "Неге мен? Не үшін?  Әрі қарай тағдырым қалай өрбиді?" деген сауалдар жиі мазалайтын. Жасөспірім шақта өз-өзіме қол салуды да ойлағам... Бұл атүсті, ақымақ және ақылға қонбайтын әрекет емес еді. Осылай өмірден жоқ болып кеткім келген... Кейін бір сәтте мен ешқашан бұл өмірден өз еркіммен баз кешпеймін деп шештім. Жанды жеген жарадан арылып, өмір сүруді жалғастыру керегін түсіндім. Жай ғана тіршілік етіп қоймай, ең керемет және ең бақытты жан болуым керек деп ойладым.  Сол сәттен бастап өмірімді қолыма алдым. Өмірім күрт өзгерді. Түбегейлі. Мен кенеттен бақыт, тұрмыс шаттығы және әр сәтті бағалау ләззатын түсіндім. Ең бастысы не екенін білесіз бе?  Мен өз өмірімді, өз тағдырымды сүйетін болдым. Дәл осы теперіш көрген, талай зардап шегіп, кейін салдарынан жаңа тұлға тудырған өмірімді қабылдап үйрендім. Бұл өмірімді басқа жанның тағдырына еш айырбастамас едім.

– Мұхтар Шаханов айтпақшы, жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз?

– Зорлықтың кесірінен балалық шағымды жоғалттым. Үміт пен арман үшін оқыдым, іздендім, бақытқа жеттім. Арттағы жағдайға қарамадым. Алға ұмтылдым. Мен өз жолымды таптым. Мен қазір заң өзгергенін, балаға жасалған зорлық-зомбылық тоқтатудың жолын іздеп жүрмін. Заң өзгерсе, зорлық болмас еді. Алайда жаза жеңіл. Қолымнан келгеннің бәрін жасап жүрмін.

Зорлықты тоқтату – тек үкіметтің емес, баршамыздың міндетіміз.

– Зорлық көріп, оны ешкімге айталмаған, жаны жаралы адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

–Тағдыры сынға түскен жандар болса, сынып кетпей, бақыт үшін күресті тоқтатпауы керек дер едім! Әркімнің өз жолы бар және қиындықтарға қарсы тұрған адам ғана қалыптасып, беки түседі. Мен адамдардың қиындықтан қорықпағанын, өзіне сенгенін және сынаққа қарамастан, тағдырға қарсы батыл қадам басқанын қалаймын. Өткенді артқа қалдырыңыз. Өмір тек қара жолақтан тұрмайды. Ақ жолақ та бар. Түннен соң күн шығады! Алда бақытты сәттер болатынына сеніммен қараңыз. Тек алға ұмтылу керек. Еш қорықпаңыз!

Сұхбатты дайындаған: Балерке ӘСІЛХАН