БІЛІМ
Фото: sputnik.kz
Қаныш Имантайұлы Сәтпаев – Қазақ Ғылым академиясының негізін қалаушы, "Алгебра" оқулығының авторы. Еліміздегі ғылымның өркендеуіне септігін тигізіп, алғашқы кірпішті қалаған қайталанбас ерен тұлға. Bugin.kz порталы оқырман назарына Санжар Керімбайдың "Қуыскеуде" кітабынан ғалым туралы деректер ұсынады.
Ғылым дамыған жаңа дәуірдің ықпалы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ даласына да келіп жетеді. Енді академиялық институттарды көбейтпесе, қазақ халқының да қараңғылықта қалып кету қаупі барын көзі ашық Алаш арыстары бірден ұққан. Қазақтың тұңғыш ағарту министрі Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылдың 31 қаңтарында Орынборда өткен мәжілісте академиялық ғылымның барлық саласына бір-бір қазақ ғалымын бекітті. Олар жаппай қазақ тілінде оқулық жазуды міндетіне алды.
1928-1929 жылдары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қазақтың зиялылары репрессияның құрбанына айналып, ату жазасына кесілгенде тек Қаныш Сәтпаев аман қалған. Тіпті туған ағасы Бөкеш пен немере ағалары Әбікей, Әбдікәрім қуғын-сүргінге ұшыраған.
Репрессиядан кейін бұл қайырлы іс кілт үзілді. Бірақ қазақтың бағына орай жүз адамның жұмысын жалғыз атқара алатын бір ғалым атылмай, аман қалады. Ол – Қаныш Сәтбаев. Ол қанша жерден қуғын көрсе де, "қазақ халқын надандыққа жібермеймін" деген амбициясынан бас тартпаған.
Академия құрудың өзі оңайға соқпаған. Бұрын Ғылым академиясын құру үшін ең кемі үш-төрт академик болуы шарт еді. 1940 жылдары Қазақстанда тек Қаныш Сәтбаевтың ғана академик деген атағы болды. Ол Ұлттық академияны құру үшін тағы да екі академик іздейді. Іздегенге сұраған деген, сол кезде II дүниежүзілік соғыс басталып, Мәскеу мен Петербордағы ғалымдар Алматыға уақытша эвакуацияланған еді. Қаныш солардың арасынан Н.Г.Кассин мен М.Г.Русаков деген екі академикті Қазақстанда қалуға әрең көндіреді. Олардың бала-шағасын да Алматыға алдырып алады. Басшылықтың есігін жағалап жүріп, екі академикке уақытша баспана әпереді. Осылайша Қазақстанда өзімен қосқанда үш академик пайда болады. Яғни Ғылым академиясын құруға шарттары толық жетіп тұр. 1945 жылы Қаныш Мәскеуде бір айдай жүріп, Орталық Комитет пен СССР Ғылым академиясының мөрі басылған таңбалы қағазды алып қайтты. Сөйтіп 1946 жылы өзі армандаған Академияны ашты. Әдебиет институтына – Мұхтар Әуезовті, Тарих институтына - Ермұхан Бекмахановты, Энергетика саласына - Шапық Шөкинді, Музыка саласына - Ахмет Жұбановты, Археология институтына – Әлкей Марғұланды отырғызды. Осындай алыптар шоғыры қазақ халқын СССР кезінде ең сауатты халықтардың қатарына қосты.
Алайда, ғалымға сол жылдары көптеген айып тағылған. Қаныш Имантайұлының өзі 50-ші жылдардың басында "Бекмаханов ісі" деп аталатын Қазақстандағы "буржуазиялық ұлтшылдар мен космополиттерге қарсы күрес науқаны" барысында қудалаудан құтылған жоқ. Республика басшылығы "ұлтшыл" Бекмахановты қатаң айыптай отырып, Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады. Өйткені ол жас ғалымды қолдап, оған Кенесары хан туралы кітап шығаруға көмектескен.
Қаныш Имантайұлы академияны өзінің әлеуметтік шығу тегін жасырды деп айыпталды (ол ауқатты қазақтардың ұлы болған). Ал Сәтбаев өзінің шығу тегін ешқашан жасырмаған. Керісінше, ол Алматы партиясының Фрунзе ауданына шақырылған кезде, ол бас тартты. Себебі оның үш ағасы қуғын-сүргінге ұшыраған.
Үш жылдан кейін, 1955 жылы Қаныш Имантайұлы Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті болып қайта сайланды. Бұл лауазымда ол өмірінің соңғы күндеріне дейін жұмыс атқарады.
Сталин қайтыс болғаннан кейін және саяси қуғын-сүргін біртіндеп азайған соң, Қаныш Сәтбаев өзінің ғылыми қызметін жалғастырады. Оның Орталық Азияны зерттеуге қосқан үлесі орасан зор.
Қаныш Сәтбаев – ең қараңғы уақытта да өзінің ұлылығын сақтай алған ұмытылмас тарихи тұлға. Оның ғылымға деген адалдығы халқына деген жанашырлығын сөзсіз дәлелдейді.
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева