БІЛІМ

Қонаев кімге қиянат жасады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Мемлекет басындағы тұлғаға қатысты жалған дерек пен аңыздар жиі кездеседі. Тарихта даңқын қалдырған тұлғаның көлеңкелі тұстары да болған деп, дәлел ұсынушылар да аз емес. Біз баян етер оқиға Жұмабек Тәшенов  парламент төрағасы, Дінмұхамед Қонаев премьер-министр болған кезге тура келеді. Жуырда журналист Әлия Әшімнің "Қонаев дәуірі" деректі фильмі жарыққа шықты. Bugin.kz тілшісі фильмнен Қонаев пен Тәшеновтың қатынасына байланысты спикерлер сөзін ұсынады. Екі алыптың арасында тақ үшін тайталас болғаны рас па?!

Фильмнің екінші бөлімінде тарихшы Радик Темірғалиев тарихи оқиғаларды ретімен айтып, тұлғалардың негізгі қызметін атайды.

 "Оңтүстік Қазақстан жерлерін Өзбекстанға беру 1956 және 1963 жылдары жүзеге асты. Брежнев тұсында Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді. Мұны өзбек билігі ертеректе лобби жасаған. Өзбек билігі соғысқа дейін де бұл аумақты алуға тырысқан. Шаяхметовтың кезінде ол бастамаға кедергілер болды. Хрущев билікке келгенде Мұхиддинов сындылар бұл мәселені көтерді. Леонид Брежнев тұсында бұл әңгіме бірнеше айға жалғасты. Жұмабай Шаяхметов бұған қарсы болды. Республика элиталарының бұған көңілі толмады. Түрлі хаттар жазылды, қарсылық болды. Алайда оның бәрін елемей, Бостандық ауданы өзбек меншігіне өтіп кетті. Бұл уақытта Қонаев примьер-министр болатын, Брежнев компартия басында тұрды. Жұмабек Тәшенов ол кезде парламент төрағасы еді", - дейді тарихшы.

Арадан 7 жыл өткен соң, 1963 жылы үш аудан өзбек жерінің құрамына өтіп кетті.

Қонаевтың ұрпақтары Оңтүстіктегі жерлер Тәшеновтың қолымен Өзбекстанға өтті десе, Тәшеновтың ұрпақтары бұл бөліністі Қонаев қолдады дейді.

Дінмұхамед Ахметұлы өз естелігінде:

"1960 жылы желтоқсан айында КСРО жоғары кеңесінің кезекті сессиясы өтіп жатты. Үзіліс кезінде Косыгин қасыма келді. Көп сөзге жоқ кісі ғой. Хрущев сені және Тәшеновты түскі дәмге шақырады деді. Ойымызда дым жоқ. Хрущев түстенетін жерге бардық. Орталық комитет призидумының мүшелері түгел осында жиналыпты. Неге екенін қайдам, Никита Сергеевич өзінде жоқ елгезектік танытып, Тәшеновқа қайта-қайта бұрылып, қайдағы жоқ сұрақтар қойса, бірде "мынадан ауыз тиіңіз, дәмдісі, сірә, осы болар" деп, алдындағы дәмнен асатады. Түстік ас ішіліп, мәжіліс алдында әркім өз шаруасымен жинала бастаған. Хрущев мені тоқтатып: "30-40 минуттан соң маған келіп кетіңіз. Сіз қажетсіз", - деді.

Отыз-қырық минуттан кейін Қонаев Хрущевқа барады. Хрущев оны бірден қабылдайды. Әңгіменің тоқетерін айтатын Хрущев алыстан бастап орағытып, әріні-беріні айта бастайды.

"Ойымды жинап үлгергенше, Никита Сергеевич бұлтақтатуды қойып, төтесінен кетті. "Тәшеновті Республика Министрлер Кеңесінің төрағалығынан босатыңыз", - деді", - деп  жазып қалдырған.

Радик Темірғалиевтің мәліметінше, Тәшенов қызметтен алынады. Сол күндері тың өлкесін құру туралы шешім қабылданады. Бұл жағдай Мәскеудегі банкет кезінде болған сияқты. Бұл туралы Қонаевтың естелігінен басқа ешқандай дерек таппадым. Бірақ бұл нұсқа логикалық тұрғыда дұрыс секілді. Тәшеновтың асты-үстіне түседі, қызметтен алады, тың өлкесі құрылады. Тәшенов пен Хрущев арасында бір жағдай болған секілді.

"Жұмабек Тәшеновтің ұлы Саян Тәшенов: "Хрущев, Қонаев пен облыстық комитет хатшыларымен ақылдасып, әкеме осы бес облыстың Қазақ ССР-нен бөлініп, тың өлкесіне қосуға барлығы келіскенін айтқан. Әкем бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы екенін айтқан. Біріншіден, ата-бабасының ол жерде жерленгенінен бөлек, жерді онда өмір сүріп жатқандардың келісімінсіз беруге болмайды. Екіншіден, бұл Кеңес Одағы конституциясына қайшы, онда "одақтағы республикалар шекарасын бұзуға ешкімнің құқығы жоқ" делінген. Хрущев ашуға мініп, айғайлап, әкемді "ұлтшыл" деп айыптаған. Әкеме көзін құртатынын айтып қорқытады", - деп, ол сәт туралы естелігін бөліседі.

Тарихшы Радик Темірғалиев екі алып тұлғаның мінездеріне сараптама жасайды.

"Тәшенов расында қызуқанды мінезімен ерекшеленетін. Екеуін салыстырар болсақ, Қонаев салқынқанды прагматикалық тұрғыда қабылдаған. Тәшенов – холерик, жалма-жан реакция білдіретін. Айқасқа белсене кірісіп кететін. Қонаев әліптің артын бағатын байыпты адам болды. Кей тұста оныкі дұрыс шығар, алайда оның пікірі біржақты екенін ескеруіміз керек. Екеуінің арасындағы бәсекелестік олардың биік шыңында болғанда басталды. Қонаев үшін Тәшенов ең басты қарсыластың бірі еді. Тарихи тұлғаларды қаншалықты идеал етсек те, саясаткерлер билік үшін таласқан кезде түрлі амалдар қолданады", - дейді тарихшы.

Жұмабек Тәшеновтың ұлы Саян Тәшенов ол кезде отбасына орнаған қиындық туралы былайша еске алады:

"Қайдағы жоқ, ақылға қонымсыз айыптаулар тақты. Мінезі жағымсыз, келіссөзге келуі қиын, нашар басшы, ұлтшыл, тағысын тағы. Жергілікті қазақстандық билік өз бастамасымен одан әрі кетті. Оған қатысты фильмдерден кадрлар көрсетуге тыйым салды. Тәшеновті басшылыққа жолатпау туралы Қонаевқа тапсырма берген есерсоқ Хрущев екені белгілі. Кез келген орынға, облыстық деңгейде де. Сондықтан оны Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп Шымкентке жіберді. Оның алдында әкем жарты жылдай жұмыссыз жүрді. Совет заманында бұл өте қиын жағдай. Бес балалы отбасыда ешқандай жинаған қор болмады. Ас-сусыз қалдық. Пәтеріміздегі жиһаздың өзі үкіметке тиесілі еді. Бізбен ешкім сөйлеспей қойды. Әкемізді таныстар жолда көрсе, теріс айналатын. Көмек көрсетуге тырысқандарды қудалады".

Дінмұхамед Қонаев өз естелігінде Тәшеновті Семей облыстық атқару комитетіне төраға етіп жіберу үшін Хрущевті ұзақ көндірдім, кейін ол келісті деп баяндайды.

Қонаевтың бұл сөзіне Радик Темірғалиев өз пікірін қоса кетті.

"Адамға қолдау көрсетудің неше түрі болады. Расында, кей жерлерде Қонаев Тәшеновтің сөзін сөйлеген шығар. Бірақ одан кейін пайдасынан зиянын көп көретіндей. Бұл жағдайда ол өтірік айтпаған да шығар. Тәшеновтің саяси сахнадан кетуіне Қонаев әбден мүдделі еді" , - деді ол.

Әрі қарай тарихшы екі тұлғаның саяси тұлғасына сараптама жасайды:

"Тәшенов ұлттық интеллигенция арасында айтарлықтай беделге ие еді. Біріншіден, ол қазақ тілінде жетік сөйлеген. Барлық жиын, жиналыстарды қазақ тілінде өткізетін. Көптеген ұлттық интеллигенция өкілдерімен тығыз араласатын. Бұл тұрғыда ол Қонаевқа қарағанда, беделдірек еді. Оның біреулерге пәтер бергені, жұмыспен көмектескені, ұлттық интеллигенцияға қорған болғаны жайлы естеліктер көп. Көмектесіп, қолдау көрсеткен. Қонаев Тәшеновтен бір адым артта тұрды дей аламыз. Ол бәрібір көбіне орыс тілді адам еді. Қазақ тілі сөйлесуге ғана жеткілікті дәрежеде болатын. Екеуінің де жас кезінде (қырықтың шамасында) Қонаев анау айтқандай танымал емес еді", - деді тарихшы.

Фильм 5 бөлімнен тұрады. Әзірге YouTube арнасында 2 бөлімі қолжетімді. Фильмді осы сілтемеге өтіп көре аласыз.