«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқасында елімізде шипасы мол сәнді сабын өндірілуде

Ел ішіндегі шебер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жыл сайын өзінің нәтижесін беріп қана келе жатқан жоқ, оның үгіт-насихатының дұрыс бағыт алуынан әр өңірде, тек қала емес, аудан-аймақтарда да түрлі кәсіпті нәсіп қылып отырған кәсіпкерлердің төбесі көріне бастады.

Кәсіппен айналысу тек сауда-саттық қана емес, барынша қолдан келсе өнермен де жан бағуға болатынын көрсету. Осы бір ерекешілікті бізге көрсетіп берген Қызылордалық тума Мәншүк Ерғожаеваның ешбір химиялық қоспасы жоқ сабындарына ел ішінде сұраныс артып келеді.

 

Жыл мезгілдерінің маусымдық ерекшеліктеріне байланысты аллергиялық аурулар «сәнге» айналған десек артық емес. Әсіресе, аллергиялық тері ауруларының көбеюі басым. Кейбір медицина мамандары бұған себеп экологиялық мәселелер десе, енді бірі адамдардың дұрыс тамақтанбауы деген түйткілді алға тартады.

 

Ал, қызылордалық Мәншүк Ерғожаева болса, ешбір химиялық қоспасыз тері ауруына қарсы емдік сабын жасайды. Жо-жоқ, сабын жасау оның кәсібі емес. Тек хоббиі ғана.

«Сабын жасауды үйрену барысында Швецарияның мамандарымен араласып, семинар сабақтарға, тәжірибе алмасу дәрістеріне қатыстым. Сол елдің өкілдерімен араласып, емдік шөптерімен таныстым. Дәрілерді қолдану тәсілдерін, қалай жасайтындығын көрдім. Бәрін бастан-аяқ үйренгендіктен, елге келген соң, неге жасап көрмеске деген ой келді. Содан нақты іске көштім.

2009 жылы іс-сапармен Түркияға семинарлық сабаққа бардым. 33 мемлекеттің өкілдері келген семинарда 1 аптадай әр елдің өз ісінің кәсіби шеберлерімен араласып, білімімді шыңдай түстім. Алғашқы рет жасаған сәнді сабындарымды Швецариядан келген медицина саласының Президентіне ұсындым. Ол кісі таңғалып, қызығушылық танытты. Негізі эфирлік майлардың 18 түрі болады. Қолданылу аясы өте кең. Тек теріге ғана емес, ішуге де, жуынуға да, иіскеуге де болады. Қажетті заттардың барлығын Ресейден алғызамын. Бір жылдың ішінде 200 килограмдай шикізат қажет болады», – дейді  халық денсаулығына пайдалы сабын жасаушы.

Айтпақшы, ерекше іске зейіні ауған ол сабындарды сәнді етіп жасайды. Мәселен, түрлі-түсті гүлдердің, ойыншықтардың, мульфильм кейіпкерлерінің пішініне ұқсатып, арнайы қалыпта сабын жасап шығарады.

Сәнді һәм дәрілік сабынды дайындауға терінің жасаруына әсер ететін шипалы зәйтүн, эфир майлары, спирт, неше түрлі бояулар, жылтырақ шашпалар, техникалық құрылғылардан(май еріту үшін тоқ көзі, ағаштан және шыныдан жасалған ыдыстар, араластыратын таяқшалар) қажет екен.

«Өнімге түс беру үшін бар-жоғы бір-ақ тамшы жеткілікті. Бір сабынды толықтай әзірлеуге көлеміне қарай шамамен 30 минуттан – 4 сағатқа дейінгі уақыт кетеді. Қабат-қабат етіп, суреттермен безендіретін болсам, біраз уақыт қажет. Ал, жәй қалыпта болса, небәрі жарты сағат. Кейбіреуі тез. 10-15 минутта қалыпқа түседі», – дейді ол.

Халыққа пайдам тисін деп, ешбір коммерциялық тұрғыдан пайда табуды көздемейтін ерекше іске епті кісінің ісі әлі күнге дейін өз ортасында сұранысқа ие.