БІЛІМ

"Сәбит – сатқын": Мағжан мен Сәкенді Мұқановтың ұстап бергені рас па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Соңғы жылдары Сәбит Мұқанов десе, Сәкен Сейфулин мен Мағжан Жұмабаев ойға қатар оралады. Бермуд үштағаны секілді ойлар адам санасын "жұтып" жібереді. Сәбит шын мәнінде сатқын болған ба? Бұл сұраққа жауапты Bugin.kz тілшісі саралады.

Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов Тимур Балымбетовке берген сұхбатында:

"Сәкен Сейфулинді атуға 25 минут-ақ уақыт берген ғой. Партия комитеті атып тастау керек деп шпоргалка дайындап, атып тастаған. Мағжан Жұмабаевты 13 минуттың ішінде атып тастаған ғой. Әлемде ондай соттау процесі жоқ. Мен экономист, заңгер, ғалымдарға ренжимін. Неге олар құрсаудағы 70 жылдың зардаптарына ғылыми, әділ, нақты баға бермейді?!" - деген еді.

Мұндай дерек кімді де болмасын елең еткізбей қоймасы анық. Адам тағдырын қалайша ойыншыққа айналдыруға болатыны жөнінде ой құрсауға алады. Аталған екі тұлғаның өліміне де "Сәбит Мұқановтың байланысы бар" деген пікір ел арасында кеңінен тарап жүр. 

Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы Мағжан Жұмабаевқа арналған "Наша история" бағдарламасында әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы сөз қозғайды.

"1938 жылы қазақтың үш әйгілі азаматы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров атылған кезде, Сәбит Мұқанов бастаған болашақ қазақ-кеңес әдебиеті тобы олар Көк Төбеге көтеріліп, енді қазақ-кеңес әдебиетінің классиктеріне айналатындарын атап өтті. Дәл солай болды да", - деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Әлбетте, бұл деректерге бір жақты қарауға болмайды. Неше түрлі тартыс, пікір айтылды. Адамды селт еткізгенімен, шындықтың құны – қымбат. Осындай дақпырттардан соң, Сәбит Мұқановқа елдің көзқарасы мен ықыласы өзгерді. С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері Шынар Жеңісқызы Марфуға Шапиянға білдірген пікірінде:

"Өкініштісі сол, бізде осындай кітабы бар деп аттарын ғана атаймыз. Жаңадан жарияланбауының себебі, Сәбеңнің артынан көп сөз ергенімен байланысты болса керек. Ол кісіге оң көзқарас болмай тұрғаны себепті кітаптарына да ақша бөлінбей отыр", - деп қынжылысын білдіреді.

Сәкенді сатқан Сәбит пе?

Бұл сұраққа қатысты түрлі дәлел-дәйексіз, нақты құжатсыз жазбалар көп-ақ. Сондай сөздер Сәбит Мұқанов шығармашылығына оқырман көзқарасын тұралатып тастады. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы Әділғазы Қайырбеков Марфуға Шапиянға Сәкен мен Сәбиттің қарым-қатынасы туралы былайша баяндаған:

"...Сәбең Сәкенді өзіне ұстаз тұтты, өмір бақи Сәкен деп өтті. Сәбең алғаш Орынборға барғанында Сәкеннің үйінде тұрғанын, кейінірек Мәриям апайға үйленген соң, 1930 жылы Алматыға келгенінде де алғаш Сәкеннің үйінде тұрғанын айтты. Орынборда Сәкеннің төсегінде Сәбит пен Ғабит құшақтасып бірге жатқан ғой. Сәкен ұсталып кеткен соң, жалғыз ұлы Аянға да суық тиіп, шетінеп кетеді. Сөйтіп, Гүлбаһрам апай жалғыз қалады. Сол Гүлбаһрам апай өмір бақи Сәбең мен Мәриям апайдың қасында болды, сыйласып өткен.

Басқасын былай қойғанда, қайтыс боларының алдында Гүлбаһрам апай Мәриям апайды өзіне шақырып алып: "Мәриям, мені Сәкеннің қасына қойыңдаршы деп айтар едім, бірақ оның сүйегінің қайда қалғанын өзім де білмеймін. Сондықтан мені Сәбиттің қасына қойғыз. Сендердің қастарыңда жатайын", – дейді. Мәриям апай ол кісінің аманатын орындайды. Бүгінде Кеңсайдағы зиратта Сәбең, Гүлбаһрам, Мәриям апайлар – барлығы қатар жатыр. Егер Сәкеннің ұсталуына Сәбеңнің қатысы болса, Гүлбаһрам апай осылай жасар ма еді? Ол кісі Сәбеңнің тазалығына, Сәкеннің ұсталуына қатысы жоғына сенген. Ешқандай күмән, күдік келтірмеген. Сондықтан "Мағжан мен Сәкенді Сәбит ұстатты" деген әншейін, дәлелсіз, бөстекі әңгіме. Сондықтан дәлелденбеген бос әңгімелерді айта берудің қажеті жоқ деп есептеймін. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдығына орай Алматыда, Астанада, Қызылжарда, Ташкентте, Мәскеуде үлкен-үлкен ғылыми конференциялар өтті. Соның бәрінде де, әсіресе, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен конференцияда ҰҚК-нің полковнигі баяндама жасады. Ол кісі ҰҚК мұрағаттарын ақтарып, Сәбеңе қатысты біреуді көрсеткен, не болмаса біреуді қаралаған дүние бар ма екен деп қараған. Бірақ мұндай дерек таппаған", - деп сөзін түйіндейді.

Сәбит пен Сәкеннің қатынасы туралы осы дерек көңілге қонымдырақ түйілді. 

Мағжанды Сәбит сатты ма?

Алаш қайраткерлері ақталған сәттен бастап оларға күйені кім жаққаны туралы деректер елдің қызығушылығын оятты. Мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаеваның altaynews.kz сайтының тілшісі Есімжан Нақтыбайұлына берген сұхбаты 2018 жылы кең таралып, көптеген адам деректерді лезде таратқан еді. Онда мағжантанушы:

"....1936 жылы Мағжан кешірім алды дедік қой. Сол кезде ақынның Қазақстанға қайтқысы келмеген. Түрмеде Иван Фетисов деген Парижден оқып келген профессормен бірге отырады. Сол Фетисовтан медицина ілімін үйреніп, фельдшер деген мамандық алып шығады. Сол кісі Мағжанға қайтпа деген ақыл айтады. "Қазір Қазақстанда қанқасап жүріп жатыр, сен қал" деп, өзінің Ленинградтағы Таися атты қарындасының телефон нөмірін береді. Профессордың ақылын алып, әйелі Зылихамен Ленинградта  қалмақшы болған. Мағжан сотты болған жылдары әйелі 14 рет іздеп барған ғой. Сөйтіп тұрғанда Сәбит Мұқановтан хат келеді.

"Біз сізді кешірдік. Коммунистік партия бәрін кешіре де біледі. Келіңіз, сізді Жазушылар одағына мүше қыламыз", - деп хат жазады. Сәбит Мұқанов КГБ қызметкері болған екен. Өзі ШОН-ның мүшесі болғанын еңбектерінде ашық айтады. Оны "Қарабөрік" деп атаған. Қазақстанда болған 360 көтерілістің Көкшетаудағы біреуін осы Сәбит қанмен басқан. Қолына қару алып, жерлестерін өз қолымен атқан. Бұл да тарихта бар. Мағжан хатқа алданып, Қазақстанға оралған. Осылайша алдап әкеліп, Қазақстанда атқызып отыр ғой", - деген дерек ұсынады.

Бірақ сәбиттанушы Күлаш Ахметова: 

"Бақыткамал Қанарбаеваның Сәбит Мұқанов пен Мағжан Жұмабаев қарым-қатынасындағы айтып жүргендері 99,9 процентке қате", - деп "Массагет" сайтына пікір білдіреді.

Күлаш Ахметова кей адам айтып жүрген деректердің жылы оқиғалармен сәйкес келмейтінін айтады:

"Мағжан 1937 жылы 25 нау­рызда Алматыға жетті. Сәуір-мамыр айларында Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең Алматыға Мағжанның келуімен байланысты гу-гу әңгіме шыға бастағанда, еңбек демалысын алып, "Жұмбақ жалауды" жазуға Мәскеуге тартып отырады. Мау­сым­дағы әңгіме шілде айында мерзімді басылымдарға ауы­сып, Сәбеңнің соңына "шам" алып түсті. Сәкен мен Сәбит Мағ­жанға көмектесті, қаржылай қарас­ты деп. Содан сескенген Сәбең қыркүйекке дейін Мәскеуде бой тасалай тұрды.

1937 жылдың қыркүйек айы­ның жетісінде Алматыдағы ақын-жазушылардың қалалық жиналысы өтіп, Мәскеуден Сәбит Мұқа­новтың тез оралып, талқыға түсуін талап еткен қаулы алды. Осыдан кейін Сәбит Мұқановты Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы: "Муканов, как активный член контрреволюционый националистической группировке, как пособник народа и как неразоружившийся буржуаз­ный националист", - деп, партия қатарынан шығарды. "Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Вали­ах­метовым и Джумабаевым, ныне разо­бла­ченными врагами народа", - деп­, Жазушылар одағының тө­р­­­­­а­ға­­лығынан да алды".

Ахметованың айтуынша, Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазу­шылар одағын 1936-1937 және 1943-1951 жылдар аралы­ғында екі рет басқарған. Екінші рет басқарғанында Мағжан жоқ. Ал Сәбең бірінші рет басқарғанында Мағжанға көмек қолын созып үлгерген. Оның есесіне, Сәбит Мұқанов өзінің жағдайын ауырлатып алады.

"Мағжан Жұмабаев ұсталмай тұрып, Сәбит Мұқановтың өзі қудаланды. Ал Мағжан Жұмабаев 1938 жылдың 30 желтоқсанында ұсталды. Ол кезде ОГПУ тұрмақ, қарапайым қазақтың өзі астында тағы, қолында мөрі жоқ, қуғын­далып жүрген Сәбит Мұ­қановтан: "Мағжанды не істейік?" - деп ақыл сұрамақ түгілі, сәлем де бермейтін кезі. Осы даңғаза белгілі бір шағын топтың ғана жыртысын жыртқанымен, тарихи құжат бәрін өз орнына қояды", - дейді ол.

P.S. Пікірлердің қарама-қайшылығы адамды шатастырмай қоймайды. Алайда бір адамның басын қаралауға да, ақтауға да нақты дәлел мен дәйек қажет. Дәлелсіз айтылған сөз шындықтан біраз алшақ кетеді. "Сәбит сатқын ба?" тақырыбы көпшілік үшін қызық, әрине. Жан тәсілім еткен адам ешкімнен моральдық шығын талап етпейді. Дегенмен деректерді саралай білгеніміз жөн.