БІЛІМ

Алаш арыстары жазып кеткен оқулықтарды білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қазақ даласына XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында білім-ғылым ұғымы келді. Осы уақытта Алаш зиялылары халықтың көзін ашу мақсатында кітаптар шығара бастады. Bugin.kz порталы осы оқулықтар жөнінде деректер ұсынады.

1. Мағжан Жұмабаев, "Педагогика". М.Жұмабаевтың "Педагогика" атты оқулығы – педагогика және әдістеме ғылымдарына қосылған үлкен үлес. Оқулық алғаш рет 1922 жылы Орынборда басылды. Бұл ғылыми еңбек 15 бөлімнен тұрады. Әр бөлімінде педагогика  ғылымын жан-жақты саралаған.

Қазіргі кезде "Педагогика" ата-ана, мұғалімдер, студенттер мен оқушылар үшін аса бағалы еңбекке айналды.

2. Ж.Аймауытов, "Психология". Осы ғылым саласында қазақ тілінде жазылған тұңғыш кітап  1926 жылы басылып шықты, 382 беттен тұрады. Автор бұл еңбегінде адам психологиясын тереңінен зерттейді. Оның бұл саланы зерттеп, жазған мәселелері қазақ ғылымында оған дейін ешкім көтермеген тақырыптар еді.

3. М.Дулатұлы, "Есеп құралы". "Есеп құралы" оқулығы 1914 жылы Орынборда басылып шығарылды. Математиканы қазақша оқыту мақсатын көздей отырып жазған бұл еңбегінде ол  көптеген терминдерді ойлап тауып, бірқатарын орыс тілінен тікелей аударды.

Міржақып – математика пәнінің бастауыш мектеп оқулықтарынан бастап қолданылатын негізгі атауларын алғаш жасаған тіл жанашыры. Қарапайым арифметикалық ұғымдарды білдіретін бұл атаулар бүгінге дейін тұрақты түрде қолданылып жүр. 

4. Ахмет Байтұрсынұлы, "Тіл – құрал". "Тіл – құрал" – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық негізінен əр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған. Бірінші, "Тіл танытқыш кітап: Дыбыс жүйесі мен түрлері" (1914), екінші, "Сөздің жүйесі мен түрлері" (1914-1915), үшінші, "Сөйлем жүйесі мен түрлері" (1923). Барлығы да Орынборда жарық көрген.

"Тіл – құрал"  – қазақ лингвистикасының фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп берген алғашқы кітап. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды және терминдер жасады. Бұл кітаптағы сөз таптары, ережелер және лингвистикалық атаулар қазір де қолданылып жүр.

Бану Әбдіғалиева