Саясат
Нәтижелі еңбек атаққа лайық
Бізде қаптаған академик, пәленше ғылымының докторы, түгенше ғылымының профессоры атағын алғандар көп. Бірақ, артында ізі жоқ. Неге? Егер ізі болса, халық өзге елдің тауарларын сатып алмас еді.
Ресми жиналыс не, ұйымдастырылған жай бір кешке бара қалсаң, модератор қонақ кісінің атын, ғылымға сіңірген еңбегін айтып сөз кезегін береді келіп. Қағазға жазсаң, түгелдей жарты бет абзацты құрайтын марапаты мен атағын жазып тауыса алмайсың. Десе де, олар жүрген жерінде сыйлы. Өйткені, «ҒАЛЫМ» деген дардай атағы бар. Бірақ, ғалымдар көбейгенімен, елде ғалымдардың шын ғалым екендіктерін дәлелдейтін дүние табылмайды-мыс.
Сәнді тақырыптардың«тізесі шықты»
Мәселен, бір қалада жас ғалымдардың байқауы болды делік. Онда оқушылар интернеттен, не оқытушысының дайындап берген баяндамасын оқып береді. Болды. Артынша жүлделер тағайындалып, ақпарат көздерінде «Жас ғалым – 2019» жарысы өз мәресіне жетті. Жас ғалымдар технологияға серпіліс, жаңалықтар енгізбек» деген бірсыдырғы мәлімет тарайды. Оның өзінде ұйымдастырылған шаралар гуманитарлық бағытттардағы пәндер бойынша жиі өтеді. Сонау ғасырлардан жатталып келе жатқан тарих, соғыс, жыр-дастандар,пәленше ғұламаныңпублицистикалық сарына, әдебиетке қосқан үлесі, стилі, ерекшелігі, мәдениет жайлы «сәнді зерттеулерді» қорғаудан әрі аспайды. Жоғары оқу орындарында да, оқытушы ұстаздардың арасында өтетін ғылыми жобалардың тақырыбы да сондай. «Соқыр көргенінен таңбайды» дегендей бір жолдан екінші жолға шығуға әрбір ізденуші тәуекелге бара бермейді. Ал, нарық заманы болса, ғылымдағы бірізділікті, тізесі шыққан тақырыпты қаузай беруді жаратпайды.
Себебі, ғылым дегеніміз, теория ғана немесе қағазға жазылған 100 беттік баяндама, мақала неұрланып басылған жұмыс емес. Ол–теория мен практиканың ұштасуы нәтижесінде жұмыстың сәтті, барша өркениетке қолайлы түрде жүзеге асуы. Өндірісте жарамды, тұрмыста қолданатын, экономикаға, ел әлеуетіне мол игілігін тигізетін жаңалық енгізу.
Ғылымға жалғандық жат
Ұрланып басылған демекші, 2018 жылдың басында республикалық бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық ғалымдардың 250-ден астам еңбектері жалған журналдарда жарияланғаны хақында ақпарат таратты. «Сонда ғалымдар бір-бірінен ұрлап мақала жазғыш болғаны ма? Әлде, беделді басылымның атын жамылып, қаржы табуды мақсат тұтқан шетелдік басылымдардың құрған торына отандық ғалымдар оңай түсіп қалды ма?» деген сансауал көптің көкейіне дүмпу туғызғаны жасырын емес.
Бұл мәселенің бір бұрышы ғалымдар жұмысына қойылатын талаптардың біріне тірелетіні анық. Жалпы, ғылыми тілде ғалымдар еңбегін ұрлап басатын басылымдарды «қоқыс және жыртқыш» журналдар деп атайды екен. Ғалымдардың қаржысын иемденіп, мақалаларын жариялайтын жалған журналдардың жұмысы соңғы бес жылда қарқын алған.
Ғалымдардың мақала жазбауына да шара жоқ. Ғылымда доктор атанып, дәреже көтеру үшін міндетті түрде өн бойында ғылыми жаңалықтары жинақталған мақалалар шетелдік басылымдарда жариялануы керек. Бұл бұлжымас қағида. Мақалалары неғұрлым көп, әрі жиі, көлемді болып басылса, соған сай ғалымдардың да табысы артады.
Нарық талабын шебер меңгерген шетелдік басылымдар кейбір өнертапқыштардың ақшасын алып, жалған журналдарға мақала басумен айналысып келген екен. Ал, ондай баспасөз құралдарына мақала шығару құны– 1500 долларға жуықтайды екен. Қазақстан зерттеушілеріне 2012 жылдан бері қарай осы «жыртқыш» журналдар танымал.
PhD докторанттары, профессор, доктор ғылыми атағын алуға үмітті ізденушілер осы журналдарға мақалаларын шығартады. Жалпы, «Scopus» құрамында түрлі ғылым салаларын қамтитын 22 мыңнан жоғары журнал бар. Тіпті ендігі кезекте сапасы сын садағын көтермейтін журналдарды ұйым қатарынан шығарып тастауы да мүмкін.
Небәрі 12 айда 250-ден аса мақаланың аталмыш басылымдарға басылуы, ғалымдар олардың осы әрекетке біліп, не білмей мақаласын басуға сұраныс тастауы елдегі ғылым саласының дамуына кері ықпал ететіні сөзсіз. Себебі, ғылым таза шығармашылық ойдың жемісі. Көшіру мен ұрлау бұл салаға жат.
Көшіру дегеннен шығады, соңғы кездері ғылым мен білімнің терісін илеп жүрген жандар ғылымда да ән әлеміндегідей «жиендік жасау» тәсілі үйреншікті жағдайға айналды деген пікірді алға тартады.
Сонау 2003-2005 жылдары ауылшаруашылық жылы деп жарияланды. Қазір кез келген ауылда шөпті арнайы техникамен емес, әлі күнге дейін орақ, шалғымен орады. Оын күнделік көз көріп жүр. Қарапайым үй қабырғаларын өретін кесектің өзін қолмен құяды. Айранды да сепаратрмен емес, күбімен піседі. Сонда ауылшаруашылығын дамытамыз деген ұран жалаң сөз бен реформа жасау үшін ғана қажет болғаны ма? Шетелдік түрлі жанрлардағы киноларды немесе деректі фильмдерді көріп отырсақ есік алдын, бақшаларындағы бір-екі қарыс көк шөптің өзін арнаулы құрылғымен орады. Бізде ше? Баяғы жартас, сол жартас.
Ғылымның дамуы – әлеумет жағдайының дамуы. Әлеумет жағдайы, ауыл адамдарының, қарапайым шаруа өкілдерінің қол еңбегін талап ететін жұмыстарды жеңілдету үшін қажет-ақ!
P.S. Бір ғана мақалада бүкіл ғылымды зерттеу, бағдарын айқындап шығу мүмкін емес. Десек те,қарапайым ғана мысал, күнделікті ұялы телефоныңызды қуаттандырып (зарядка) жүрген құралда қытайлық, сіріңкеде ресейлік не украиналық деп жазылып тұрады. Ал, тоңазытқыш, үтік, телефон, теледидарды ойлап тапқан қай елдің ғалымдары? Жапон, қытай, кәріс, ағылшын, швед...
Міне, мәселе қайда жатыр?