ТӘРБИЕ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Қазақ халқында екі жастың отау тігуіне қатысты түрлі салт-дәстүр бар. Мәселен құда түсіп келген кезде қыздың жеңгелері күйеу баланың қалтасын қарайды, балдыздары аяқ киімін тығады дейтін жоралғылар кездеседі. Мұны еліміздің әр жерінде түрліше қабылдайды. "Расында күйеу бала туралы мұндай салттар қазақ халқында болған ба?" деген сұрақ төңірегінде Bugin.kz тілшісі қызық мәліметтер ұсынады.
Күйеу табақ
Қазақ күйеу баласына "сыбаға" деп төс беретін болған. Ал қыздың жеңгелері күйеу баладан табаққа ақша салу рәсімін жүргізген.
Аяқ киім тығу
Күйеу бала ең алғаш жұбайының шаңырағын аттаған сәтте балдыздары, яғни келіннің іні-сіңлілері жезделерінің аяқ киімін тығып қояды. Күйеу бала аяқ қиімін арнайы салықты төлегеннен кейін ғана алады. Салықтың бағасын балдыздар өздері қойып, жезделерінен ұсынған соманы беруді талап етеді. Кейбір кезде салық түрі аяқ киімнің негізгі бағасынан асып кетуі де әбден мүмкін. Айта кетсек, бұл дәстүр Батыс және Оңтүстік Қазақстанда әлі күнге дейін сақталған.
Күйеуаяқ
Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша ата-енесін қошеметпен өз үйіне кері апарып салады. Ата-енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны күйеуаяқ деп атайды.
Қалта қағар
Күйеу қыздың үйіне құдалыққа келгенде (қыз ұзату алдында болатын құдалық), қалтасына ақша, беторамал, әшекейлер салып келеді. Есіктен кіргенде қыздың жеңгелері күйеу жігіттің қалтасындағы заттарды алып, өзара бөліп алады.
Атбайлар
Күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Ентікбасар
Күйеу бала қыздың жеңгелеріне ентікпе (ентікбасар) сыйлық береді. Күйеу жігітке арнайы үй тігіледі. Оған кірерде күйеу шатыр көрімдігін береді. Оны кей жерлерде қынаменде деп те атайды.
Шатыр байғазы
Неке қиылғаннан кейін жаңа түскен келіншек той тарқағасын далаға тігілген шатырға шақыртылады. Бұл үлкендердің: "Күйеуің екеуің ержетіп, адам болдыңдар. Келешек шаңырақ иесісіңдер", - дегені. Шатырдың байғазысын күйеу жақтың бір құдағиы болашақ отау осылардікі деген ниетпен береді.
Мойын тастау
Бұл дәстүр қыз жақ отау көтеріп ұзатса ғана ұйымдастырылады. Яғни, отау көтерер тойына сойылған малдың мойны күйеуге беріледі. Ол тазалап мұжыған соң, түндіктің кішкене ғып ашылған жерінен сыртқа лақтырады. Сүйекті тесіктен шығара алса, "келіншегіңнің бетіндегі мөр тозбай, мәңгі сұлу болады екен" деп арқасынан қағады. Шығара алмаса, жығынды болып, жеңгелеріне айып төлейді.
Деректер "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабынан алынды
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева