Weekend
Біз қарама-қарсылықтардан тұратын әлемде өмір сүреміз.
Қазақстан халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің елу жылға жуық адал еңбегімен ел жүрегінен орын алған тұлға. Жылдар бойы жас ұрпақ о кісі сомдаған кейіпкерлердің өмірінен өнеге алды, сезімін шыңдап, болашақ бағытын айқындады. Орындаған әндері халқының рухани шөлін қандырып, жақсы-жаман күндерде үміт сыйлайтын жан серігіне айналған. Өнертану ғылымына қосқан үлесін таным мен талғамы биік зиялы қауым жоғары бағалауда.Осынау байтақ отанымыздың барлық өңірінде шәкірттері еңбек етіп жатыр. Олар ұстазының атына, абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады.
Біз қарама-қарсылықтардан тұратын әлемде өмір сүреміз. Жарық бар жерде – түнек, биіктік бар жерде – төмендік, жақсылық бар жерде – жамандық болуы заңды құбылыс. Егер үдерістер осылай өрбімесе, асылдың қадірін білмес те едік. Осы мағынада алғанда, бірер жыл бұрын Тұңғышбай Жаманқұловтың басынан өткен қиындықтарды бұрын да жақсы-жайсаңдардың жүйкесін жұқартқан, келешекте де талайлардың тағдырына балта шабар мәңгілік күрес ретінде қарастыру мүмкін. Бір жақсы жері, халық кез келген құйтырқы ойындарды түсініп, өтірік пен шындықты бір-бірінен ажырата алады, ешқашан арындай ардақтаған аяулысын жауға бермейді. Тұңғышбайдай төрелі ұлына араша сұрап, табандылық танытқан өрелі елге қанша алғыс айтсақ та аздық етеді.
Тұлғаның былайғы пендеден ерекшелігі – тағдыр тепкісіне төтеп бере білуінде. Түгел ұлт жақтап тұрғанда, тобырмен тәжікелесу деген не, тәйірі! Барша ұлы адамдар сияқты Тұңғышбай Жаманқұлов та сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Қарсыласқа келтек ала ұмтылмай, пасық пиғылды пенделерге қолын бір сілтеп, өзінің сүйікті ісімен айналыса берді. Театр қайраткерлері одағын, салалық журналын құрдымға кетірмеу үшін тырысып бағуда.
Соңғы үш күнде Тұңғышбай Жаманқұловтың ұйымдастырумен Нұр-Сұлтан қаласындағы жастар театрында үлкен мәдени шара болып өтті. Дәлірек айтсақ, 2020 жылы Ташкент қаласында өтетін ТМД, Балтықбойы елдері және Грузия жастар театр форумына іріктеу жүргізілді. Онда 35 жасқа дейінгі режиссерлардың туындылары көрермен назарына ұсынылды.
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театры «Жүрегімнің иесі» (А. Аламан, режиссері Ә. Оспанбаева), Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Абай.Жан»(режиссері Ф. Молдағалиев), Елорданың «АИ» театры «Федра»(режиссері Д. Жұмабаева), астанамыздағы Жастар театрының «Жер мен көктің арасы»(М. Леви, режиссері Д. Серғазин), «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Жыр-Жолбарыс»(«Ә. Бағдат, режиссері Е. Нұртазин), С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облысы қазақ драма театры «Жан дауысы»(Б. Жақып, режиссері Ф. Молдағалиев), Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры «Званый ужин с итальянцам»(режиссері Е. Пермякова), К. С. Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры «Разговор, которого не было»(Р. Белецкий, режиссері Е. Лекенов)қойылымдарымен қатысты.
Аталмыш шараға халықаралық сарапшылар шақырылды. Атап айтқанда, штаб-пәтері Мәскеу қаласында орналасқан ТМД, Балтық елдері және Грузия театр қайраткерлері одағы конфедерациясының жауапты хатшысы Ирина Троицкая, конфедерацияның сарапшы мамандары Мария Хализева, Глеб Ситковский шараға өте жоғары баға берді. Осындай іріктеу арқылы өткен қойылымдар ғана халықаралық форумда көрермендер мен мамандар көңілінен шығатынын айтты. Енді олар Мәскеуге барып, алған әсерін ой елегінен өткізеді де, қай қойылымның форумға баратыны жайлы шешім шығарады.
Жалпы, ТМД, Балтықбойы елдері, Грузия жастарының театр форумы 2012 жылы Молдовада, 2015 жылы Белоруссияда, 2018 жылы Арменияда өтті. Онда Ресей халық әртісі Игорь Ясулович(Ресей), театр сыншысы Елена Дьякова(Ресей), композитор, режиссер Артём Ким(Өзбекстан), актер Александр Феклистов(Ресей), театртанушы Сона Мелоян(Армения) сияқты майталмандар қазылар құрамында болады. Бұл құрам әр форумда өзгеріп тұрады. Дегенмен, осындай білікті мамандардың ықыласына бөленген қойылым форумда үздік деп танылып, халықаралық беделді байқауларға қатысуға жолдама алады.
Бұл беделді форумға әр жолы іріктеу арқылы бір театр қатысып отырған. Іріктеу шарасын ұйымдастыратын Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов. Шараны мемлекет қаржыландырмайтын көрінеді. Армениядағы форумда М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театр «Король Лир»(Шекспир, режиссері Е. Нұрсылтан) қойылымын қойған.
Театр – қоғам өмірінің айнасы. Айналамызда болып жатқан жетістіктер де, кемшіліктер де шығармаларда сәулеленіп жатады. Сондықтан да, театрдың идеологиялық, тәрбиелік маңызы зор. Мемлекетті әлемге танытатыны да бар. Бұл шара да қазақ театрын халықаралық деңгейге алып шығу жолындағы бір талпыныс. Егер келесі жылы әлдебір спектакліміз форумда мойындалып жатса, ол Тұңғышбай Жаманқұловтың да, еліміздің де мерейін өсірмек.