БІЛІМ

Алашорда әнұранының авторымен байланысы болғаны үшін абақтыға жабылған қаламгер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz 

24 қараша – көрнекті қаламгер, балалар әдебиетінің негізін салушы Сапарғали Бегалиннің туған күні. Ол 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында дүниеге келген. Bugin.kz порталы "Бала Шоқан" кітабы арқылы қазақ жұртына танымал жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.

Сапарғали Бегалин туралы тың деректерге тоқтала кетсек:

• Жазушы 25-ке тарта дастан, 12 повесть, жүздеген әңгіме, 9 шағын пьесаның авторы.

• Балаларға арналған отыздан аса көлемді әңгімесі бар. 1960 жылы көлемі 21 баспа табақ "Жеткіншек" атты таңдамалы әңгімелер жинағы басылды. 

• Алғашқы өлеңі "Қазақ бозбалаларына" 1914 жылы "Айқап" журналының №9 санында басылды.

• Пушкин, ЛермонтовШевченко, Лесков және басқа да орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған.

• 50-ден астам әннің сөзін жазған. Олардың ішінде "Ақтамақ" (муз. С.Кәрімбаевтікі), "Ақ көгершін" (муз. А.Жұбановтікі) тәрізді әндері халық арасында кеңінен тараған. Ақынның өлеңдері бойынша М.Төлебав, Л.Хамиди, С.Мұхаметжанов сынды композиторлар әуен жазды. 

• Алашорда әнұранын жазған ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровпен байланысы бар деп, сыбайлас деген айыппен үш ай Семейдегі абақтыға жабылады.

• 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" газетінің 16 нөмірінде  "Құлагер" өлеңі жарияланады. Сол жылдар репрессиямен тұспа-тұс келіп, Ілияс Жансүгіров қамауға алынып, сотталады, атылады. Оның барлық қолжазбалары мен кітаптары тәркіленеді. Ал "Құлагер" барлық газет беттерінен  жойылады. Оның мәтіні мәңгілікке ұмыт болудың алдында еді. Бірақ Сапаргали Бегалин Ілиясты қамауға алғанын біліп, өлең жарияланған нөмірлерді жасырып қояды. "Құлагер" осылай сақталып, жинаққа енгізіледі.

• Абайдың өмірін зерттеп,  мұрасы, замандастары жайлы тың деректер беретін "Қияспай", "Сауық кеш", "Назипа Құлжанова" тағы басқа мақалаларын жариялаған. Абай рухына арналған "Ұрпақтарға" атты өлең жазған.  

• Иса, Шашубай, Өтеу, Доскей шығармаларын бастырып, олардың өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын жас ұрпаққа таныту мақсатында көп еңбек еткен. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап "Халық ақындары", "Өмір жыры" жинақтарын шығарды. Жыр алыбы Ж.Жабаев туралы монография жазды. 

• Көне қазақ аңызының сюжетіне құрылған алғашқы кітабы — "Қыран кегі" поэмасы 1944 жылы шықты. Бұдан кейін жас аңшы туралы "Сәтжан" атты повесін жариялайды. Повесть орыс тіліне аударылып, Мәскеудің "Пионер" журналына басылып шықты. РСФСР Оқу Министрлігінде өткен конкурста сыйлыққа ие  болған. Кейіннен шығарма әзербайжан, өзбек, армян және корей тілдеріне аударылды. Польшада "Сейіттің ботасы" деген әңгімелері жеке кітапша болып шықты».

• Жазушылық жөне саяси-қоғамдық еңбектері үшін  "Құрмет Белгісі" орденімен , Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен  марапатталған.

• 1952 жылдан бастап С. Бегалин — Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі лауазымына ие болады.

Халықтың мол мұрасын бойына сіңіріп бүгінге жеткізген                                                         

Сапарғали Бегалин — біздің алтын сандығымыз. Еске сала кетсек,  1996 жылдан бастап Республикалық  балалар кітапханасына  ақынның есімі берілген.

                                                                      Бану Әбдіғалиева