МӘДЕНИЕТ

Елге оралуды 50 жыл армандаған: қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионының қасіреті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

1972 жыл. Мюнхен. Олимпиада тұғырына қазақ тұңғыш рет көтеріліп, алтын медаль тақты. Ол – бәріміз танитын Жақсылық Үшкемпіров емес. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиады чемпионының ұлты туралы дерек неліктен дау туындатты? Ол неге елге орала алмады? Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

 "Бостандықтың" көлеңкесінде қалған қазақ

Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы. Ол 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданына қарасты "Табақсай" ауылында дүниеге келген. Танымал баскетболшы Бостандық ауданында дүниеге келгендіктен де оның шығу тегіне байланысты дау бар.Өйткені Бостандық ауданы 1956 жылға дейін қазақ жері саналды. Ол жердің Өзбекстанға берілуі туралы Радик Темірғалиев былайша дерек келтіреді:

"Брежнев тұсында Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді. Мұны өзбек билігі ертеректе лобби жасаған. Өзбек билігі соғысқа дейін де бұл аумақты алуға тырысқан. Шаяхметовтың кезінде ол бастамаға кедергілер болды. Хрущев билікке келгенде Мұхиддинов сындылар бұл мәселені көтерді. Жұмабай Шаяхметов бұған қарсы болды. Республика элиталарының бұған көңілі толмады. Түрлі хаттар жазылды, қарсылық болды. Алайда оның бәрін елемей, Бостандық ауданы өзбек меншігіне өтіп кетті".

Көпшілік Әлжанның ұлты өзбек деп жаңылысатын. Ол сұхбаттарында ата-бабасы Қызылорданы мекендегенін, тек ашаршылық жылдары Бостандық ауданына қоныс аударғанын айтады. Әкесі – қазақ. Шешеси – украиналық казак. Мюнхен Олипиадасы чемпиондарының тізімінде Әлжан Жармұхамедовтың ұлты қазақ деп көрсетілген. Туу туралы куәлігінде "Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді" деп, ресейлік паспортында да ұлты "қазақ" деп  жазылған.

Қара жұмыстан кәсіби спортқа жолдама

Жармұхамедов орта мектепті бітірген соң, "Өзбекхиммаш" зауытында тегістеуші болып жұмыс істейді. Зауыттың спортсекторы Роман Салетдинов ұзын бойлы жігітті сырттай бақылап жүреді. Күні бойы аяғынан тік тұрып жұмыс істейтін жігітті үгіттеп, кешкісін залда баскетболға жаттықтырады. Әбден шаршап жүрген жігіт кәсіби спортшы болуды армандамайды. Жұмыс кезінде оң қолының екі саусағының басы станокқа кесіліп кетеді. Екі жылын еңбекке арнаған Әлжан 1963 жылы Ташкенттегі Дене тәрбиесі институтына оқуға қабылданады. Баскетболшы сол кезде ғана жанын салып, шындап жаттыққан. Ол 1967 жылы оқуын аяқтап, Ташкенттің СКА баскетбол командасына қабылданады.

1967 жылы әйгілі бапкер А.Гомельскийдің ЦСКА командасына шақырады. Әлжан ол команда сапында ойнаудан бас тартады. Нәтижесінде 1968  жылғы олимпиада алдында құрама тізімінде тұрып, аяқ асты сызылып тасталады. Бәрібір Гомельский они әскери борышты адам ретинде милиция жіберіп, ЦСКА-ға алдырады.

Әлжан Қазақстан атынан үлкен додаларда бақ сынай алмады? Қазақстанға неге көшпегеніне тоқталсақ, себебі де жоқ емес. Ол бірнеше рет Қазақстанға көшіп келуге талпынады.

Өкінішке қарай 1987 жылы елге келген Әлжан Мүсірбекұлына сол кездегі спорт басшылары баскетбол маманы емес, нысана көздеуші қылып жұмыс "тауып" береді. Мұндай құқайыға шыдамаған  Олимпиада чемпионы Мәскеуге қайтуға мәжбүр болады. Бұдан кейін тағы бір рет келудің амалын жасапты. Оның реті келмеген. Содан бері Ресейде тұрып жатыр. Есей Жеңісұлына берген сұхбатында ол:

«Алматыға тұрақтау – менің 40 жыл бойғы арманым. Алматыны алғаш 1967 жылы көрдім де, қатты ұнатып қалдым. Бір-екі рет Алатаудың баурайындағы қалаға орнығудың мүмкіндігі болған-ды. Бірақ тағдыр мені, неге екенін білмеймін, екі ретте де алыстатып жіберді", - деп қынжылған.

Спортшы сол күйі отанына қоныс аудара алмай, 2022 жылы 78 жасында көз жұмды.

Тарихты өзгерткен 3 секунд

АҚШ пен КСРО кез келген салада, тіпті спортта да бір-бірімен қатты бақ таласатын. 1936 жылы баскетбол Олимпиада ойындарының құрамына енглізілгеннен бастап, бұл спортта тек АҚШ жеңіске жететін. Содан болар, 1972 жылы Мюнхенге КСРО баскетбол құрамасы тек күміс дәметіп барған. Ойын барысында АҚШ-тан ұпай жағынан озып отырғандықтан, олар жеңістен үмітті болады. Себебі 1952  жылдан бастап КСРО баскетболшылары АҚШ-пен табанды күресті.

1972 жылғы ақтық финалдағы соңғы үш секундты чемпион жиі еске алады:

"Матчтың аяқталуына үш секунд қалғанда, біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіле бастадық. Есте қалғаны    соңғы үш секунд. Иван Едешко допты бағыттап, Александр Беловтың жеңісті доп салуына көмек берді. Ал, Саша болса, допты себетке салып үлгерді. АҚШ құрамасы матч қорытындысына  наразылық білдірді. Мен бұл матчта командаға 4 ұпай әкелдім", - деді ол.

Осылайша, КСРО баскетболшылары АҚШ құрамасын жеңіп, тарихты өзгертеді.

"Түркістанның жалыны", "темір жар" сынды лақап аттары болған спортшы 9 дүркін КСРО чемпионы(1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Европа чемпионы (1967, 1971, 1979 ж.ж.) атанған.