Bugin
Фото: Getty images
Арктикада қазіргі өмір стандартына сай келмейтін ауыл бар. Ауыл Ню-Олесунн (New Аlesund) деп аталады. Мұнда Wi-Fi-ға тыйым салынған, ғимараттар ешқашан құлыпталмайды. Ауасы ең таза аймақ туралы Bugin.kz тілшісі ақпарат таратады.
Цеппелин тауларының баурайындағы қар күн сәулесіне шағылысып, гауһар тастай жарқырайды. Ню-Олесунн ауылы ғажайып аумақта орналасқан. Онда қыста 45-ке жуық адам, жазда 150-ге дейін адам тұрады. Ауыл – жер бетіндегі ең шеткі аймақтың бірі. Бір жағы таумен, екінші жағы терең әрі тар өзенмен қоршалған. Жаңа Алесуннің ауа таза болғанымен қатар, табиғаты теңдесі жоқ сұлу.
Ауыл 1916 жылы көмір өндіру мақсатында құрылған. Шахталар жақсы жұмыс істеп тұрған кезде бұл мекеннен жылына 200 тоннаға дейін көмір өндірілетін. Бірақ араға 18 жыл салып, көмір өндіру толығымен тоқтатылды. Осы аралықта адамдар қаланы тастап кетеді. Қаланың бар екені мүлдем ұмытылады. Кейін 60-жылдардың аяғында ғылыми-зерттеу аумағы ретінде қайта жанданды.
Ню-Олесуннның тұрақты тұрғындарының көпшілігі – ғалымдар. 1989 жылы Цеппелин тау баурайында, жер деңгейінен 472 метр биіктікте Зеппелин обсерваториясы құрылды. Бұл обсерватория атмосфераның ластануын бақылайды.
Уақыт өте келе бұл ғылыми-зерттеу станциясы климаттың өзгеруінің негізгі себебі делінетін парниктік газдарды өлшейтін маңызды нысанға айналды.
Бұл жер тек ғылыми зерттеулерге арналған орын емес. Мұнда да адамдар қалыпты өмір сүреді. Тек аумақта Wi-Fi қосуға тыйым салынған. Қала радиотолқындарсыз аймақ болып саналады. Тіпті біреу оны пайдалану керек болса да, радиотолқындарды пайдалану үшін арнайы рұқсат алуы керек.
Барлық ғимараттардың есігіне құлып орнатылмайды. Себебі ақ аюлар бұл шағын қалашыққа анда-санда келеді. Есігі ашық баспаналар кенеттен аюға тап болған адамдарға арналған.
Дегенмен мұндай тамаша аймақта да климаттың өзгеруінің салдары сезіледі. Жел арқылы Америка мен Еуропадан әртүрлі ластаушы заттар аумаққа келуде. Зерттеушілер ауаны ластаушы заттардың көбейіп, жаңа түрлері пайда болып жатқанын байқаған. Ню-Олесунн адамдардың ауаның қалай ластанып жатқанын картаға түсіруде үлкен рөл атқарады.