ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге сәби әкелген әйелде психологиялық, физикалық тұрғыда түрлі өзгеріс болады. Әсіресе, жас босанған келіншектердің өзіне қол жұмсайтындары да кездеседі. Бұған не түрткі болады? Жаңадан босанған аналарға қандай көмек көрсету керек? Bugin.kz тілшісі аталған сұрақтар бойынша гинеколог-сексолог, психолог Төремұратқызы Жаннадан жауап алды. Сонымен қатар маман перзентханалардағы терезе ашқыш (ручка) тек медбикелердің қолында не үшін жүретіні жайлы құпияны айтты.
- Жаңадан босанған әйелдің денсаулығына қандай күтім керек?
- Жаңа босанған әйел магний, кальций, Д дәрумені сияқты микроэлементтерге анализ тапсырып, өзінде қандай дәрумендердің жетіспейтінін анықтап алған жөн. Егер аз мөлшерде жетпесе, орнын толтыруға болады. Ал тапшылығы жоғары болса, иннекциялы дәрумен түрлерін қабылдауы керек.
- Жас аналар ескере бермейтін жағдай туралы толығырақ айта кетсеңіз?
- Мұндай жағдай өте көп. Мәселен, босанғаннан кейінгі тазалық, психологиялық жағдайы, қынап бұлшықеттерінің босап кетуі, т.б. Жалпы денені, қынап бұлшықеттерін қатайту мақсатында арнайы жасалатын жаттығулар бар. Оны әйелдер арнайы интим тренерден (интимді бұлшықеттерлі шынықтыратын маман) үйренгені жөн. Себебі көбінесе әйелдер интимді жаттығу дегеніміз Кегель жаттығуы деп ойлап, соны жасай береді. Бірақ бұл жаттығудың пайдасы аз. Қынап төмен түссе, дәрігердің көмегімен нешінші дәрежеде екенін анықтау керек. Содан кейін оны көтеру мақсатында маманның нұсқауымен ғана интимді жаттығу жасағаны дұрыс.
- Гинеколог ретінде босанғаннан кейінгі ана мен бала күтімі туралы не айтар едіңіз?
- Алдымен, ана мен бала қауіпсіз жерде болуы керек. Қоршаған ортасы, туған-туыстары мазаламай, жас ана мен балаға тыныштық бергені дұрыс. Әсіресе, жас ананың ұйқысының қанық болғаны мен пайдалы тағам жегені маңызды. Әйел өзіне толыққанды қауіпсіз әрі жайлы сезінетіндей жағдай жасалуы керек. Келіншек босанған соң сүті мол болуы үшін сұйық тағамдар ішіп, ет өнімдерін жегені жөн. Шай, қайнаған су, сүт ішуі керек.
Екіншіден, әйел адам баланы емізген кезде бар махаббатын салғаны дұрыс. Ойы басқа жақта, өзі басқа жақта отырса, емшегінен сүт шықпай қалуы мүмкін. Соның кесірінен балаларға бір-екі айдан кейін жасанды сүт беруге мәжбүр болып жатады. Ал ана сүті бала миы мен денсаулығының дамуына тікелей әсер етеді. Кем дегенде, 1 жасқа дейін енесі мен күйеуі жас ананың тамақты уақытылы ішіп, ұйқы режимін сақтауына жағдай жасаса, үлкен көмек болар еді.
- Босанғанға дейінгі және одан кейінгі күйзелістің болатыны рас па? Егер болса, депрессияның қандай түрлері бар?
- Депрессия болуы мүмкін. Кейде қоректік заттар жеткіліксіз болса, ағза қатты шаршайды. Әйел адамның бір мезгіл далаға шығуына жағдай жасаған дұрыс. Қасындағы адамдар не мазалайды, неге алаңдайды деген тақырыпта сөйлесіп, көңіл бөлуі керек. Босанғаннан кейін күйзеліске түскен әйелдердің кейбірі өз-өзіне қол жұмсап, балаға да зиян келтіріп жатады.
Күйзеліс екі түрге бөлінеді. Бірі – ауыр, екіншісі – жеңіл. Ауыр күйзеліске ұшыраған әйел тамақ ішпей, тіпті, сөйлеспей жатып қалуы мүмкін. Күйзелістің жеңіл дәрежесінде ол жүріп, күліп жүрсе де, іштей өзін жеп, алаңдап жүреді. "Балаң өсіп кетеді, бәріміз содан өткенбіз" деп қоя салмай, ол адаммен сөйлесіп, қажет болса, психолог маманға апарған дұрыс.
- Перзентханаларда терезенің ашқышы (ручкасы) тек медбикелердің қолында болатыны шын ба? Егер рас болса, бұған не себеп?
- Әр ауруханада әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ, расымен, кейде жас анаға терезені аштырмайды. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, кей әйелдерде босанғаннан кейінгі күйзеліс болады. Сол кезде терезені ашып секіріп кетуі мүмкін. Екіншіден, психоздың әсерінен баласын терезеден лақтырып жіберуі мүмкін. Үшіншіден, жағдайын сұрап келген жақындарымен сөйлесемін деп, терезеден соққан желден денесіне, омырауына суық тиюі мүмкін. Сондықтан бала мен әйелдің қауіпсіздігі үшін терезелерді медбикелер кварц уақытында ғана ашып, тазалап, желдетіп тұрады. Терезе ашылғанда медбикелер жаңадан босанған әйел мен нәрестені бақылып отыруы мүмкін. Бұның бәрі әйел мен баланың қауіпсіздігі үшін жасалады.
- Жаңадан босанған анаға жолдасы, жақындары қандай көмек бергені дұрыс?
- Жаңадан босанған әйелге жолдасынан, жақындарынан қолдау өте қатты қажет. Алдымен, әйел адамға тыныштық керек. Өзімен-өзі болуына мүмкіндік жасау керек. Екіншіден, оның және баласының керек екенін іспен жеткізуі керек. Күйеуі көбірек көңіл бөліп, көңіл күйіне назар аударғаны жөн. Әйел адам бір мезгіл құрбыларымен, туыстарымен, анасымен кездескісі келуі мүмкін. Сол кезде баланы алып қалып, өзін жіберген дұрыс. Ішкі әлемінде не болып жатқанын біліп, сұрап отыру керек. Сәби дүниеге келгеннен кейін тек қана балаға қарай бермей, әйелге де бір мезгіл көңіл бөлу керек. Түнде қалай ұйықтады, бала оянды ма, температурасы көтерілген жоқ па, әйелдің денсаулығы қалай, соның бәрін қадағалап, сұрап отырған дұрыс.
- Ұйқысы қанбай, баласы жиі мазасызданатын әйелдерге қандай кеңес айтасыз?
- Әйел адам бала босанғаннан кейін түн ұйқысын төрт болып, мазасы қашуы мүмкін. Бұл жағдайда ағзада микроэлементтер, соның ішінде, магний тапшы болуы мүмкін. Жүйке жүйесін тынышталдыру үшін оның орнын толтыру керек. Екіншіден, түнде тек қана әйел адамның балаға қарағаны дұрыс емес, күйеуі де жәрдемдесуі керек.
Маманнан маңызды кеңес: Әйел тоғыз ай жүктілігін мазасызданып, күйеуіне өкпелеп, жүйкесін құртып өткізетін болса, өмірге келген нәресте сол мінезін көрсетуі мүмкін. Содан бала мазасыз, жылаңқы болады. Баланың тәрбиесі мен психологиялық жағдайы анасының құрсағында жатқанда-ақ басталатынын ұмытпауымыз керек.
Маманның айтуынша, жүкті кезде келіншектер барынша сабырлы болып, жақсы дүниелер ойлауға тырысуы керек. Егер нәресте тым мазасыз әрі жылаңқы болса, оны міндетті түрде балалар дәрігеріне қаратқан жөн.