ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Бүгінде АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС (СПИД) туралы естімеген адамды кездестіру қиын. Біле тұра, сақтық шараларын жасамайтындар да бар. 2023 жылдың маусым айындағы деректер бойынша Қазақстанда 30 мыңнан астам АИТВ жұқтырған адам тіркелген. Олардың жартысынан көбі ауруды жыныстық жолмен, ал 20% - ы инъекция арқылы жұқтырған. Bugin.kz порталы АИТВ мен ЖИТС айырмашылығы неде екенін, инфекцияның алдын алу және сақтану жолдары туралы ақпаратты ұсынады.
АИТВ – адам үшін ең қауіпті вирустың бірі. Оның басты қызметі – денемізді инфекциядан қорғайтын иммундық жүйені құрту. Инфекция жұққан соң, бірнеше аптадан кейін аурудың белгілері байқалады. Температура көтеріліп, лимфа түйіндері ұлғаяды, тамақ ауырып, теріде қызыл дақтар пайда болып, диарея болады. Осылайша түсініксіз ауру денемізге тез енеді. Бірнеше жыл бойы вирус адам денесінде бар-жоғы білінбей өмір сүреді. Бірақ осы аралықта иммундық жүйені бұзады.
АИТВ инфекциясы мен ЖИТС-тің айырмашылығы неде?
АИТВ (ВИЧ) – жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы, ЖИТС (СПИД) – инфекция дамуының соңғы және ең ауыр кезеңі.
АИТВ бірнеше жыл бойы адамның иммундық жүйесіне әсер етіп, иммунитет тапшылығына әкеледі. Иммундық жүйе жұмысына зиянын тигізеді. Бұл кез келген инфекция, вирус пен ауру жолында ешқандай “қарсылыққа” тап болмайтынын және дененің олармен күресуге қабілетсіз екенін білдіреді. Сол себепті адам аурушаң болып келеді. Кейін ЖИТС-қа айналады. ЖИТС-пен ауыратын адам көп ауруды жұқтырады, нәтижесінде қайтыс болады.
ЖИТС-тің емі бар ма?
АИТВ жұқтырып, емделмеген адамның орташа өмір сүру ұзақтығы – 5-10 жыл. АИТВ мен ЖИТС-ке қарсы “ғажайып” вакцина әлі табылмаса да, бұл бағыттағы қарқынды және сәтті зерттеулер жүріп жатыр. Қазірдің өзінде вирустың дамуын тоқтататын, аурудың өршуін тежейтін және АИТВ-инфекциясының ЖИТС сатысына өтуіне жол бермейтін дәрілер бар. Ең бастысы, инфекция анықталса, емді ертерек бастау керек.
АИТВ- ны таратушылар кімдер?
Қоғамда "АИТВ-ны тарататындар – қауіпті өмір салтын ұстанатын адамдар" деген пікір бар. Олар: инъекциялық есірткі тұтынушылар, азғындықпен айналысатын адамдар, жыныстық қатынасқа кез келген адаммен түсетіндер. Соңғы жылдары ЖИТС індетін жұқтырған әйелдердің саны тез өсіп келеді. Нәтижесінде, АИТВ жұқтырған балалардың саны артқан. Демек, анасы ауырса, бала да ауырады. Сол себепті сәби көтермей тұрып, тексеруден өткен жөн.
АИТВ инфекциясы қалай жұғады?
АИТВ жұқтырған адамда вирустың концентрациясы қанда, лимфада, шәуетте, қынаптық секрецияда және емшек сүтінде болады.
Бұл инфекцияны қалай жұқтырады?
Жыныстық қатынас кезінде;
АИТВ жұқтырған адамның шприцін (ине, ерітінді) пайдаланған кезде;
ластанған қанды құю арқылы;
анасы вирустың тасымалдаушысы болса, босану кезінде;
науқас ана баласын емізгенде, анасы баласына жұқтыруы мүмкін.
Көз жасында, сілекейде, терде, зәрде, құсықта және мұрыннан су аққанда АИТВ өте төмен концентрацияда болады, ол инфекцияға жеткіліксіз. Сол себепті мұндай жол қауіпті емес. Дегенмен сақтық шараларын ұстанған жөн.
АИТВ қандай жағдайда жұқпайды?
Қол алысып, құшақтасқанда;
сүйген кезде;
бір ыдысты пайдаланғанда;
жөтелгенде немесе түшкіргенде;
төсек-орын немесе басқа жеке заттар арқылы;
қоғамдық дәретхананы пайдаланса;
жәндіктер шақса, инфекция жұқпайды.
АИТВ инфекциясынан қалай сақтанамыз?
АИТВ індетінің кебейіп жатқанына қарамастан, инфекцияның алдын алуға болады. Оның ережелері қарапайым. Өзіңізді аурудан толық қорғау үшін төмендегі ережелерді ұстансаңыз жеткілікті:
жыныстық қатынас кезінде қорғану;
стерильді медициналық құралдарды қолдану;
біреу пайдаланған инфекциялық құралды пайдаланбау.
Неліктен адам өзінде АИТВ бар-жоғын ертерек білуі керек?
АИТВ-инфекциясынан кейінгі мазасыздықты болдырмас үшін;
жақындарыңызға жұқтырмау үшін;
жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға, вирустық гепатитке, туберкулезге және басқа ауруларды жұқтырмау үшін;
АИТВ ЖИТС-ке айналмас үшін:
арнайы препараттарды уақытында қолдануды бастау үшін ертерек білгеніңіз жөн.
АИТВ өте қауіпті, БІРАҚ уақытылы тексерілсе, одан қорғануға және емделуге болады!