Weekend
Мәселе
Қазақтың рушылдығы мен жүзшілдігі хақында талай рет айтылып, жазылды. Өмір тәжірибесі қазақтың рушылдығы мен жүзшілдігінің жойылмайтын дерт екендігін көрсетіп отыр. Тіпті, жер бетінде бүкіл қазақ жойылып, тек екі қазақ қалғанға дейін рушылдықтың сақтала беретін түрі бар.
Рушылдыққа қарсы баспасөз арқылы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары кеңес заманында да, одан кейінгі тәуелсіз болған он жылда да ешқандай нәтиже берген жоқ. Сол сияқты қазақ ғұламалары мен дарын иелерінің, қайраткерлерінің «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген үрдістегі айтқан ақыл-сөздері далада қалды. Өйткені олардың айтқан сөзі мен істеген ісінің арасы жер мен көктей болатын. «Молданың айтқанын істеме, істегенін істе» деген қағиданың үздік мысалы – осы. Алматыға не Астанаға жіберілген, яғни сол деңгейге жеткен ғұлама жазушы да, ғалым да, саясатшы да іс жүзінде өз руының, өз жүзінің қамын қамдайтын «жаушы» сияқты, «өз адамдарына» көмек бере отырып, жеме-жемге келгенде тек өзі үшін ғана іс-қимыл жасайды. Жалпы, кеңес дәуіріндегі ұрандар мен үндеулердің қадір-қасиетінің құнсызданып кеткені соншама, бүгінгі әлі рушылдыққа қарсы айтылған сөздер де ешкімді тебіренте алмайтын дәрежеге жеткен. Себебі, сол сөзді айтып тұрған адамдардың өзінің іс-әрекеті іс жүзінде кәдімгі рушылдыққа негізделген қазақы тірлік екендігін жұрт білетін. Міне, сондықтан рушылдыққа қарсы бағытталған жалаң сөз науқанының құны бақыр тиын тұрмайтындығын мойындайтын уақыт жеткен сияқты.
Рушылық қазақ қоғамының барлық саласын, қуыс-тесігін жайлап алған. Ғылым болу үшін де, жазушы болу үшін де, кез келген атақ алу үшін де «руың» бинго шары сияқты керекті адамның руымен сәйкес түсуі шарт. Оған таңданатын ештеңе жоқ. Өйткені сонау темір ғасырымен бірге басталған көшпеліліктің пайда болуынан бергі 3000 жыл ішінде қазақтың да, оның негізін жасаушы әр замандық көшпелі ру-тайпалардың да барлық болмысы осы рушылдық психологияға негізделген болатын. Көшпелі қоғамдарды біріктірген де, артынан ойран еткен де осы рушылдық, яғни осы психологияның жасампаздығы мен жойымпаздығы, біріктіргіштігі мен ыдыратқыштығы қатар жүреді. Міне, үш мың жылдық, яғни үш жүз ұрпақтық рушылдықтың жүгін арқалап отырған қазақтың рушылдығы жойылады дегенге сену қиын. Кезінде Үндістанды жаулап алған Бабыр да, ағылшындар да үнді жұртын өз келбетіне сай бейімдеп, өзгертпек болды. Сол сияқты қытайды жаулап алған моңғол да, манжұр да қытайларды өздерінің қажеттілігіне сай өзгертпек болды, бірақ еш нәтиже шығара алған жоқ. Үнді мен Қытайдың екі-үш мың жыл бойына қалыптасқан болмысының инерциясы оларды өзгертуге мүмкіндік берген жоқ. Қазақ та сол сияқты, қазіргі келбеті осыдан үш-бес ғасыр бұрын қалыптасқанына қарамастан, қазақ осыдан 3000 жыл бұрын басталған көшпелілік өркениеттің жалғастырушысы болып табылады. Демек, бұл қазақтың қанында 3000 жылдық рушылдықтың инерциясы бар. Рушылдықтың тікелей тарихи қажеттілігі жойылған тұста да осындай инерция қазақты әлі біраз уақыт рушыл ете бермек деген сөз. Бағзы замандағы сақтар мен сюннулерден, сарматтар мен көктүріктерден, ноғайлар мен алтынордалықтардан келе жатқан, яғни әлдеқашан генетикалық деңгейде қазақтың қасиетінің көрсеткіштеріне айналып кеткен рушылдық психологияны насихат сөзбен, ең беделді деген жазушы мен ғалымның ақыл сөзімен жойып жіберемін деп ойлаудың өзі күпірлік.
Рушылдыққа тек ауыл қазағы ғана емес, әбден орыстанып кетті деген қазақтың өзі бейім тұрады. Оның қолына билік тізгіні тисе болды, ол лезде рушыл болып шыға келеді. Осы орайда студенттік кездегі өзім куә болған бір жәйтті айтқым келеді. Біздің факультетте гидрология деген пәннен сабақ берген бір оқытушы бар еді. Фамилиясы қазақ болғанымен, аты-жөні қазақтікіне келіңкіремейтін. Бес жыл ішінде бірде-бір рет қазақша сөйлегенін көрмеген осы мұғаліміміздің аты-жөнін «Мингаш Харисович» дейтін болғандықтан не татар, не шатыс нәсілді біреу шығар деп ойлайтынбыз. 1990-1991 жылдардың бірінде осы кісі факультеттің деканы болып тағайындалды. Бір күні кешке жатақханада тұрып жатқан аспиранттың үлкен ватман қағазы бір кісінің ата-тегінің шежіресін жазып жатқанын көріп, «мынау кімнің шежіресі?» деп сұрағанымызда, «декандікі» деп жауап берді. Қолына шағындау болса да мансап жүгені тигені сол екен, әлгі қазақша білмейтін қазақ зиялымыз үшін ру мәселесі актуалды шаруаға айналды. Ал осындай метаморфозалар қазақ тарихында аз болған деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ.
Міне, осындай мәңгілік қазақы проблеманы шешпесе де, белгілі бір өркениетті шекке келтіретін шаралардың негізгісі ретінде мектепте «Қазақ этнологиясы мен шежіре танымы» деген көп сатылы пәнді енгізу қажет деп есептейміз. Мұндай ұсыныс жасаудың елеулі себептері бар.
Біріншіден, рушылдық дегеніміз, барынша қарапайым мысалдармен айтқанда – жалпы адамзат баласына тән нашақорлық, шылым шегу сияқты дерт. Аталған нәрселердің зиян екенін білмейтін адам жоқ, бірақ соны біле тұра, ғасырлар бойына ішуі мен шегуін тоқтатып көрген емес. Темекі қорабының сыртындағы шалалау да болса қазақша жазылған «Денсаулық мині шылым шегудің денсаулыққа зиян келтіретінін» оқып отырып, темекіні түтіндете беретініміз сияқты, рушылдықтың зияндығын таяққа сүйенген қарттан бастап, асық ойнаған балаға дейінгілер де, зиялылар да, сауаты аз болар дейтін қойшы да жақсы біледі. Орайы келсе, рушылдыққа қарсы сөз саптауға келгенде зиялы да, әкім де, жай қазақ та дайын тұрады, бірақ іс жүзінде өзі сол психология ауқымында әрекет етеді. Сондықтан осы тұста қазақтың «удың бетін у ғана қайтарады» немесе орыстың «клин клином вышыбают» деген принциптің ғана қолымызда қалып отырған жалғыз әдіс екендігін мойындауға тура келеді.
Екіншіден, қазақ орысша-қазақша сауатты болғанымен осы шежіре, этнология және халықтану мәселесіне келгенде ешқандай білім жоқ, «үңгірдегі тағы адамнан» еш айырмаймыз. Рушылдықтың бүгінгі отырықшы, капиталистік және ақпараттық қоғамымызда азаюдың орнына өрши түсуінің ең басты себебі де – осы білімсіздік. Жай, орташа статистикалық қазақты айтпай-ақ, кемі бір институтты бітірген, ғылым мен өнерде, саясатта, экономика мен медицинада, басқару ісінде үлкен шаруа бітіріп жүргендерді әңгімелер болсақ, олардың шежіре жөніндегі және этнология, яғни халықтардың пайда болуы жөніндегі білімі шала-шарпы. Ең білгір деген шежірешінің сол шежірелердің қалай жасалатындығы жөнінде білетіні шамалы. Шежіренің бұрынғы замандағы адамдарды топтастыруға, сол арқылы басқа топтармен не келісуге, не соғысуға итермелейтін қолдан жасалған идеологиялық далбаса екендігін түсіне де, түсіндіре де алмайды.
Сонау XIX ғасырдың аяғынан басталған қазақ шежіре үлгілерін жинау үрдісі XX ғасырда да қарқынды түрде жүргізілгенімен, ғылыми сала деңгейіне көтерілген жоқ. Кімнен кімнің тарайтындығын анықтайтын, яғни шексіз адам аттарының тізбегінен тұратын және әрбір реалды қазақ руының әлдебір тарихи тайпадан таралу мүмкіндігін дәлелдеуге талпынған шежірелер «шежіре қалай қалыптасады және рулар қалай пайда болады» деген іргелі ғылыми мәселелер деңгейіне өте алмаған.
Өткен ғасырдың соңғы он жылында жария болған шежірелердің есебін, сірә, ешкім алып көрмеген шығар. Қазақтың шежіресі, жекелеген жүздердің шежірелері, үлкенді-кішілі рулар мен олардың жеке аталарының шежірелері дейсіз бе, әйтеуір, жазғыштар құдайы беріп, үсті-үстіне топырлатып жатыр. Олардың көпшілігімен таныс емеспіз. Себеп — тиражы 1-2 мыңнан, асып кеткенде 3 мыңнан аса қоймайтын осындай шежіре-кітаптан сол кітапты құрастырушының айналасына, ағайындары мен таныстарына, ауылдастарына және сол кітапта шежіреленген рудың кейбір «көзі ашықтарына» тарайды. Сондықтан осындай шежіре-кітаптардың бүкіл қазаққа тигізер әсері болмашы деуге болады. Аз тираждық – мәселенің бір қыры ғана, ал басқа қыры – осы шежірелердің бірде-біреуінің шежіретану деген ғылымның аулына жақын жатпауында болып отыр. Сол шежірелердің тиражы аз болғаны өте жақсы болған, егер олар барлық қазаққа таралып, миллиондаған тиражбен шықса қандай болар еді? Осындай далбаса шежірелер халықтың онсыз да су болған миын ағызып жіберер еді. Әуесқой, жергілікті ауыл-аймақ деңгейіндегі шежіре құрастырушылардың білім-таным сапасы мен жауапкершілігін айтпай-ақ қойғанның өзінде, осы саладағы кәсіпқой деуге боларлық, мысалы, М. Мұқанов, В. Востров, Аманжолов, Арғынбаев және т.б. сол сияқты авторлардың шежіре мен қазақ халқының шығу тегі жөніндегі еңбектерінің нәтижелері көңіл көншітпейді. Осыларға қарап отырып, «шежіре мәселесімен айналысқан, айналысып жүрген ғұламаларымыздың өзі келістіре алмай тұрған уақытта жай қазақтың шежіре мен этнология жөніндегі танымы қандай дәрежеде болсын» деп айтпасқа шара қалмайды.
Мойындауға тиісті тағы бір ақиқат-қазақтың ортақ, ұлттық этнологияны білмесе де, ауыл-аймақтық ортада ешқандай арнайы шежіре кітабынсыз-ақ қалыптасқан, өмірдің өзі үйреткен «өз руы және басқалар» туралы жергілікті, дәстүрлі, қарабайыр танымның тұрақты болуы. Рушылдықтың ауыздану базасының қазақ ауылы екендігін айтуымыз керек. Қазақ жерінің «ана шетінен мына шетіне дейінгі» аралықта шашылып жатқан қазақ ауылдарының осындай мәселеде бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Батыстағысы болсын, оңтүстігі мен шығысындағысы болсын, осы рушылдықтың қоздырғыштық пәрменділігінің ұқсастығымен көзге түседі. Тіпті, орыспен де, неміспен де көп араласып тұруға тағдыр жазған солтүстік далалардағы қазақ ауылдарының да осындай рушылдық қоздырғыштық потенциялын сақтауы да таңданарлықтай. Яғни қаншама «орыстандық, тілімізден, дінімізден, кейбір ұлттық қасиеттерімізден айырылып қалдық, полигондар мен сынақтар нәтижесінде денсаулығымыз нашарлап кетті» десек те, осы рушылдық психологияның ешқандай өзгеріске ұшырамағанын көруге болады. Ол – қанша уласа да қырылмайтын тарақан жанды сірі дүние.
Әр ауыл, аудан, облыстың қазағы ешкім арнайы үйретпесе де, өз руы мен жүзін, сондай-ақ, өзі өмір сүріп отырған реалды кеңістіктегі басқа рулар жөнінде біліп өседі. Той-томалақтардағы, садақа-қонағасылардағы үлкен кісілердің бір-бірінің руына қарап, құрдастық пен нағашылы-жиендікке, т.б. арқа сүйеп әзілдесу, қағыту, ренжісіп не айтысып қалған сәттерде өзіне қоса руына да тіл тигізу жиі болып тұрады. Осының бәрін бала қазақ шал қазаққа айналғанға шейін көріп, естіп, біліп өседі. Екі қазақ кездесе қалса, алдымен аты-жөнін, сосын қай жерден екендігін сұрайды. Содан кейін руын сұрайды не шама-шарқына қарай келген жеріне қарап, руының кім екендігін өзі анықтайды. Бұл үрдіс жаңа тағайындалған бастыққа қатысты да қайталанады. Міне, осындай күнделікті күйбең тірлікте қазақ баласы өз руы мен жүзі, басқа рулар мен жүздер жөнінде таным-түсініктер мен стереотиптер комплексін қалыптастырады. Балаға рушылдықтың тікелей ықпалы болмашы ғана тиеді, бірақ сол бала институт бітіреді, жұмысқа тұрады, рушылдықтың «көкесі» осы кезде басталады. Өзі қандай да болмасын билік тетігіне қол жеткізсе, айналасына жай туыстары мен руластарын емес (бір адамда ондай руластар саны өте көп болады ғой), ең алдымен өзінің айтқанын істейтін, ұрлығы мен өтірігін, қылмысын көрсе де көрмеген болатын «туыстары мен туластарын» жинақтай бастайды. Ал егер ондай мансапқа қол жеткізе алмаса, басқаны «рушыл» деп айыптауға дайын тұрады. Майлы жерден үлес жетпей қалса – басқаны «рушыл» деп сыртынан күңкілдейді, қолына тисе – үндемей қалады. Бұл – ауылдағы шағын ферманың агрономынан бастап, ел басшыларына дейінгі сатыларды толық қамтыған универсал психологиялық әрекет.
Қазақтың рулар мен жүздер жөніндегі табиғи танымы тек қана жергілікті жердің рулық танымы мен стереотипінен бастау алатындықтан, тым қарабайыр, жұпыны болып қалыптасады. Қазақ жалпы ұлттың да, жекелеген рулардың да қалыптасу жолдарының реалды тарихта шежіредегіден мүлде басқаша болып шығатындығын білмейді. Бір атадан тараған ру туралы дәстүрлі шежірелік таным – оның бар білгені осы ғана. Ол жеке кітап болып шығып жатқан жалпы қазақтың да, жекелеген жүздер мен рулардың да шежіресін оқымақ түгілі өз руының шежіресіне де үңіліп қарамайды. Халық пен рудың реалды болмыста қандай жолмен қалыптасатындығын, яғни этногенез бен этнологияның ең қарапайым қағидаларын білмегендіктен шежірені түсіне де алмайды.
Міне, табиғи қалыптасқан жергілікті шежірелік дәстүр мен рушылдыққа тосқауыл боларлықтай қауқары бар шара – оған мектеп арқылы оқытылатын ғылыми, сауатты, ұғынықты «Халықтану және шежіретану» пәні бола алады. Ең алдымен, қазақ баласы мектеп қабырғасына жүйелі, ғылыми, идеологиялық тұрғыда, қажетті деңгейде аталмыш мәселелерден білім алып шығады. Рушылдыққа қарсы жалаң насихаттаудың еш нәтиже бермейтіндігін көріп отырмыз. Газет бетінде осындай ұрандатқан мақала жазудың да, шежіре кітап жазудың да қоғамға тигізер ықпалы жоқтың қасы. Тиражы үш мыңнан 100 мыңға жететін газеттерді де, 1 -2 мың дана шежіре кітаптарды да жүз қазақтың, тіпті, мың қазақтың біреуі ғана оқиды. Оның өзінде де бірдеңе оқуға дағдыланғандары. Ал бүкіл саналы ғұмырында мектепті бітіргеннен кейін еш уақытта газетке және кітапқа үңіліп көрмеген қазақ қаншама? Бүкіл ұлттың 99%-ы демей-ақ, 90-95%-ы ештеңе оқымайды десек, өтірік айтпаған болар едік. Оны арнайы санақ немесе сұрау жүргізбей-ақ еліміздегі 8,5 миллион қазаққа арналған ең үлкен газет тиражының 100 мыңға жетпейтіндігіне, ал кітаптың орташа тиражының 1-3 мың дана болатындығына қарап есептеуге болады. Ал мектепте бір мезгілде миллиондаған бала стандартты, ортақ ұлттық шежіре мен этнология жөнінде танып-білетін болады. Мектеп бітіргендердің басым көпшілігінің содан кейінгі бүкіл ғұмырында газетке үңілмей, кітап бетін ашпай, сол мектепте қалыптастырған дүниетанымымен бірге бұл пәниден өтіп кететіндігін мәймөңкелемей-ақ мойындайық. Қазақтың оқығысы келмесе де, мұғалімнің дігірлеуімен бірдеме оқуға мәжбүр болатын шағы – мектеп қабырғасында осы этнология ғылыми шежіретанудың оқытылуы замани тұрғыдан алғанда ақталған болып шығады.
Біріншіден, бала мектеп қабырғасынан үш мың жылға созылған көшпелік дәуірде өзінің жасампаздық та рөлін атқарған рушылдық пен шежіре дәстүрінің бүгінгі постиндустриялдық-ақпараттық қоғамдағы зияндылығын, рушылдықтың ұлт бірлігіне, мәдени-экономикалық дамуына кедергі болып отырғандығын жалаң қызыл сөз арқылы емес, нақты тарихи, ғұмырбаяндық мысалдары арқылы түсініп шығуы тиіс.
Екіншіден, бала шежіренің қалай жасалатынын, оның ішіндегі тарих пен мифтің, ақиқат пен аңыздың қалай атысып жатқандығын, шежіренің жасалу принциптерінің неге сүйенетіндігін, жалпы шежіреге қатысты терминалогия мен ғылыми-теориялық ережелер мен тұжырымдарды, қорытындыларды мектеп деңгейінде меңгеріп шығуы тиіс. Яғни бала қазақ халқы мен оның құрамына кірген рулардың қалыптасуының тарихи жүрісін ғылыми тұрғыдан танып-біліп, оны шежірелік «ақиқаттан» өзгеше боп тұрғандығын ажырататындай халге жетуі керек. Шежіренің шындығы мен тарих шындығының екі түрлі екендігін түсіне білуі шарт.
Үшіншіден, оқушы бүгінгі қазақтың сонау сақтар мен скифтерден, ғұндардан бергі Евразиялық Даланы мекен еткен сансыз көшпелі тайпалардың әр замандағы сансыз қосылуы, яғни қауымдасу-тарап кету – қайтадан қауымдасу сияқты үнемі қайталанып отырған этногенездік процесс нәтижесінде пайда болғандығын ғылыми, тарихи мысалдық деңгейде меңгеруі қажет. Қазақ баласының өз халқының пайда болуы жөніндегі мифологиялық-тарихи шежірелері мен аңыздарының, шежірелердің қалыптасу «технологиясын», яғни олардың қолдан жасалатындығын оқып-білгені де керекті шаруа болуы тиіс.
Төртіншіден, қазақ баласы этнос, субэтнос, суперэтнос, этнология, консорция, конвиксия, трайбализм, кланшылдық, ұлт, халық, фратрия сияқты терминдерді, рулық-территориялық бөліну мен оның шежіредегі көрінісі, көршілік қауым, территориялық қауым сияқты т.б. ұғымдарды тек қана қазақ мысалдары арқылы ғана емес, басқа көшпелілердің, түркі халықтарының, Европа, Азия, Африка халықтарының этногенезіне қатысты тарихи мысалдар арқылы сауатты деңгейде түсіне білетін жағдайға жетуі тиіс.
Қазақ шежіре туралы, шежірелік Алаш, Қондыкер, Қотан, Майқы, Алау, Үйсін, Қаңлы, Найман, Жайылхан, Созақ, Қалша, Әнес, Яфес туралы дәстүрлі шежірелік аңыздарды біліп қана қоймай, олардың тарихи және мифологиялық астарын, бейненің қалыптасуының жолдарын ғылыми тұрғыдан да меңгеріп шығуы тиіс. Тек сонда ғана аңыздағы ақиқат пен мифті ажыратып, бүгінгі рушылдықтың ешбір дәйегі жоқ, қажеттілігі жоқ, қолдан жасалынған, ел басқару мен шығармашылық жұмысқа кедергі келтіріп отырған дерт екендігін түсінетін болады. Әрине, бұл да қанға сіңген рушылдықтың тамырына балта шаба алмайды. Дегенмен, қазіргі дүмше танымға арқа сүйеген аймақтық рушылдықтың екпінін басуға мүмкіндік береді деп үміттенуге болады.
Ең бастысы, Шежіре дегеніміз – далбаса. Оны өмірде «қажетіне жаратып» жүрген адам — артта қалған адам. Міне, жаңа оқу пәнінің негізгі лейтмотиві осындай болуы шарт. Яғни оқушы өз руының шежіресінің далбаса екендігін біліп шығуы керек. Кез келген еркек (егер сондай болмаса) өзін біреу «бейшара, сорлы» десе қалайша ренжитін болса, «рушыл» десе, сондай дәрежеде қысылып қалатын деңгейдегі бұқаралық психология пайда болуы тиіс.
Бұл жерде әлі күнге шешілмеген мәселелер туралы да айта кетуге тиістіміз. Алдымен осындай пәнді оқыта алатын мұғалімдерді даярлау мәселесі шешілу керек. Бүгінгі қазақ мектебіндегі гуманитарлық пәндерді, яғни тарих, әдебиет пәндерін оқытатын мұғалімдердің басым көпшілігінің білімі тым жұпыны. Сондықтан зердесі төмен тарих пәнінің және әдебиет пәнінің мұғалімінің алдын ала дайындықтан өтпей жатып, жаңа пәнді қосалқы пән ретінде оқытуы жақсы ниетті керісінше етіп шығаруы да ықтимал. Дін бұзатын дүмше молда сияқты, бұл пәнді шала білімді мұғалім оқытатын болса, рушылдықты бәсеңсітудің орнына бұрынғыдан да бетер өршітуі мүмкін. Бұл үшін жеке жауапкершілік те қажет, оқытуға қажетті теориялық-практикалық базаның да жасақталуы шарт. Ең алдымен, қазақта этнология мен ғылыми шежіретану әлі қалыптасып болмағандығын ұмытпаған жөн. Сол себепті, осыған қажетті әр сыныптық оқулықтар мен хрестоматиялар жазу, әдістемелік құралдар жасау мен кітаптар жазу ісінің қандай болу керектігін көзге елестетудің өзі қиын. Сансыз шежіреден ғылыми қисын іздеушілер көп болғанымен, сол қисынды тапқан әлі ешкім жоқ. Сонау Аристов пен Шәкәрімнен бергі жазылып келе жатқан қазақ шежірелерінің ешқайсысы да осындай мәселелерді шешіп көрмеген. Шежіре жасау және рулар этногенезі жөнінде жүйеленген теориялық ізденістер де шамалы. Барының өзі негізгі сауалдарға жауап беруден гөрі жеке тарихи мәселелерді қарастырудан аспайды. Бұл тек бүгінгі жария болып жатқан шежірелерге ғана емес, осы күні ғылыми шежіретанудың эталоны ретінде ұсынылып жүрген Мұқанов пен Востровтың, Арғынбаевтың, Тынышбаевтың, т.б. еңбектеріне де қатысты айтылып отырған сөз. Олар да – пайғамбарлар емес. Жалпы алғанда, ешкім де бұл істе пайғамбар бола алмайды.
Этнология және шежіретану оқулықтарын жасау бір адамның немесе астаналық орталықтағы ат төбеліндей аз зерттеушінің ғана шаруасы емес. Өйткені зерттеушінің де «зерттеушісі» бар. Бұл — белгілі бір орталық құру арқылы және барлық аймақтық деңгейдегі зерттеушілердің де санын қамтитын шығармашылық-ғылыми топ болуға тиіс. Сондай-ақ, осындай маңызды шаруаны жасы жеткен тарихшылар мен филологтардың қарауына тапсырып қоюдың да қажеттілігі жоқ. Пайғамбар жасынан асқанша осы мәселелерге бүкіл ғұмырын арнай отырып, 20-40 жылдай уақыт бойына елеулі, айтуға тұрарлық нәтижеге қол жеткізе алмаған адамдардың ендігі қалған өмірінде бірдеңе тындыра қоюынан үміт күтудің өзі жөнсіз болар еді. Этнология мен шежіретану оқулығын жазғанда аймақтық, жүздік, рулық көзқарастың ұлттық көзқарастан озып кетпегенін, оқулықтың жеке адам, ру, жүз, облыс мүддесіне ыңғайланбағанын, бірізді әдістеменің болуы қажеттілігін естен шығармаған жөн. Өйтпеген күнде ескі, дағдылы былықтың орнына жаңа, одан зор былықтың шығып кетуі әбден мүмкін. Осы іс жасампаздардан ең алдымен адамгершілік пен жауапкершілікті, парасаттылықты күтеді. Тек сонда ғана қазақ өз елінің, жұртының, Рухының тәуелсіздігінің 20 жылдығын да, 50 жылдығы мен 100 жылдығын да аман-есен қарсы алатындығынан үміттенуге болады.
Серікбол Қондыбай
«Алтын Орда» газеті, 2002 жыл, 25 қаңтар