ДАМУ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
7 желтоқсан – БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен Халықаралық азаматтық авиация күні деп белгіленген. Авиация – көбімізге қызық әрі таңғажайып сала. Аспан мен жердің арасын жол қып, кеңістікте еркін қалықтаған ұшақтарға қызықпаған адам кемде-кем шығар. Біріне арман болған, енді бірінің орындалған мақсатына айналған қызметтің құпиялары туралы Bugin.kz тілшісі бортсерік маманмен сұхбаттасты. Бортсерік атану үшін не істеу керек, неше тіл білген жөн және қызметтің қиындықтары мен қызықтары туралы сұрақтарымызға "Трап до мечты" кітабының авторы, авиация саласында 7 жылдық тәжірибесі бар Жадыра Әлімжанова жауап берді.
- Стюардесса болу үшін жалпы талаптар қандай?
- Әр әуекомпанияның бортсерікке қоятын талабы әртүрлі. Дегенмен бәріне ортақ басты талаптар бар. Бортсерік таңдағанда үміткердің бойына, тіл меңгергеніне, қызмет көрсету саласында еңбек өтілінің болуына қарайды. Сонымен қатар топта жұмыс істей алу қабілеті, яғни адамдармен коммуникациясы басты орында болады.
- Бұл саланы меңгеру үшін жоғары оқу орнында оқу міндет пе?
- Жоқ, арнайы оқудың керегі жоқ. Тіл білгеніңіз және жұмысқа қабылдау іріктеуінен өткеніңіз ғана маңызды.
- Іріктеу қалай өтеді, қанша жастағы адамдар қабылдана алады?
- Іріктеу әр әуекомпанияда әртүрлі өтеді. Жасқа қатысты ешқандай шектеу жоқ. Тек отандық “SCAT” компаниясында 25 жасқа дейінгі адамдарды қабылдайды. Басқа компанияларда шектеу жоқ. Мысалы әлемге танымал QATAR әуекомпаниясына 35 жастағы құрбым жұмысқа қабылданды.
- Ағылшын тілі қай деңгейде болуы қажет? Үміткер жалпы қанша тіл білгені дұрыс?
- Қазақстандық компаниялар үшін ағылшын тілінің Pre-intermediate деңгейі жеткілікті. Ал шетелдік әуе компаниялары Intermediate деңгейінен жоғары болғанын талап етеді. Қаншалықты тіл білсең, соншалықты жақсы. Себебі көп тіл білген сайын жұмысқа кіру мүмкіндігі артады.
- Байқауымша, шетелдік авиакомпанияларда бортсеріктердің сыртқы пішініне көп мән бермейді. Біздің елде маманның келбеті қаншалықты маңызды?
- Қазақстандық және араб әуекомпаниялары сырт келбеттің әдемі әрі сымбатты болғанына мән береді. Ал Еуропа, Америкада 50 жастағы бортсеріктер де жұмыс істейді. Тіпті, бет әлбетін әрлемей, тек қызметтік киімін киіп жұмыс атқара береді.
- Әуе компанияларының әңгімелесуінен қалай сәтті өтуге болады?
- Әңгімелесуден сәтті өту үшін тыңғылықты дайындалу керек. Сырт келбеттен бастап, сұрақтарға қалай жауап беретініңді біліп, сұхбаттың қалай өтетінін алдын ала зерттеген жөн. Сәтті өтудің кілті – психологиялық дайындық. Әуе компаниялар, бортсерік қызметі туралы көбірек ақпарат біліп барған дұрыс.
- Бортсеріктік қызмет сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады?
- Бортсерік болып 3 жыл қазақстандық Air Astana әуекомпаниясында және 4 жыл Etihad Airways компаниясында қызмет еттім. Бұл жұмыстың маған сыйлаған ең үлкен мүмкіндігі – саяхат. Etihad-та істеп жүргенде әлемнің 5 материгіне табаным тиді. 60-тан аса ел көріп, жер араладым. Әрине, өте жақсы табыс таптым. Тұратын жер мен тегін медициналық сақтандыруды да берді. Шетелде тұрып көрдім, эмоцияға толы күшті кезең болды. Мамандығымның арқасында пәтер алып, ата-анама да көмектесе алдым. Бортсерік болғанымның маған сыйлаған мүмкіндіктері өте көп.
- Енді жұмысыңызда кездесетін қиындықтарды да атай кетсеңіз?
- Кез келген жұмыстың өзіне лайық қиындығы болатыны белгілі. Сол сияқты қиындықтар менің де жұмысымда да болды. Мысалы, кейде таңғы 4-те ұшуға тура келеді. Түнгі рейстер де болады. Сондай-ақ ұзақ уақыт ұшатын рейстер де болады. Etihad- та істегенде Лос Анджелеске 17 сағат ұшқаным есімде. Әрине, мұндай рейстерде демалатын орындарымыз бар. Дегенмен бір ұшақтың ішінде ұзақ уақыт болу – бәрібір қиындау.
- Бортсерік болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Ол үшін, алдымен, жүзіңнен нұрың шашылып, алдыңнан кездескен адамға күліп жауап бере алуың керек. Сонымен қатар бір командада жұмыс істейтін адамдармен тіл табыса алуыңыз қажет. Бортсерік қызметінде өте көп адам жұмыс істейді. Бір адаммен бірнеше рейсте бірге болуың мүмкін емес. Әр рейсте әртүрлі адам кездесетіндіктен, қарым-қатынас орнатуға қабілетті болғаны жақсы.