ДАМУ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Білім қуып, қызметтен жетістікке қазақ қыз-келіншектері аз емес. Bugin.kz тілшісі оқырман назарына Чехияда министр болған қазақ қызы Жәмилә Алмасқызы туралы мәлімет ұсынады.
Ол 1962 жылы 6 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Алмас Ордабаев - сәулетші, мәдениеттанушы, этнограф. Ал анасы - Рауза Сембаева химия саласының ғалымы. Нағашы атасы Әбдіхамит Сембаев – кезінде Қазақстанда Білім министрі болған саяси тұлға.
2007 жылы "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Жәмила ханым Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Қарақұрым ауылындағы атамекені туралы былайша еске алған:
"...Мен үшін Қарақұрым ауылының маңызы өте ерекше. Қарақұрымда менің атам, яғни әкемнің әкесі туып-өскен. Сондықтан атамекен дегенде менің есіме жиі түсетін жер - өзім туып, балалық шағым өткен әсем де сүйікті қала Алматы емес, алдымен, сол Қарақұрым ауылы көз алдыма елестейді".
Әкесі Алмастың жұмыс жағдайымен Жәмила Мәскеуге қоныс аударады. 1986 жылы Бірінші медициналық институтының 1-емдеу факультетінде жоғары білім алады. 1985-1987 жылдары аталған институттың психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкер және оқытушы міндеттерін атқарады.
Мәскеу университетіндегі оқу кезінде чех жігітімен танысады. Болашақ жарымен Кеңес Одағынан Чехославакияға қоныс аударған қазақ қызы 1987 жылы Прага қаласында аспирантурада оқыды. 1988 жылдың қаңтарында Милослав Стехликпен шаңырақ көтеріп, сол кездегі Чехославакияның Хомутов қаласында тұрды. 1992 жылы Чехославакия азаматтығын алды. 1997 жылы жұбайымен белгілі бір себеппен ажырасқан. Кәмилә және Асан есімді ұл-қыздары бар.
1989-1992 жылдары Хомутов қаласында белді дәргіер-психиатр, 1992-1997 жылдар аралығында Прага халық денсаулық сақтандыру орталығында және Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
Чехияның тұңғыш өзге ұлтты министрі болған қазақ қызы 2009 жылы министр қызметінен кетуіне және Үкіметке келмей тұрып, оның қатты сынына ұшыраған Иржи Чунектің вице-премьерліктен босауына не себеп болғанын бір сұхбатында былайша баяндайды:
"2009-жылғы саяси дағдарыстың әсерінен Үкіметті сақтап қалуға саяси қажеттілік туды. Мұнда премьер-министр Мирек Тополанек бұрыннан белгілі тәжірибені қолданды. Ондай тәжірибені уақытында Социал-демократиялық партияның Үкіметі де кабинет мүшелерінің бір бөлшегін, яғни әр партиядан бір немесе екі министрді ауыстыру үшін пайдаланған болатын. Мирек Топаланек өз партиясынан екі, христиандық демократтардан бір Үкімет мүшесін ауыстырды. Соңғысы – вице-премьер Иржи Чунек. Олардың өздері оны ауыстырғысы келмеді. Бірақ біз оны ауыстыруды табанды түрде талап еттік. Өйткені біздің Үкіметке Иржи Чунектің нәсілшілдігі көп кедергі келтірді. Сол себепті де Жасылдар партиясы Үкімет құрамының жаңаруын талап етті. Біз осы талабымызды айтып, баспасөз мәслихатын өткізген күннің ертеңінде Иржи Чунектің өзі Үкімет құрамынан кететінін мәлімдеді. Біз үшін оның кетуі мен бірнеше министрдің ауысуы саяси тазару іспеттес еді, сол үшін біз құрбандық жасағандай болдық. Бұл өте маңызды еді. Себебі Иржи Чунек бір өзі бүкіл Үкіметтің аяғына тұсау болып отырды. Денсаулық сақтау және көлік министрлерінің ауысуы да өте маңызды болды. Жасылдар партиясы, соның ішінде мен де бармын. Әрине, ол өзгерісті қолдады".
Саяси мансабын Жәмила Стехликова 1998 жылы Хомутов қаласы уәкілдігінің мүшесі болып бастаған. Соңғы екі сайлауда Хомутов қалалық әкімдігінің мүшесі болды. 2006 жылы жергілікті уәкілдіктер сайлауынан бері уәкілдіктің Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. "Жасылдар" партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды.
2007 жылдың 9 қаңтарында Чехия республикасының премьер-министрі Мирек Топоанектің жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі болып тағайындалған Жәмила Алмасқызы бұл қызметінен 2009 жылы қаңтарда өз еркімен кетеді. Кейін экс-министр Чехияның денсаулық сақтау министрлігінің жетекші қызметкері, "Жасылдар" партиясының жетекшілерінің бірі ретінде саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді.
"Қазақ" газетінің 2019 жылы санында жарияланған сұхбатында ол Қазақстанға жиі келіп тұратынын айтқан.
"Әлбетте, Қазақстан – өз үйім, ал Чехия – екінші Отаным, жанұямның мекені. Менің келбетім қазаққа да, еуропалыққа да келеді және ол екеуі бір-бірімен керемет үйлесіп тұр. Қазақстанға жиі барып тұрамын, биыл да баруды жоспарлап отырмын. Әрине, Қазақстанда болып жатқан жағдайлардың, жаңалықтардың бәрінен хабардармын. Қазақстан өсіп-өркендеу үстінде, мен оған өте қуаныштымын. Сыртта жүрсем де, елімнің тілекшісімін", - деп жауап берді ол.
Дереккөз: "Қазақ" газеті, 2016 жылы, шілде айындағы нөмірі