Түркі әлемі
Әзірге бұл бағытта ашық әрекет жасалған жоқ
Наурыз мейрамына орай Түркіменстан басшысы Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовқа телеграмма жолдаған АҚШ Президенті Дональд Трамп Түркіменстанның өз газын Каспий теңізі арқылы батысқа экспорттауға мүмкіндік алатынына сенім білдіріпті. Ол былтыр Ақтауда Каспий бойындағы бес ел басшыларының мәмілеге келуінен кейін қабылданған Конвенцияны Түркіменстанның тиімді пайдалануы керек екендігін айтқан. Әрине, бұл мемлекет басшыларының бір- біріне жолдап жататын қатардағы құттықтау, тілектерінің бірі сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен, Трамптың жеделхатының астары тереңде жатыр.
Соңғы кездері Әзербайжан масс-медиасында Транскаспий газ құбыры жайлы жиі айтыла бастады. Наурыздың соңында әзербайжан газын Болгарияға жеткізу мақсатын көздейтін Gas Interconnector Greece – Bulgaria (ICGB) компаниясының бас директоры Теодора Георгиева өз елі тұтынатын газдың үштені бірін Әзербайжанннан алуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ал, сәуірдің басында Еуропарламент Транскаспий құбыр желісінің Еуропаның мүддесімен сәйкес келетінін мәлімдеген еді. Сонымен қатар, былтыр желтоқсан айында Ашхабадқа Еуропа одағының Орталық Азия мәселелері бойынша арнайы өкілі Петер Буриан бастаған делегация да келіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, Ақтауда өткен Каспий бойы елдері басшыларының саммитінен кейін Транкаспий магистралды газ құбырының мәселесі қайта көтерілген жайы бар.
Коммунистердің де көкейін тескен бағыт еді
Әдетте Транскаспий магистралды газ құбыры туралы мәселе 1996 жылы көтерілгені туралы жиі айтылады. Сол жылы АҚШ-та орыс пен түрік бірлесе жүзеге асырмақ болған «Көгілдір ағым» жобасына балама ретінде Транскаспий газ құбырын тарту туралы мәселе көтерілген. Сөйтіп, Түркіменстан мен General Electric, Bechtel National және Shell компаниялары бірігіп консорциум құрыған-ды. 1998 жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға АҚШ 1,3 млн доллар да бөлген. Құбыр салына қалса жылына 30 млрд текше метр газды Еуропаға жеткізуі тиіс еді. Бұл газдың барлығы дерлік Түркіменстаннан өндірілуі тиіс болатын. Ал, жоба құны 5 млрд доллар делінген. Каспий арқылы 300 шақырым құбыр төселуі тиіс еді. Алайда, жоба әлі жүзеге асқан жоқ. Өйткені, 2018 жылдың тамыз айына дейін Каспий теңізінің құқықтық статусына қатысты жағалаудағы елдер қандай да бір мәмілеге келе алмаған болатын. 2018 жылдың тамызында Ақтауда өткен саммитте теңіз жағалауындағы 5 мемлекет Каспийдің құқықтық статусына қатысты Конвенция қабылдады. Содан соң, Транскаспий газ құбыры жайлы әңгіме тағы басталды.
Негізі Орта Азияның газын Каспий теңізі арқылы Еуропаға қарай тасымалдау мәселесі КСРО тараған соң ғана басталған әңгіме емес. Кеңес одағы кезінде де бұл жобаны жан-жақты зерттегендер болған. Өйткені, өзбек пен түркімен газын Еуропаға көбірек жеткізген жағдайда, пайда да мол болар еді. Алайда, кеңестік кезеңнің бір артықшылығы болды. Ол- қандай да бір жоба жасалар кезде азды-көпті ғылыми дәйектерге назар аудару еді. Каспийтің түбімен құбыр тарту ісінде де одақтас елдердің бірқатар ғылыми мекемелері зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде, теңіздің орта тұсында сейсмикалық қауіпті аймақ бар екені анықталды. Яғни, тартылатын құбыр тектоникалық қозғалыстар аймағына сәйкес келеді. Кавказ таулары Каспийге жеткен кезде суға «сүңгіп» кетеді де, Түркіменстан жағалауынан бір-ақ шығады. Дәл осы тұста екі тектоникалық плита түйісіп жатыр. Әдетте, жер қыртысындағы мұндай аймақтарда сейсмикалық белсенділік жоғары болады. Содан да болса керек, Кеңес одағы кезінде Каспий теңізінің түбі арқылы магистралды газ құбырын тартуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Өйткені, ірі жер сілкінісі болып, құбыр жарылса, Каспий теңізі аймағында аса қиын экологиялық апат пайда болар еді. Сондықтан, коммунистер тәуекелге бара қоймады. Ал, одақ ыдыраған соң тәуелсіз әр мемлекет жеке мүддесін көздеп отыр. Оған сыртқы күштердің де ықпалы аз емес. АҚШ пен Еуропа одағы Түркіменстан газының Ресейге соқпастан тікелей Еуропаға жеткенін қалайды. Транскаспий магистарлды газ құбырын тарту мәселесі де осы идеядан шыққан.
Еуропа мен АҚШ қолдаған жоба
Транскаспий газ құбырын тарту жобасын АҚШ пен Еуропа толық қолдап отыр. Тіпті, Украинаның өзі жобаға қаржы құюға әзір екендігін мәлімдеген. Тек құбыр Грузияның Кулеви портындағы LNG (Liquefied Natural Gas)-терминалға қосылса болды деген. Егер Кулевиге газ жетсе Украина сығымдалған табиғи газды кемемен де тасымалдауға әзір болса керек. Одан бөлек Ресейге сакнциялар салып, оны қалай да қысымға алғысы келіп отырған Батыс жұрты кез келген балама жолды пайдаланып қалудан бас тартпақ емес. Әзербайжан өндіріп отырған газға Түркіменстанның, кейін Өзбекстанның газы қосылса орыстың Еуропаға «Газпром» арқылы қысым жасамақ болатын айла-амалынан түк шықпас еді. Өйткені, қазірдің өзінде «Оңтүстік газ коридоры» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған Оңтүстік Кавказ газ құбыры, Транс-Анадолы және Транс-Адратика газ құбыры желілері кіреді. Жоба құны 45 млрд доллар еді. Алайда, бірқатар келісімдерге сәйкес «Оңтүстік газ коридорына» «Газпром» да қатыса алады. Демек, бұл жобадан орыстың үлесін азайту оңайға соқпайтындай көрінген. Ал, жобаға Транскаспий газ құбыры жалғанса «Газпром» автоматты түрде «ойыннан шығып» қалар еді. Мұны Еуропа жұрты біліп отыр. Сондықтан, Транскаспий газ құбыры стратегиялық тұрғыда өте маңызды жоба саналады. Мұнда энергетикалық мәселе ғана емес, Иран мен Ресейдің Каспийдегі ықпалын төмендету, тұтас аймақта батысқа бүйрегі бұратын күштер мен елдердің қатарын арттыру, Ресейдің шикізат сатудан табатын пайдасын сәл де болса азайту тәрізді мәселелер бар. Оның үстіне аймақтағы үш мемлекеттің-Өзбекстанның, Түркіменстан мен Қазақстанның газ қоры айтарлықтай. Түркіменстан газ қоры жағынан әлемде алтыншы орында тұр. Қазақстан 15, Өзбекстан 19 орында. Мұны Транскаспий магистралды газ құбырының салынуын жақтаушылар да, қарсылар да жақсы біліп отыр.
Бауырлас халықтарға да берері мол бағыт
Тәуелсіз 6 түркі мемлекетінің төртеуінде табиғи газдың мол қоры бар. Сөз басында айтқанымыздай Түркіменстан әлем бойынша 4- орында тұр. Түркімендердің жерінде шамамен 19 триллион 504 млрд текше метр газ бар деген болжам айтылады. Қазақстан 2 трлн 407 млрд текше метр газ қорымен 15, Өзбекстан 1 трлн 841 млрд текше метр газымен 19, Әзербайжан 991 млрд 100 млн текше метр газы қоры арқылы 26 орынға жайғасқан. Тіпті, Қырғызстан жерінде де 5 млрд 600 млн текше метрден астам газ қоры бар. Түркияда да 5 млрд текше метр шамасында табиғи газ қоры бар екенін анықталған. Демек, Транскаспий магистралды газ құбыры түркі мемлекеттері үшін де өте тиімді болмақ. Саяси ойындарды айтпағанның өзінде бұл құбыр Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерінің әлемдік нарыққа газ шығаруына балама жол болуы тиіс. Әзербайжандардың Шахдениз1 және Шахдениз 2 кен орындарын жанталаса игеріп, «Оңтүстік газ коридоры» жобасына тез арада қосылуға ұмтылуының сыры осында. Алайда, Каспий төңірегіндегі қос мемлекет- Иран мен Ресей бұл құбыр жобасына кедергі жасап көруге тырысары анық. Өйткені, Транскаспий құбыры Ресейге тиімсіз. Ал, Иран болса онсыз да санкцияда отырғандықтан «маған бұйырмаған дүние сендерге де жоқ» деген позиция ұстануы ықтимал. Әйтпесе, Иранның «Оңтүстік газ коридорына» қосылғаны өздері үшін пайдалы болар еді. Әрине, Ақтау саммитінде қабылданған Конвенцияның 14 бабы бойынша Каспий жағасындағы мемлекеттер өзара келіскен жағдайда теңіз түбі арқылы құбыр тарта алады. Бұл жерде бес мемлекеттің мәмілесі қажет емес, шекаралас орналасқан екі мемлекет келіссе болғаны. Алайда, теңіздің экожүйесіне қатысты қалған елдердің де пікірі ескеріледі. Яғни, Ресей мен Иранның қолында Баку мен Ашхабадқа қысым жасаудың жалғыз құқықтық негізі қалды. Ол-экология талаптары. Бәлкім, Каспий мен Орталық Азия аймағында Ресей ықпалының төмендеп келе жатқанын аңғарған шығар, ресейлік сарапшылар түркімендердің магистралды газбен толтыра алмайтынын айтып, байбалам салғаны бар. Алайда, Транскаспий құбырына түркіменнің де, өзбектің де, тіпті қазақтың да газы қосылуы мүмкін екендігін ескермейтін сияқты. Тек бұл жерде Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан билігінің белгілі бір мәмілеге келгені маңызды. Әзірге үш мемлекет те өздерінде газды түрлі жолдармен шетелдерге сатып жатыр.
Айтпақшы, 2018 жылы Өзбекстан 61 млрд текше метр газ өндірсе, Қазақстан былтыр 50,6 млрд текше метр газ өндірген. Түркіменстан 2017 жылы 62 млрд текше метер газ өндіріпті. 2018 жылдың деректері әлі жоқ. Ал Әзербайжан былтыр 30,42 млрд текше метр газ өндіріпті. Егер, осы көлемнің барлығын қоссақ жалпы көлемі 200 млрд текше метрден астам газ түркі елдерінде өндірілген. Әрине, газды тұтыну мен сатудың түрлі жолдары бар екенін анық. Қазақстан да, Түркіменстан да, Өзбекстанда газды түрлі жолдармен сатып жатыр. Бірақ, өндірілген газ көлемі түркі мемлекеттері біріксе Еуропаны да, Ресейді де, тіпті АҚШ-ты да белгілі мөлшерде жуасытуға күштері жетер еді. Бірақ, әзірге ондай бірлік байқалмай тұр. Бәлкім, ресми «біріктік» деп айғайлағаннан гөрі астыртын ғана экономикалық саясатты бір-біріне үйлестіре беру керек шығар. Онда ресми одақ құрудың қажеті де қалмайды.