Bugin

Тоқаев кәсіпкерлерге үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Баршаңызды "Алтын сапа", "Парыз", "Қазақстанның үздік тауары" байқауларының өз мәресіне жетуімен құттықтаймын! Біз жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Бұл – талай жылдан бері жақсы дәстүрге айналған маңызды іс-шара.

Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз", - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді.

"Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды.

Біз биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс. Сондықтан бірқатар маңызды мәселеге назар аудару қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы инвестиция тарту ісінде "бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет" қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс.

"Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмама сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады".

"Өздеріңізге белгілі, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін). Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды (416-дан 92-ге дейін)".

Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі.

"Инвестициялық жобаларды "жасыл дәліз" қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сондай-ақ оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді".