Bugin
Фото: depositphotos.com
Шымкенттіктерді 97 млн теңгеге алдаған жігіт ұсталды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алданғандардың қатарында аз қамтылған отбасы мен жеке кәсіпкерлер бар. Қылмыскер алдымен “қайырымды” адамның кейпіне еніп, аз қамтылған отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетіп жүрген. Мүгедек ана мен екі қызының сеніміне кірген соң, мемлекеттен кезексіз пәтер алуға көмектесемін деп, олардың ЖСН-ін алып, 3,5 млн теңгеге тауарлай несие рәсімдеген. Сондай-ақ қолданып жүрген телефондарын жаңартып беремін деп сендіріп, құжаттарымен алып кеткен соң қайта оралмаған.
Тәртіп сақшылары аталған арызды ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша тіркеп, күдіктіні қала аумағында ұстады.
"Тергеу барысында 20 жастағы жергілікті тұрғынның бұдан өзге де алаяқтық жайттарына қатысы бар екені белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, ол қала аумағында валюта айырбастаумен айналысатын жеке кәсіпкердің сеніміне кіріп, оған 90 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені және базардағы сатушы әйелді 3,8 млн теңгеге алдап соққаны анықталды. Тергеушілер айғақтар мен іс құжаттарын жинақтап сотқа жолдады. Сот жас жігітке 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген ақпаратта.
Осыған дейін, ақтөбелік тұрғын арзан бағада шырша аламын деп, алаяққа алданып қалғанын жазған едік. Алматы полициясы алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткен еді.