БІЛІМ
Фото: Айгерім ӘДІЛХАНОВА, Bugin.kz
1986 жыл. Желтоқсан оқиғасы талай адамның өмірін өзгертті. Біреулер оқудан шығарылды. Енді біреу түрмеге тоғытылды. Bugin.kz тілшісі оқиғадан соң денсаулығы нашарлаған Роза Шынтемірованың оқиғасын баяндайды.
Ол кезде Қыздар педагогикалық институтында оқитын Роза болған жайды №5 жатақхана маңына жиналған жастардан естиді. "Д.А.Қонаев кетіп, орнына Г.В.Колбин келді" деген сыбыс олардың намысын өршітіп, жанын қоярға жер таптырмайды. Сосын Сәния, Гуля, Роза деген қыздармен бірге ел қатарлы алаңға бет түзейді. Ішінде ұран, плакат ұстағаны да бар. Ондағы жастардың "Бізге Қонаев қандай себеппен кеткенін түсіндіріп, жауап берсін!" деген айқай-шуын елеп, ескеретін жан жоқ. Дауыс көтергіш арқылы қазақ жерінде қазақтың өзі басшы болуы керегін әркім әр қырынан түсіндіріп жатыр. Ол да ретін тауып, сөзге кезек алып: "Біз – қазақпыз. Қазақ – өз еліне өзі қожа. Қазақ өз елінде қаңғып қалмауы керек!" - деп, өжеттік танытады. Бұл кезде қас қарайып, ел тоңа бастаса да, ешкімнің алаңнан кеткісі жоқ. Бірте-бірте айқай-шу да көбейіп, шептегі солдаттар қаһарына міне бастады. Ұрып-соғу күшейді. Жастар қолына түскен затпен қорғана бастады. Арнайы көліктен атқылаған судың екпініне домалап жатқандар да бар. Жұртқа ұмтылған қабаған иттерді де көресің. Көппен бірге бір сүрініп, бір тұрып келе жатқан Розаның басына "дүңк" етіп, соққы тиіп, аузына жылымшы қан келеді. Ет қызулығымен елдің аяғына тапталмауды ойлаған ол бетін сүрте сала тұра қашады. Арттағы қуғыншылардың екпінімен зымырап келе жатқан қыздар алаңның шетіне жеткенде бір топ сақшылар алдынан шығады. Ішіндегі жанашыр біреуі "Қашындар, мына жаққа!" дегенше болған жоқ, жан-жақтан қоршап, бәрін қолға түсіреді де, "Целинный" кинотеатры артындағы милиция бөлімшесіне қамайды. Үсті-басы қан-жоса, бет-ауызы жырым-жырым Розаны сақшылар есіктен лақтырып кіргізеді. Іштегі қыз-келіншектер оны сүйеп әкеліп, қабырғаға отырғызады. Сол кезде бірге қамалған 54 қыздың оны Алматыда тұрады екен (Жақында Розамен сол топта бірге болған Сәуле Сатыбалдиева деген қыз кездеседі).
Тергеушілер оларды бір-бірден шақырып алып, кім ұйымдастырғанын сұрай бастайды. Ұру, соғу тағы да жалғасады. Оңтайлы жауап алу үшін Розаның да бұрымын қолына орап алып, бұрай бастайды. Ертеңіне бір қазақ тергеуші "Алаңға бізді ешкім бастаған жоқ, жағдайды естіген соң өзіміз бардық" деген жазуы бар қағазды әкеліп, білдіртпей көрсетеді. "Басқа артық ештеңе айтпаңдар" дегесін, қыздар оқып алған әлгі жауаппен шектеледі. Қыздарды бір күннен соң босатып, Роза ертесінде жатақханаға шала-жансар күйінде келеді. Қасындағылар көмектесіп, басындағы жарақаттың тоқтамаған қанын йодпен тоқтата бастайды. Келген жедел жәрдем оның алаңда болғанын естіп, алмай кетіпті. Кейіннен басына сақина пайда болып, кеудеден алған соққы омырау ауруына да шалдықтырады.
Сосын Роза факультет жиналысының талқысына түсіп, сөз кезегінде алаңға барудағы мақсатынан айнымағасын оқудан шығарылады. Кейін өзі оқыған музыка факультетіне қайта қабылданбай, Нәпиқа Қайырқызы деген азаматшаның көмегімен кітапхана факультетін оқып, тамамдайды. Кейін тіл-әдебиет факультетін де бітіріп, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ береді. Мұның өзі – өзге ұлтты қалайда иліктіріп, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге деген ұмтылыстың нәтижесі.
Ол өзі ұнатқан сырнай мамандығында оқып жүргенде, ойнап отырған аспабымен бірге жерге кұлап түседі. Сөйтіп, жиі талып қала бергесін, ол басынан өткен жағдайды ұстазы Сергей Константинович Ашлаковқа айтады. Ұстазы оны емханаға қаратып, №12 ауруханаға жатқызады. Розаның басынан алған жарақат қауіпті екенін дәрігерлер жасырып қалыпты. Кейін тұрмысқа шығып, тұңғышын босанарда да 21 күн реанимацияға жатады. Екі баласын да операциямен дүниеге әкеліпті. Әуелі олардың аман қалғанына куанып, екеуіне Есен, Аман деген аттар қойыпты. Кейін дәрігерлер босануына болмайтынын айтады. Омырауынан пайда болған түйін қатерлі ісікке айналып, үш рет операция, алты рет химия жасатыпты.
Денсаулықтың қадірін жете түсінген ол: "Балаларымның қолы ауызына жеткенше жүре тұрсам", - дейді. Кешегі азаттық жолында денсаулығына дейін сарп еткен қыздарымызды осылай деуге мәжбүрлеген уақыттың енжарлығына не дерсің? Желтоқсанға қатысты көмек былай тұрсын, кезінде 3-топтағы мүгедек ретінде алатын үш мың теңгеге де жолдасы Ақжүністі ертіп жүріп, зорға қол жеткізгенін айтады. Мұның бәріне де Желтоқсан оқиғасының тарихи бағасы мен статусын ала алмағанын кінәлайды.
"Желтоқсан ақиқаты", кітаптың идеясы мен
құрастырушысы – Бейсенғазы Сәдуұлы