БІЛІМ

"Досым қамалғанда қашуды жөн көрмедім": Желтоқсаншының басынан кешкен оқиғасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Желтоқсан оқиғасы кезінде азаттық үшін алысқан жанның бірі – Жүрсін Тастекеев. Ол әскери борышын өтегеннен кейін, ҚазҰУ-дың физика факультетіне оқуға түскен. Тастекеевтің тарихи оқиға кезіндегі әрекеті жайында Bugin.kz порталы мәлімет ұсынады.

1986 жылы жатақтың бір бөлмесінде Шымкент, Қызылорда және Ұзынағаштың жігіті бар, төртеуіміз теледидардан бастап, бөлменің керек-жарағын түгелдей сатып алып, бірге тұрып жаттық. 16-сы күні кешкі сағат тоғызда бөлмеге кірсек, теледидарды өшіріп қойған достарымның көңіл күйі түсіп отыр екен. Қысқасы, билік басында барды-жоғы он алты минуттық пленум өтіп, Д.А.Қонаевты орнынан алып, орнына Ульянов облысының басшысы Г.В.Колбинді тағайындапты. Олар "Колба" дей ме?" деп ызалана кекетіп қояды. Маңымызда Киров зауытының, ҚазПИ-дің, басқа да мекеме жатақханалары бар еді. Қарасақ, жастардың үлкен тобы шұбырып келеді. Жөн сұрап едік, олар болған жайға байланысты алаңға елдің жиналып жатқанын айтты. Дұрысы, Д.А.Қонаевтың өзі шығып, жұртқа мән-жайды түсіндіреді екен. Келе жатсақ, жол үстіндегі бір "Волга" автокөлігінен бір генерал шығып, бізді алаңға бастап барды. Алаңда адамдар көбейе бастапты. Біздегідей бір шерудің өзімен-ақ алаңның жартысы толып кетті. Алғашында соншалықты шиеленіс болған жоқ. Әлдебір уақытта ілулі радио қондырғылар өшірілді. Жастар "Менің Қазақстаным" сияқты ән салып, топ-топ болып мәселе талқылауда. Сақшылырдың қоршауы мен әскер саны көбейе берді. Сол кезде мінбеге көтерілген.Мұқашев, Камалиденовтардың тобындағы мықтының біреуі жастарға "Жатақханаға тараңдар, арты сендерге қиын болады" дегені бар ма, біреу жерден бір уыс қарды жіберіп қалды. Содан ұрыс күшейе түсті. Бәлкім, мұның орнына болған істі жан-жақты түсіндіріп, шешендікпен жеткізе білетін біреу шыққанда жастар тарап та кетер ме еді? Біз, біріншіден, бөтен біреудің басшы болуына қарсы болсақ, екіншіден, қазақ ауылында туып-өсіп, қалада орыс тілінің ауыртпалығын көргендіктен, сондай-ақ факультеттің қазақ бөлімінде оқысақ та, сабақ орысша жүргізіліп, тіпті, орыстың кемпірлеріне дейін бізді қорлағандықтан шықтық.

Он жетісі кешкісін өзім өмірімде көрмеген үлкен өрт сөндіргіш көліктер келіп, су шаша бастады. Судың екпіні алдына келген адамды үш метрге дейін ұшыратын түрі бар. Қашуға тура келді. Жастар оны таспен атқылап, терезелерін шағып, жұмысын тоқтатты. Сол-ақ екен "Разогнать!" деген бұйрық естілген бойда сақшылар мен әскерилер тарапынан үдемелі қуғын басталды. Мұның бәрі көрген түстей. Қарнымның ашқандығын да ұмытып, таңертеңнен түнгі саған он екіге дейін жүрдім. Көтерілісшілер мен сақшылар бірін-бірі кезектесе ығыстырады. Куғын күшейе түсті. Бізді алаңның шетіне дейін қуды. Алаңның бір шетіне "Урал" әскери жүк машиналарын дайындап қойыпты. Ұсталғандарды тиеп, Қаскелең, Шамалған жаққа апарып, ұрып-соғып, түсіріп кетіп жатыр. Онда барғандар қарны ашқасын қайта алса, амалсыз жатақханасына қайтады.

Ертесінде қайта жиналдық. Әрине, бір қызып алған адам тоқтамайды. Жатақхананың барлық есігін жауып, шығармай жатқасын, төтенше жағдайларға арналған есіктен шығып кеттік. Сонда менің бір таңғалғаным, кешегі Әлия, Мәншүктердей қазақ қыздарының қайтпас ерлігі болды. "Жігіттер! Намыстарың қайда? Неге қашасыңдар?" деп, бәзбіреудің қытығына да тиіп жатыр.

Кешкісін жатақханаға оралсақ, ол кезде жатақханада тұрмаса да, бірге оқитын курс комсоргі Құрманғазы Рахметов келіп: "Міне, екі күн болады, үшінші күнге созылса, үлкен мәселе болайын деп тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымы араласады екен, қалғанына да ұйымдасып шығайық", - деді. Сосын бүкіл курсты ұйымдастырып, плакаттар жазып, қозғалатын уақытты сабақ арасындағы үлкен үзіліске белгіледік. Екі топтың алпыс-жетпіс студентін ертіп, қазіргі A.Байтұрсынов көшесімен келе жатып, химия факультеті студентеріне айқайладық. Ешкім шықпады. Көп бөгелмей, Шевченко көшесіне жеткенде тоқтай қалған бір автобустан милициялар шығып, бәрін дүркірете қуып, ұстағанын дубинкамен ұрып, біз жан-жаққа қаштық. Ұсталған үш-төрт жігіттің ішінде Серік деген ұзынтұра жас жігіт бар еді. Оның қойнына тыққан плакаттары шашылып, сақшылардың қолына түседі. Содан қашып жүріп, Нұрлыбек деген жігіт екеуіміз алаңға келдік. Жол бойы арматурамен қаруланған орыстарды көрдік. Плакаттар арқылы сақшылар мұны Құрманғазының ұйымдастырғанын біліп те үлгеріпті. Құдайдың бары рас екен, сол жолы мені сақтады. Құрманғазы қамауға алынғанда бір қыз: "Осыны ұйымдастырғанның бірі сен емес пе? Сен неге ұсталмадың?", - деп намысымды қозғағандай болды. Көп ұзамай бір ақсақалдың сабағында тергеушілер мені әкетуге келіпті. Мұғалім: "Шақырсаңдар, арнайы "повесткамен" шақырыңдар!" - деп оларды қуып жіберді. Бірақ қасымдағылар жауапқа тартылып жатқанда, менің түк білмегендей тек жүргенім жарамас деп, өзімді-өзім ұстап беріп, жұртты таңқалдырдым. Бас прокуратураның тергеуінен шығып бара жатып, сақшылар шеңгеліндегі Құрманғазыны көрдім. Екеуіміз аз ғана сөйлестік. Ол қауіпсіздік комитетінің фото-альбомында менің суреттерімнің қаптап жүргенін айтып, қашуымды өтінді. Сосын сөйлесуімізден де күдіктенген тергеуші өзінен биіктеу шені бар адамға алып келді. Бірақ мен алаңда болғанымды мойындамағандықтан, ол да жібере салды.

Артынан әуелі комсомолдан, сосын университеттен қуылдым. Қауіпті сезген әріптестердің ақылымен ауылға тарттым. Уақыты келгенде факультет мені қайта қабылдамай, ат-тонын ала қашты. Оқуды одан әрі Совет саудасы техникумында жалғастырдым.

Дереккөз: "Желтоқсан ақиқаты" кітабы. Идеясы мен

құрастырушысы – Бейсенғазы Сәдуұлы