БІЛІМ

"Қазақ жастары өзге ұлт балаларының ішін жарды": Желтоқсаншыларға тағы қандай жала жабылды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Боташ Қажымов – желтоқсаншы, майор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Сол жылдары Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқып жүріп, Ақмола облысына қарасты Степногор қаласындағы 6636 әскери бөлімшеде прапорщик қызметін атқарған. Bugin.kz порталы оқырман назарына желтоқсаншының басынан кешкен оқиғасын ұсынады.

"1986 жылдың желтоқсан айының 17-күні болатын. Кешке қарай біздің батальонда ашық партия жиналысы өткізілді. Жиналыста әскери қызметшілер (ол кезде бәрі орыстар болатын) болды. Батальон командирі подполковник Георгий Школин намысқа тиді. "Қазақ жастары орыстардың пәтеріне есікті сындырып кіріп, оларды балкондардан лақтырды. Балабақшаларға еніп, ондағы қазақ емес ұлттардың балаларының іштерін жарып, ішектерін сыртқа шығарды. Олардың орнына мақта тығып, аяқтарынан ағашқа асып қойды" деген жала сөздер айтты. Қазақ жастары атына айтылған жалған айыптауларына мен одан әрі шыдай алмадым. 

"Сіздің бұл айтқаныңыз дұрыс емес. Мен өз ұлтымды жақсы білемін. Біздің жастар үлкенді сыйлайды, өзге ұлттарды қонақтай қадірлейді. Мұндай иттік әрекеттерге бармайды", - деп айтып салдым. 

"Қайдан білейік, бәлкім, сен де сондай шығарсың, өйткені соларды қолдап отырсың ғой", - деді кекесінмен.

"Алматыда алаңға шыққан ұлтшылдар емес, олар – сана-сезімі жоғары студенттер", - деп тағы айттым. Содан ашық айқас басталды. 

"Қазақстанды жергілікті ұлт өкілі басқаруға тиіс. Сырттан келген адам республиканы дұрыс басқара алмайды", - деп қасарыстым. Содан маған "ұлтшыл, шовинист, экстремист" деген жала жабылды. Төбеме қара бұлт үйірілді. Кеше ғана ойнап-күліп, достық рәуіште жүрген қызметтестерім менен сырт айналды", - дейді Боташ Қажымов.

Оның айтуынша, 20 желтоқсанда Целиноградтан полк командирінің орынбасары подполковник Подлесный келіп, түсініктеме жазғызған. Ол Қажымовтан неге әскер арасына іріткі салып жүргенін сұраған. Желтоқсаншы ойын толық қағазға түсірген. Сонда аға офицер C.Сурнин жаны ашып, түсініктемені жұмсартып жазғаның жөн деп ақыл қосқан. Бірақ Қажымов өз пікірінде қалған.

"Түсініктеменің сиясы кеппей жатып, Алматыдан бір полковник пен қос майор сау етіп жетіп келді. Әлгілер пікіріңді өзгерт деп ақыл-кеңес бергендей болды. Бірақ оларынан ештене шықпады. Енді маған қарсы шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі - менің жылы тонымды шешкізіп, сары аязға қарамастан жарты сағат саптық дайындығын өткізді. Артынша тағы жиналыс болып, мені "ұлтшыл", "экстремист" деп айыптады. Әрине, бұдан кейін мені әскер қатарында қалдырған жоқ. Бұл аз болғандай, сырттай оқып жүрген университет ректорына әскери бөлім басшылығынан арнайы хат жолданды. 1978 жылы наурызда мені оқудан шығару жайлы ректордың бұйрығы жарық көрді. Сондағы подполковник Подлесныйдың айтқан сөзі әлі есімнен кетер емес: "Егер сен журфакты бітірсең, онда мен погондарымды жұлып тастап, офицерліктен бас тартам!" - деп ант-су ішеді. Ол саяси жүйенің өзгермейтініне сенген. Өзгелер де солай ойлаған", - дейді желтоқсаншы.

Қажымов әскерден шығарылған соң, Целиноград облысы Сілеті ауданындағы Ақсутоғыз жылдық мектебіне жұмысқа орналасқан. Қолында мұғалімдік дипломы болған. Бірақ онда көп жұмыс істей алмайды. Өйткені соңынан "Б.Қожымов партия саясатына қарсы болғаны үшін әскерден қуылған. Оны ұстаздық жұмысқа алуға болмайды" деген хат келген.

"Осыдан кейін өзім туып-өскен Көкшетау облысына оралып, Көкшетау аудандық "За коммунизм" газетіне қызметке орналастым. Онда да көп тұрақтамадым, соңымнан баяғы полк хаты тағы келіп жетті. Қудалаудың құрығы жетпес алысқа кетейін деген оймен түкпірдегі Куйбышев (қазіргі Ғ.Мүсірепов) ауданына бардым. Мұнда "Вперед" газетіне орналастым. Бірақ көп ұзамай артымнан тағы да сол полк хаты жетті. Обалы не керек, редактор орыс жігіті Владимир Брюллев жаны ашып: "Редакцияда онсыз да кісі аз, орнына адам тапқанша оны шығара алмаймын",- деп, біраз қасарысты. Бір ағайымның үйіне барғанымда мені желкелеп үйінен қуып шықты. "Сені барлық жерде жұмыстан қуған, сені бәрі аңдып жүр. Көрінбе, кет! Бізге пәлеңді жұқтырасың", - деді. Ағам саяси жүйеден қатты қорықты.

Округтік "Баевое знамя" газетінің әскери тілшісі майор Сапарғали Жағыпаров: "Боташ, көресің, сендерді әлі ел-жұрт ақтайды, биікке көтереді", - деп еді… Бұл кез 1989-дың жазы еді. Мәскеуде Жоғары Кеңестің алғашқы сессиясының өтіп жатқан кезі. Бір күні теледидардан депутат Мұхтар Шахановтың әйгілі сөзі естілді. Оны бүкіл редакция болып тыңдады. Сөйтіп, мені жұмыстан шығару мәселесі өзінен-өзі аяқсыз қалды.

1989 жылы жартылай ақталып, университеттегі журфакқа қайта қабылдандым. Менің ақталуыма алғаш көмек көрсеткен халық ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыз болды. Университетті бітірген соң, дипломның көшірмесін "Сен журфакты бітірсең, погондарымды жұлып тастаймын" деп уәде берген С. Подлесныйға жібердім. Өз уәдесінде подполковник тұрмады", - деп еске алады Қажымов.

Желтоқсаншы университет бітірген соң да мекеме басшыларының көзқарастары өзгере қоймаған. Туған жері Көкшетауда көпке дейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрді. 1994 жылы 23 маусымда Көкшетау облыстық еңбек биржасының бастығы Д.Қазбеков облыстық әкімшілікке "Степной Маяк" газеті негізсіз жұмысқа қабылдамағаны жөнінде хат түсірді. Бірақ облыс басшылары ол хатқа мойын да бұрмаған. Екі қолға бір күрек табылмай, біраз жүрген. Атақты ақынның қайта-қайта талап етуімен 1994 жылы 12 шілде күні Алматы гарнизондық сотының шешімімен толық ақталады.

"Сонда әлгі есік түгілі тесігінен сығалатпаған мекемелер, мектептер, редакциялар мені жұмысқа өздері шақыра бастады. Ал мен әскери қызметіме кірістім. Сөйтіп, қуғынға ұшыраған.сегіз жылға жуық жұмыс өтілім қайтадан қалпына келтірілді. Шенім прапорщиктен майорға дейін өсті. Ақталған күннің ертеңінде Ішкі Әскерлер Бас Басқармасының кадр бөліміне кірдім...

...Әділет орнығуы үшін адамға көп нәрсе керегі жоқ: тек қана күнәсін мойындап, Пономаренко сияқты кешірім сұрау. Бірақ өз қандастарымыз 86 жылғы көтеріліске шыққан жастарды соққыға жығып, қудалағаны үшін сол орыс полковнигіндей бола алмады. Желтоқсандықтар жеке бастары үшін ештеңе талап етіп, сұрап жатқан жоқ, тек қана сол кездегі күш құрылымдары, партия қызметкерлері мен әр деңгейдегі билік басында болған адамдар ақиқатқа мойынсұнып, қателіктерін, жаңылыс басқандарын мойындап, халық алдында кешірім сұраса дейді.

Өкінішке қарай 20 жылдан артық уақыт өтеді, біздің Солтүстік Қазақстан облысының түкпірлері мен мекенжайларында да Желтоқсан көтерілісінің шындығын мойындағысы келмей отырған билік басындағы шенеуніктер баршылық. Оған 2006 жылы ақпан айында Айыртау ауданындағы Арықбалық селосына барып қайтқанымда өз көзім жетті. Сондағы оқушылардың алдында Желтоқсан көтерілісі туралы шындықты айтайын дегенде, мектеп директоры, село әкімі және оның орынбасары бірден қарсылығын білдірді. Әкім А. Мигельдің сөзі әлі құлағымда тұр: "Оқушылар желтоқсан оқиғалары туралы керек жағын біледі, ал  сіздің айтқаныңыздың еш қажеті жоқ!". Ал әкімнің орынбасары көрсеткен құжаттарыма сенімсіздікпен қарап: "Сіздің кім екеніңізді де білмейміз…" - деп соқты. 86-ның Желтоқсанының аязды түнінде алаңда қанға бөккен, жаны да тәні де жараланған, итке таланып, қорлық көрген барша бауыр-қарындастарымыздың алдында біз мәңгі қарыздармыз.

Бұл көтеріліс - тек жастардың ғана емес, сол кездегі елінің тәуелсіздігін аңсаған тұтас халықтың көтерілісі. Онымен біз мақтан етуіміз керек. Оған саяси және құқықтық әділ баға берілуі керек", - дейді майор, журналист.